Басты ақпаратМәдениет

УАҚЫТ ИІРІМІНДЕГІ ШЫҒАРМА



Өнер мен махаббат ешқашан ұлтқа да, дінге де бөлінбейді. Олар барша адамзатқа ортақ. Опера да сондай. Қазақ халқын бұл өнерден алыс деп айтқанымыз болмас. Өйткені Қазақстанда опера жанры ХХ ғасырдың 30-жылдары туды. Алғашқы опералық шығармалар музыкалық пьеса және драма түрінде қойылып, түгелдей қазақтың халық музыкасына, оның ән-күй байлығына негізделіп жазылды. Содан бері қазақ операсы қарыштап дамып, әлемдік деңгейге көтерілді.

Қазақ операсының қара шаңырағы – Алматыдағы Абай театрының елорда төріне гастрольдік сапармен келіп жатқанын бұған дейін де айтқанбыз. Өнер сапарының шымылдығы Гаэтано Доницеттидің ең жақсы операларының бірі «Дон Паскуалемен» ашылды. Операны Италиядан арнайы шақырылған Матэо Маццони деген көрнекті режиссер сахналаған. Сондықтан да шығар қойылымнан италия­лық атмосфера мен стильді байқамау мүмкін емес. Бейнебір орта ғасырдағы махаббат пен өшпенділікке толы қоғамның ортасына кіріп кеткендей боласың. Операда күрделі сценографиялық сюжетті құрайтын көптеген арнайы эффекттер мен «уақыттан-уақытқа ауысатын» қозғалыстар қамтылған. Классикалық симфония заманауи технологияның сүйемелдеуімен керемет үйлесім тауып, бейнепроекциялармен толықтырылған. Дәл осы шығарма өзіміздің «Астана Опера» театрының қоржынында да бар. Бірақ ол кіші залға арналып қойылғандықтан, дәл Абай театрының қо­йылымындай ауқымды емес. Операға жиналған астаналық көрермендердің қатары да көп. Барлығы өнер кешін асыға, сағынып күткендей.

Доницеттидің «үш бөлімді драма-буффа» деп өзі атаған операсының сюжетінде, көрермендер бас кейіпкерлер – қарт Дон Паскуалемен (Таир Тәжі, Ілияс Артағалиев), оның жас жиені Эрнестомен (Дамир Садвакасов, Артур Габдиев), айлакер дәрігер Малатестамен (Эмиль Сакавов, Олег Татамиров) және Норина сұлумен (Зарина Алтын­баева, Анастасия Кожухарова) кездеседі.

Норина сұлудың рөлін сомдаған танымал әнші Зарина Алтынбаеваның кәсіби шеберлігі мен харизмасына таңданбау мүмкін емес. Үш ер азаматтың ортасында жүріп, әйел затының барлық мінез-құлқын, болмысы мен сұлулығын толықтай паш етеді. Жетпістегі Дон ­Паскуалеге тұрмысқа шықса да, өз махаббаты үшін соңына дейін күреседі. Операдағы тағы бір ерекше тұстардың бірі қарт Дон Паскуаленің рөлін жас актер Ілияс Артағалиев сомдайды. Атақ пен махаббатқа құмартқан шалдың жас қызды әйелдікке алған ашкөздігі мен барлық байлығымнан айырылып қаламын деген қорқынышын әртіс тек әуенмен ғана емес, эмоциямен де көркем бейнелей білді. Сонымен қатар әртістер тек қана сахнада өнер көрсетпей, кейбір ария­ларды көрермен ортасында орындады. Бұл да қойылым атмосферасын жақын сезінуге әсер еткендей.

Қойылымда декорация мен 3D форматындағы жарықтандырудың соңғы жетістіктері пайдаланылған. Сонымен бірге спектакль барысында үш дәуірдің өзара алмасуы ерекше қарқынмен жеткізіледі. Бұл әсіресе ­костюмдер мен декорация­ларда айрықша көрініс тапты. Жалпы осындай қызықты режиссерлік қадамдар жасалып, тіпті көрерменмен өзінше бір интерактивті байланыс болды.

Матэо Маццони бұл операны бүкіл тарихта өткен ғасырлардағы әйелдерді азат ету символы ретінде Норинаның көзімен қарау деп түсіндіреді. Осы арқылы бүгінгі көрермен 1800 және 1950 жылдар аралығына саяхат шегіп, бүгінгі 2021, яғни заманауи Италия сән-салтанатының ортасына тап келеді.

Көктем ҚАРҚЫН




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button