Уәлибек ӘБДIРАЙЫМОВ: ТIЛIМIЗДI ДАМЫТПАЙЫНША, КҮЛКIМIЗ САЛМАҚТАНБАЙДЫ

0 174

Бәрi елiктеуден басталады дейдi ғой. Өзiңiз өнер жолында алдыңғы толқыннан кiмге елiктедiңiз?
Жанар, оқушы

– Тамашаның тарланы – марқұм Құдайберген Сұлтанбаев ағамыздың өнерiн үлгi еттiм.

Бүгiнде сатиралық театрлар көп. Бiрақ, солардың халыққа ұсынып жатқанына кейде қарның ашады. Кейбiреуiне, тiптi, күле де алмайсың. Сiздiңше, осы әзiлдiң тым төмендеп кетуiнiң себебi неде?
Сұңғат Сартай, студент

– Бiрiншiден, бiзде театрлардың әр қойылымын бағалап, байыптап отыратын сыншылар өте аз. Мысалы «Терiсқақпай» не айтты? Идеясы қандай болды? «Нысана» ненi көздедi? «Шаншар» кiмдi шаншыды? «Мына әзiлден түк түсiнбей, жай ғана күлдiк. Ал, мынаған күлмесек те iштей риза болдық» деп жетер жерiне жеткiзiп тұрып жазатын сыншыларымыз жоқ. Мiне, сондықтан, әркiм өз бiлгенiн жасап жатыр. Жоғары жақтағылардан да бiздi сынап жатыр екен деп қадағалап жатқан ешкiм жоқ. Осындай сахна мәдениетiн бiлмейтiндердiң кесiрiнен, сыншыларымыздың аздығынан, қадағалап жатқандардың жоқтығынан әзiлдiң сапасы төмендеп кеттi деп ойлаймын.

Уәли аға, маған сiздiң әзiлдерiңiз қатты ұнайды. Сұрайын дегенiм, бала күнiңiзде қатарластарыңыздан өзгешеленiп тұратын ерекшелiгiңiз болды ма?
Данагүл Сапарова, студент

– Әрбiр адамға өзiнiң балалық шағы керемет тәттi. Мен өзiмдi ерекше бала болып өстiм деп айта алмаймын. Себебi, мен отбасын­дағы ортаншы ұл болдым. Алдым­да аға-әпкелерiм және соңымнан ерген iнi-қарындастарым болды. Сондықтан болар, мен ата-анам­ның ерке баласы болмадым.
Жас күнiмде гитараға қатты әуес болдым. Гитараны қораның үстiн­де тығылып отырып үйренетiнмiн. Оны көрiп қойса, әке-шешем ұры­сатын едi. Күреске де қатты қызы­ғатынмын. Адам бала күнiнде көп дүниенi армандайды ғой. Ал менiң сол бала күнгi пәк армандарымның бiрi – осы өнер едi.

Өзiңiздiң бiр сөзiңiзде «Әкем заңгер болуымды қалап едi. Менiң әртiстiкке кеткенiмдi жақтырмады. Теледидардан «Шаншардың» концертi берiлiп жатса, бiрден басқа арнаға ауыстырып жiбередi» деген едiңiз. Әкеңiз әлi күнге дейiн райынан қайтқан жоқ па?
Құрмаш Өтегенов, студент

– Әке-шешемнiң көзқарасы бойын­ша, мен ауылдан кетпей, әртiстiк жолды қумай, жандарында жүргенiм дұрыс едi.
Ал, ендi бүгiнде әкемнiң «Менiң балам әртiс» деп мақтанбауы мүмкiн. Бiрақ,  танымайтын адамдарға өзiн таныстыру үшiн, «Мен «Шаншардағы» Уәлибектiң әкесiмiн» дейтiнi анық. Сол үшiн ғана «Шаншардың» атын пайда­ланатынын жақсы бiлемiн (күлiп).

Отбасыңыз туралы айтыңызшы? Балаларыңыздың iшiнде «әке жолын қуғаны» бар ма?
Тұрар Еңсепов, оқырман

–Университет бiтiргеннен кейiн, ата-анам менiң тез арада және жылдам үйленуiмдi қалады. Содан, Гүлзада жеңгемнiң «Осындай қыз бар. Мектептi жаңадан бiтiрген. Ресей жерiнде оқып келген. Өзi дүкенде жұмыс iстейдi. Өте сыпайы, отбасы да тәрбиелi, саған лайық» деп айтуы бойынша бiр қызбен танысатын болдым. Жеңгем қызды үйге тамаққа шақырды. Содан таныстық. Сөйтiп, Аллаһ нәсiп етiп, болашақ жарым Жанармен отбасын құрдық. Үйленген соң, сегiз жылдай ауылда тұрдық. Төрт ұлымыз бар.
Мен балаларыма барынша қазақи тәрбие беруге тырысамын. Өздерiнiң қазақ екенiн бiлiп және соны мақтан тұтса екен деп ойлаймын. Сондай-ақ, балаларымды ептеп спортқа баулығанды қалаймын. Екi ұлымды күреске бердiм. Ең үлкен ұлым – Фархат, екiншi ұлымыз – Мақсат, одан кейiнгiсi – Алмат, кенжетайымыз – Рахат.
Алматтың бойында аздап юморлық қасиет бар. Рахат та шамалы күлдiре бiледi. Бiрақ, таңдаған мамандықтары әртүрлi. Ешқайсысы нақты сатирик боламын деп шешкен жоқ.

Сатирик ретiнде қандай мәселеге қатты алаңдайсыз? Қабырғаңызды не қайыстырады?
Тұрар Сағат

–Мен әрбiр концерт бiткен сайын «Ағайындар, елдерiңiзде, отбастарыңызда, әулеттерiңiзде күлкi көбейсiн! Бiрақ, күлкi тек қана қуаныштан болсын!» деп айтамын. Себебi, неше түрлi күлкi бар ғой! Күлкiнiң түрлерiн Үмбетбай Уайдин ағамыз әдемiлеп талдап тастаған. Қазiргi заманның күлкiсi шамалы арзандау болып тұр. Бұрынғы Оспанханның, Асқардың кезiндегiдей астарлы, әдемi бiр күлкi болып жатқан жоқ. Оның себебi неде? Себебi, бiздiң елде тiл дамымай тұр. Ал халықта тiл тоқырап қалмауы керек. Қазақты жоғарыдан өз ана тiлiнiң байлығымен байытып отыратын болсақ, күлкiмiзге де әдемi жерлерден орын табылатын едi. Бұлай жалғаса бер­се, бет-аузымызды тыржитып алып, кiшкентай дүниеге күле салып жүре беретiн боламыз да.

Сiздi соңғы кездерi Хабар арнасындағы «Әзiл кеш»  бағдарламасының жүргiзушiсi ретiнде көрiп жүрмiз. Бұл идеяны сiзге телеарна басшылығы  өздерi ұсынды ма?

– Гастрольдiк сапармен барғанымда «Хабардың» басшыларына жолығып, «Әзiл кеш» деген жаңа жобамды ұсынып едiм, қуана келiстi. Себебi, телеарнада «Дударайдан» өзге көңiлдi жоба қалмапты. Оның үстiне әрi автор, әрi режиссер, әрi жүргiзушiлiк мамандық бiр басына тоғысқан әмбебап маманға зәру екен. Уақыттың тығыздығына қарамай, Жүсiп екеумiз қосақталып жүрiп талай санын түсiрiп үлгердiк. Бұрынғы «Қымызхана» ойын-сауық отауы сияқты «Әзiлханада» түрлi тақырыпты қаузап, ара-арасында қоғамдағы кем-кетiктi сын садағына iлiп отырамыз. Көрермендер сахнадан көрiнбей кеткен әртiстермен осы бағдарламада қайта қауышады.

Адам баласының бойынан қандай қасиеттердi көргiңiз келедi? Қандай қасиеттердi жақтырмайсыз? Өз мiнезiңiз қандай?
Ақнұр Шекербекова,  студент

– Мен адамдардың бойынан ең әуелi, адалдықты, қарапайымдылықты көргiм келедi. Өнер саласындағы бойында рухы, намысы, бiлiмi, ақылы бар әрiптестерiмдi қатты қадiрлеймiн. Жек көретiнiм – екiжүздiлiк, жағымпаздық. Болсын-болмасын өзiнiң бас пайдасы үшiн жағымпазданатын адамдарды ұнатпаймын. Менiң мiнезiмдi жанымда жүрген адамдардан сұрау керек. Бiрақ, өзiме ұнамайтын қасиеттерiм бар. Кейде, шектен тыс мақтанып, асыра айтып қоямын. Асыра мақтанған жерде, мiндеттi түрде өтiрiк кетiп қалады. Осы мiнезiмдi өзiм де байқаймын.

-Қашан көрсек, Жүсiп аға екеуiңiздiң жұптарыңыз жазылмайды. Өмiрде де осындай доссыздар ма?
Гүлназ Таңатова

– Жүсiп екеумiз 1988 жылдан берi сахнада бiрге келе жатырмыз. Негiзiнде, сахнадағы әртiстiк өнердi мен Жүсiптiң арқасында үйренгенмiн. Жүсiптiң ең бiр бағалы қасиетi – ешкiмге қастығы жоқ, адал адам.

Ел арасында «Шаншардан» Нұржан Төлендиев кеткен соң, оның орнын алмастыратын актер болмай қалды» деген пiкiрлер көп айтылды. Бұған не дейсiз?
Жасұлан Өтешов, оқушы

– Әр актердiң ешкiм ауыстыра алмайтын өз орны бар. Осыны мойындау керек. Мысалы, Нұржан Жүсiптi келтiре ала ма? Сол сияқты мен де Нұржанның образын келтiре алмаймын. Сондықтан, әрқайсысының орны бөлек. Соны адам дұрыс түсiне бiлуi керек. «Нұржан кетiп қалды екен» деп, бәрiмiз қолымызды төбемiзге қойып, театрды жауып кетiп қалуымыз керек пе екен? Қалған актерларға обал емес пе? Кiм бiлсiн, мүмкiн, Нұржаннан да мықты актерлар бар шығар? Сондықтан да, әр көрерменнiң өзiнiң ойынан шығатын сүйiктi актеры болады. Оған үлкен түсiнiстiкпен қарау керек.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 5 =