Тышқан жылы – тың тіршілік бастауы

0 37

Қазақ ұғымында «молшылықтың, тоқшылықтың жылы» саналған доңыз жылын да шығарып салып, енді, міне, тышқан жылын қарсы алғалы тұрмыз. Дегенмен доңыз бен тышқан жылының өліарасы бүкіл әлемге оңай соққан жоқ. Жаһанды жайлаған індеттің өршіп, мұнай бағасының құлдырауын «қара киіктің» қорс етпе мінезіне балап жатқандар да бар.Қазақ ұғымында Әз-Наурыз жыл басы болса, Шығыс халықтарының «жыл қайыру» есебі бойынша биылғы жаңа жыл жыл басы – тышқанға тура келіп тұр. Он екі жылды бір мүшел деп есептеп, әр жылды жан-жануардың атымен атаған халқымыздың танымында терең мифологиялық және астрономиялық мән жатыр. Ал мифологияда барша Шығыс халықтарына ортақ аңыз бойынша жан-жануарлардан айласын асырып, жылды (күнді) бұрын көрген тышқан жыл басы болады да, бойына сенген түйе жылдан құр қалады. Алайда соңғы кездері қазақтың жыл қайыру есебін зерттеген кейбір ғалымдар жыл басының да ауысып тұратынын айтып, қазақта жыл басы «қамбар» (жылқы) болған деген де уәж айтады.
Қазақ халқында тышқан жылының сипатына болған көзқарас та әртүрлі. Кей өңірлерде тышқан жылын береке, ырыс, татулық пен тыныштықтың жылы деп қараса, ал кейбір өңірлерде тышқан жылы қуаңшылық болады, қазақ даласындағы кейбір зұлматтар да тышқан жылы болған дегенді алға тартатындар да кездеседі. Тышқан жылы тың өзгерістер туады, жаһанда жаңалықтар болады деп қарайтындар бар. Тарихта Қазақ хандығының да осы жылда құрылғанын ескерсек, жалпы халқымыз үшін тышқан жылы тым жаман болмаған секілді.
Халқымыз тышқан жылы туған балаларды еңбекшіл, төзімді, пысық болады деп қарайды.
Қалай болса да тышқан жылы халқымыз­ға құт, даламызға ырыс әкелсін, өршіген індеттің беті тез қайтып, мамыражай тірлік болсын деп тілейік.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 5 =