Тышқан аңдыған мысық секілдіміз

Айтпайын-ақ деп едім...

0 72

Елімізде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде біраз іс-шаралар атқарылды, әсіресе халыққа қызмет көрсететін орталықтың жұмысы жанданды. Адамдар сарылып кезек күтпей, қолдағы ұялы телефонмен біраз шаруаны тындыруды үйренді. Қазір жаңа ғасыр жаңалығы бірқатар салаға дендеп енді деп айтуға болады. Екі жыл бұрын елордада балабақшаға жолдама алу да электрондық жүйеге көшті. Осы өзгеріске өзім қатты қуандым. Өйткені үлкен қызымның жасы келсе де, кезегі келмей, оны біраз күтіп, балабақшаға қолымыз әрең жеткен еді. Соның зары өтіп кетті ме, енді жолдама алу жеңілдер деп ойладым. Сөйтсем, ерте қуаныппын. Неге дейсіз ғой… Айталық.

Жазда ұлым екіге толды. Енді келіншегім жұмысқа шығатындықтан оны балабақшаға берейік дедік. Кезекке де тұрып қойғанбыз. Жолдаманы indigo автоматты жүйесі арқылы аласыз. Мұнда қаладағы мемлекеттік балабақшалардағы бос орындар көрсетіледі. Бірақ осы «бос орынға» қол жеткізу өте қиын. Міне, екі айдан бері зайыбым екеуміз таңғы алты жарымнан тұрып, телефонға үңілеміз. Бейнелеп айтқанда, тышқан аңдыған мысық секілдіміз. Тура сағат таңғы 7:00-де балабақшадағы екі-үш бос орын жылт етіп шығады да, әп-сәтте жоқ болады. Кей күндері мүлде жолдама болмайды. Мәселен, өткен аптада 50-ге жуық мемлекеттік тапсырыс алатын жекеменшік балабақшадағы бос орындар шықты, соның бәрі 20 секундқа жетпей жоқ болды. Телефон нүктесін басуға үлгермедік. Аталған жүйедегі «техникалық көмекке» де жүгіндік, одан да нәтиже болмады. Амал жоқ, қазір баламды бірде қаланың шетіндегі ата-енемнің үйіне, енді бірде көрші әжейге, ол болмағанда биыл бірінші сыныпқа барған қызым екеуін үйге тастап кетіп жүрміз. Ал жекеменшік балабақшаға берейік десек, оның бағасы «аспандап» тұр.
Тағы бір байқағаным, жалпы Есілдің сол жағалауындағы балабақшалардан жолдама алу мүмкін емес. Өйткені олар жүйе­ге өте сирек шығады. Қайта, шаһардың шет аймақтары – Ильинка, Мичурин, Интернационал тұрғын алабындағы балабақшадан орын алуға мүмкіндік көп.
Қорыта айтқанда, бұл электрондық жүйені әлі де жетілдіре түсетін тұсы көп. Өйткені онда жолдама алғандардың саны, оны кім алғаны нақты көрсетілмейді. Содан келіп күмән туады. Бәрі де ашық болған жөн. Бұрын жаңа жүйе­ге дейін балабақшаға орынды Білім басқармасы құрған комиссия анықтап, жолдаманы сол берді. Электрондымен бірге бұрынғы жүйе де жалғасын тапса деймін. Өйткені ата-анада таңдау болу керек.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 + eighteen =