«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тыңгерлер сарайы

0 210

«1963 жылғы 6 қазан күні Целиноградта Тыңгерлер сарайы салтанатты жағдайда ашылды. Оған екі жарым мыңнан астам адам қатысты. Сарайға жұрттың бәрі қатты қайран қалды. Оның Қазан төңкерісінің 46 жылдығына арналған тамаша тарту болғаны айтылды. Шынында ғажайып көрермен залы, фойесі, орасан зор айналы терезелері, тепкішектері, мозаикалы паннолары, мәрмар бағандары бар ғимарат бір-бірімен ұштасып келгенде, әрі жеп-жеңіл, әрі әдемі болып үйлесіп, керемет жарқырап көрінер еді.

 

Сол күні кеште киевтік жас инженер Анатолий Казаренко мен қаланың байырғы тұрғыны, бірінші Ақмола уезі совдепінің бұрынғы қызметкері Кәрібай Кенетаевтың арасында қызықты әңгіменің арқауы тарқатылды. Инженер:
– Бұл – өзінің толық мағынасындағы нағыз салтанат сарайы. Бізде, Киевте мұндай ғимарат жоқ. Киевтіктер сіздерге қызығатын болды, – деді.
КСРО География қоғамының толық мүшесі, көптен бері осы қалада тұрып келе жатқан жазушы Андрей Дубицкийдің 1965 жылы Алматыда «Қазақстан» баспасынан шыққан «Где течет Ишим» деген кітабының ілкі беті осындай жолдармен ашылады.
Жасыратыны жоқ, көп жылдар бойы Целиноградтың мақтанышына айналып келген мәдениет сарайы Кеңес Одағының сол кездегі бірінші басшысы Никита Хрущевтің тікелей пәрменімен өмірге келген еді. Кеңес Одағының сол тұстағы көсемі Қазақстанның солтүстік бөлігіндегі жазиралы атырапқа алғаш рет 1961 жылы ат басын бұрды. Ол келген бойда шаһардың іргесіндегі Вишнев ауданының «Ижевск» кеңшарын аралап, Бүкілодақтық астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының тәжірибе шаруа­шылығымен танысты. Осыдан кейін Ақмолада республика ауыл шаруашылығы құрылымдары басшыларының, өндіріс озаттарының қатысуымен партия­-шаруашылық активі жиынын өткізбекші болды. Оған соның алдында ғана өзі болып келген Ресейдің Алтай өлкесінің, Свердлов, Челябі, Новосібір, Омбы, сондай-ақ Қорған және Орынбор облыстарының өкілдері де шақырылды. Қалада қонақтардың толық сыйғыза алатындай қонақ үйлер болмағандықтан, олар стансада тұрған өздері мініп келген вагондарға аялдады.
Қолайсыздық мұнымен де тынбады. Ең бастысы, күллі Целиноградта мұндай зор алқалы жиынды өткізетін бірде-бір ыңғайлы орын табылмады. Сондықтан қаланың терістік бөлігінде орналасқан өндіріс аймағындағы залдардың бірін пайдалануға шешім қабылданды. Атап айтқанда, теміржол үстіне салынған аспалы «бүкір көпірдің» арғы бетіндегі «П» деп аталатын бекетті осыған бейімдеу шұғыл түрде қолға алынды.

Н.С.Хрущев бастап келген делегация құрамында бұрын көп жылдар Одақтың көмір өнеркәсібі саласын басқарған, сол кездері құрылыс және құрылыс материалдары министрі болып отырған Александр Засядько да бар еді. Жиын аяқталғаннан Никита Сергеевич соған бұрылып келіп:
– Бұдан былай мұндай жиналыстар бұл жерде жиі болып тұрады. Сондықтан Целиноградта жақсы мәдениет сарайын салу керек, – деді.
– Никита Сергеевич, өте керемет сарайдың үлгісі Ригада тұр, – деп жауап қатты министр іле-шала. – Сыйымдылығы – 2360 орындық, сахнасы үлкен, залы мен балконы, вестюбелі және басқа да қосымша бөлмелері бар.
– Болса, мінекей, прибалттардан соның жобасын алыңдар да, тездетіп осында әкеліп салыңдар. Құрылыс жұмысын өзің бақылауыңа аласың! – деді сонда бірінші хатшы сөзді көп созып жатпай.
Н.С.Хрущев Целиноградқа бұдан кейін 1964 жылдың тамыз айында келді. Облыстың бірқатар кеңшарларын аралаған ол тағы да осында республика ауыл шаруашылығы өндірісі озаттарының партия және кеңес органдары өкілдерімен толықтырылған үлкен жиынын өткізуге шешім қабылдады. Бұл жолы жиналыс су жаңа Тыңгерлер сарайында өтті. Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев сөйлеу үшін сөз кезегін Никита Хрущевке берген кезде зал шапалақталған қолдардың дуылынан жарылып кете жаздағандай болды. Мұның мынадай керемет сарай салынуына мұрындық болғаны үшін жұрттың көсемге көрсеткен құрметі екені түсінікті еді…
Қала тарихының деректеріне қарағанда, сонау 50-ші жылдардың басында бұл жерге «Родина» атты жазғы кинотеатр салынған екен. Бірақ ғұмыры тым ұзақ болмапты. Ол 1961 жылы тыңгерлерге арналған аталмыш мәдениет сарайын салу үшін түгел сүріліп тасталған. Сөйтіп, 1960 жылғы желтоқсанда құрылған Тың өлкесінің 1961 жылғы нау­рызда Целиноград атанған орталық қаласында жаңа ғимараттың құрылысы қызу басталып кетті.

Қала тарихының деректеріне қарағанда, сонау 50-ші жылдардың басында бұл жерге «Родина» атты жазғы кинотеатр салынған екен. Бірақ ғұмыры тым ұзақ болмапты. Ол 1961 жылы тыңгерлерге арналған аталмыш мәдениет сарайын салу үшін түгел сүріліп тасталған. Сөйтіп, 1960 жылғы желтоқсанда құрылған Тың өлкесінің 1961 жылғы наурызда Целиноград атанған орталық қаласында жаңа ғимараттың құрылысы қызу басталып кетті

Жаңа мәдениет сарайының құрылысы А. Фогелс, О. Крауклис және Д.Даннеберг атты латыш архитекторлары бірлесіп жасаған жоба бойынша қолға алынды. Ол өте қысқа мерзімде салынып бітті. Сарайдың көрер­мен залына 2500 адам сыйып кететін еді. Демек, ол өзінің Ригадағы нұсқасынан да асып түседі. Талай түрлі шара өткізуге бейімделіп жасалған осындай үлкен залы бар, сыртқы келбетінің өзі өзгеше бұл ғимарат бірден қаланың ең көрікті орнына айналды. Онда 1200 жарық беруші шырағдан, 82 дауыс күшейткіш жабдық орнатылды. Киноаппараттар бөлмесіне 10 проектор қойылды. Ал киноэкранның көлемі 34х13,1 метрді құрады. Холда Одақтың барлық түкпірлерінен алынған экзотикалық өсімдіктер мен шағын бұталар өсіп тұратын ботаникалық бақ қанат жайды. Сонымен бірге кезінде ғимараттың өжіресінде әуе шабуылы кезіндегі қорғаныс қамалы ретінде жабдықталған бункер де, Н.С.Хрущев келгенде демалуы үшін дайындалған қоныс та болған екен. Кейін олар санитарлық тораптар орналасатын бөлмеге айналдырылған.
Тыңгерлер сарайы кинофильм­дер көрсетіліп, концерттер қойылуға лайықтанып жасалды. Бұдан бөлек, онда демалыс және би сағаттары, Жаңа жылдық кештер өтіп тұрған. Алғашқы айлары қаладағы түрлі мекемелер, кәсіпорындар, цехтар мен мектептер жұртшылық үшін әртүрлі шаралар ұйымдастырған.
Сарай ғимараты 1982 жылы республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне енгізіліп, мемлекет қорғауына алынған. Оның кескін-келбеті 1998 жылы түбірінен өзгертіліп, оған «Конгресс-холл» деген жаңа ат берілді. Сол жаңғырту кезінде ондағы амфитеатр алынып тасталды. Осыған орай мәдениет үйінің ауқымы біршама ықшамдалып, залдың сыйымдылығы 1600 орынға түсті. Мұның есесіне, дизайны жақсарып, ыңғайлылығы артты. Бірақ ғимарат өзінің бұрынғы акустикасын жоғалтып алды. Ал таяу уақыттан бері ол «Астана» концерт залы» болып атала бастады.

Серік ПІРНАЗАР

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды