ТЫҢ ЖОБА ЖАСТАРДЫ БІРІКТІРЕДІ

0 165

Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаевтың төрағалы­ғымен «А35» және «А84» жобасын талқылау бойынша кездесу өтті. Басқосуды қалалық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен «Астана жастары» ресурстық орталығы бір­лесіп ұйымдастырды.

Ермек Аманшаевтың айтуынша, өскелең ұрпақтың мәселесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Интернет дамыған қазіргі кезде жастардың мәселесіне үлкендер ғана емес, өздері де бейжай қарамауы керек. Сондықтан да ол 35 жоғары оқу орнының студенттері мен 84 орта мектепте оқып жатқан оқушылар үшін іске асып отырған жобаның маңызы жоғары екенін айтты.

Ал қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Асхат Оралов болса, «ЭКСПО-2017» көрмесіне елорда жастары зор үлес қосқанын тілге тиек етті. Мәселен, жастар маңызды шара кезінде ерікті болу арқылы елімізді шетелдіктерге жақсы қырынан көрсете білді.

– Елорда жастары халықаралық көрме кезіндегі белсенділігін бәсеңдетпей, керісінше одан сайын арттыра түседі деп үміттенемін. Өйткені Астана жалындаған жастардың қаласы екені көпшілікке белгілі. Мәселен, «А35» жобасы арқылы елордадағы оқу орындарын басын біріктіргіміз келеді. Өйткені студенттер жеке-дара жүрмей өздерінің мәселесін осы жерде талқылауға мүмкіндік алады. Ал «А84» жобасы қаламыздағы 84 мектептің басын біріктіріп жұмыс істеуі үшін құрылып отыр. Себебі бүгінде мектеп қабырғасында оқып жатқан оқушы ертең Астананың белді жастарының бірі болады. Сондықтан да біз мектеп оқушылары мен студенттердің басын біріктіретін жобаны жүзеге асыруды қолға алып отырмыз, – дейді ол.

Жиында оқушылар мен студенттер сөз алып, өздерінің ұсы­ныс тілектерін жеткізді. Ермек Аманшаев жиында айтыл­ған ұсыныстар назардан тыс қалмайтынын айтты.

Серік  ЖОЛДАСБАЙ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − 15 =