ТЫҢ ТАБЫСТЫРҒАН ТАҒДЫРЛАР

0 162

гаухар

Өткен маусымның орта шенінде елордалық Александр Сергеевич пен Вера Андреевна Карелиндер шаңырақ көтергендеріне алпыс жыл толғанын атап өтті. Гауһар той иелерін құтықтаушылар көп болды. Балалары, немерелері, шөберелері, туыс-жекжаты түгел жиналып, ақ тілектерін айтты.

Той үстінде қадірлі қариялар зырылдап өте шыққан жылдар белесіне көз жүгірткен еді. 1954 жыл, жиырмадан ғана асқан кездері еді. Челябіде ауыл шаруашылығы институтының түлегі Сашаның қолында тың игеруге жіберген жолдама бар. Жас педагог, сыныптасы Вераға үйленген күні ертеңіне Ақмола облысы Астрахань ауданына келіп жетті. Жас жұбайларды жаңадан ашылған «1 май» сов­хозына бөлді. Жасампаздықпен түлеген жердегі жаңа өмірі осылай басталып еді. Қос тағдыр тыңмен бірге көтеріліп, құнарлы жерде өсіп-өнген бәйтеректей мәуелеп, үбірлі-шүбірлі болды. Қазір екеуі де құрметті зейнеткер.

– Өзге балаларды тәрбиелеп жүргенде, өз балаларымның қалай өскенін білмей қалыппын, – дейді Вера Андреевна. Расында да, ол кезде еңбек адамының өз жұмысына көзқарасы өзгешелеу еді. Жауапкершілік пен өз ісіне адалдық адамның қоғамдағы өмірінің тірегі болатын. Ауыл шаруашылығы саласының қарбалас жұмыстары отағасының тұрмыстық мәселелерге мойын бұруына мұршасын бермейтін. «Бірақ Верадай сенімді «қорған» тұрғанда алаңдамаушы едім» дейді ардагер. Бала тәрбиесімен айналысып, жауапты қызметтегі күйеуінің алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасау Вера Андреевнаның мойнында болды. Александр Сергеевич зейнетке шыққаннан кейін зайыбының міндеттерін тең бөлісуге тырыс­ты. Әрдайым балдан тәтті немерелері мен шөберелері жанында жүреді. Үш баласы да мейірімді болып өсті. Әлі есінде, тұңғыш қызын балабақшаға баруға көндіре алмай-ақ қойғаны. Анасының көзін ала бере, көршінің балаларымен ойнап кететін. Сонда туғанындай болып араласатын көршісі «бес бала бар жерге алтыншы бала да сыяды, бірге ойнай берсін» деп, қыздарына да бас-көз болушы еді. Көп балаға бауыр басқан қыз тілегі қабыл болды ма, ізінше інісі мен сіңілісі дүниеге келіп, Карелиндер базарлы отбасына айналды. Олар ешқашан балаларының көзінше бірін-бірі сөгіп, қатты сөйлеп, ұрсыспағанын айтады. «Кез келген отбасының шырқын бұзатын нәрсе – бірін-бірі құрметтемеуден, – дейді Сергей Александрович, – Ата-анасы көрсеткен өнеге – тәрбиенің басты кілті». Отағасы ойын осылайша түйіндейді. Шынайы, алғаусыз құрмет, сыйластық балаларының туған ұясынан алып ұшқан ұлағатына айналды. Олардың да үлгілі отбасын құрып, қатар-құрбысына сыйлы болуының бастауында Александр Сергеевич пен Вера Андреевнаның үлгісі мен өнегесі жатыр.

Карелиндер отбасының тағы бір тамаша дәстүрі бар. Тыңда бастау алған, осы жерге кіндігі байланған қариялар жердің құдіретін сезіне білді. Бір мезет ен далаға шығып, ұшы-қиыры жоқ жердің төрінде дем алмаса, тынысы тарылғандай сезінеді. Немерелері ата-әжелерінің осы жайын біліп, қолы қалт етсе табиғат аясына апаруға тырысады. Ала жаздай саяжайда болып, жер баптаған қариялар ұзақ өмір жасаудың да, тату-тәтті өмір сүрудің де бар құпиясы еңбекте деп біледі.

«Осыншама жыл қазақ жерінде тұрып, қазақ тілін игермегеніміз үшін ұяламыз» дейді ақсақал. Александр Сергеевичтің үлкен басын иіп, білместігін айтып төменшіктегенін де кішіпейілдіктің, парасаттың белгісі деп қабылдадым.

– Қазақтарға алғысымыз шексіз, осы жерде ешқандай бөтендік көрген жоқпыз, ешкім шеттеткен жоқ. Тың жеріндегі алғашқы қадамымыз сәтті болып, міне, сексеннің сеңгірінде елорданың төріне шығарған тағдырымызға дән ризамыз, – дейді қариялар батасын беріп.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 1 =