Тың өлкесінің Левитаны

0 97

батя-1

Қатарымызда жүрген адамдар жайлы бірер ауыз сөз пікір айту үшін, алдымен сол кісінің пайымы мен парасаты, қоғамға және қоршаған айналасына келтірген келелі істері, өзі араласып жүретін ортасымен қарым-қатынасы, қала берді оның мінез-құлқы туралы әбден біліп алған абзал болмақ керек. Ал, егер сөз еткелі отырған азаматтың есімі ел аузында жүрген, келбеті жұртшылыққа жақсы танымал болса, онда жазбағыңның жауапкершілік жүгінің ауырлай түсері сөзсіз. Кезінде талай жылдар Целиноград облыстық телерадиокомитеті қазақ редакциясының дикторы қызметін абыроймен атқарған, сондай-ақ «Тың өлкесінің Левитаны» атанып кеткен, елімізге есімі белгілі Ерсайын Махамбетов ағамыздың 75 жасқа толуына орай әріптес-іні ретінде бірер ауыз сөз айтуды өз парызым деп санадым. Ерсайын ағамыз секілді елінің қошеметі мен сүйіспеншілігіне әлдеқашан бөленген, туған халқының адал перзенті атанған азамат жайлы пікір қозғау дегеніңіздің тазалық пен белгілі биіктікті талап ететіні анық.
Мен ол кісіні 1991 жылы Целиноград облыстык телерадио комитетінің қазақ редакция­сына тілші болып орналасқан күннен білемін. Қашан көрсең де сабырлы қалпынан танбайтын, ашық-жарқын кейпінен аумайтын, киім киісі мен жүріс-тұрысы да өзіне жарасып тұратын, өте ұқыпты жан. Қанында ойнап, сүйегіне дейін сіңіп кеткен осы әдеті ол кісіні өзгелерден ерекшелендіріп, бір көрген адамның өзін тартып тұрушы еді.
Саналы ғұмырының 50 жылын дикторлыққа арнаған ағамыздың еңбегі еш кеткен жоқ. Уақытында дикторлық оқудың қыры мен сырын терең меңгерген шебердің есімі Қазақстаннан асып, түу сонадайдағы Мәскеуге дейін естіліп жатты. Сағаттарға созылатын қазақша-орысша хабарларды сүрінбей, мүдірмей, оқу мәнерін бұзбай, сөзден жаңылмай тек өзіне ғана тән қоюлау, баритонға келіңкірейтін даусымен бір қалыпта оқып, әр сөзін тыңдарман санасына сіңіре алатын біліктілігі жоғары бағаланды десек, тым әсірелеп жібергендік болмас еді. Соның нәтижесінде 1985 жылы Мәскеуге арнайы шақырылған сапарының бірінде Ерсайын ағаға аты аңызға айналған Юрий Левитан «КСРО-ның жоғары дәрежелі дикторы» деген атақты салтанатты жағдайда өз қолымен табыстады. Бүгінгі күннің жастары біле бермеуі мүмкін, дәл осындай құрмет пен қошемет көрсетуге әйгілі Левитанның өзі тұрмақ, одан бергілері де сараңдық көрсететін заман еді ол кез. Демек, осыншама марапатқа ие болған Орта Азияның бір ұланы мәскеуліктерге бойындағы дарыны мен асқан талантын мойындата алған болып тұр ғой.
Сонау сексенінші жылдары өзіміздің Есіл өңірі түгілі республика деңгейінде екі тілде де ер дауыста еркін оқитын дикторлар тапшылығы қатты сезілген болуы керек, өзіміз куә болғандай Ерсайын аға бірнеше рет Ал­ма­тыдағы республикалық Қазақ радиосынан шақыртулар алып жүрді, бірақ отбасындағы жағдайларға байланысты қазақ радиосының қара шаңырағында қызмет жасауға барудың реті келе қоймады. Әйтсе де, бұған диктор ағамыз қатты қайғырып, бәзбіреулер секілді сары уайымға салынған жоқ. Өйткені, данагөй қарияның «осы отырған жерімнің өзі – төр» дегені секілді, Алматыдан шалғай өлкеде жүрсе де Ерағаның есімі үнемі ел аузында, оның оқыған хабарлары жұртшылықтың құлағында жүрді. Көрдіңіздер ме, өлкелік радиода жүрсе де ол кісінің абыройы сол кездегі астаналық «мэтрлерден» кем түспеді.
Сонау 1962 жылы Целиноград өлкелік ра­диосына қызметке қабылданған Ерсайын аға диктор ретінде түрлі тақырыптарға арналған хабарларды оқи жүріп, өзінің журналистік қабілетін де жетілдіре берді. Жазушы-журналистер Күлмес Рахымжанов, Қажымұрат Рахимов және Нөгербек Мағзұмов секілді аға буын өкілдерімен қоян-қолтық араласа жүре олардан көп нәрсені үйренді, қалам тарту шеберлігін шыңдай түсті. Уақыт өте келе еңбек ерлері, соғыс ардагерлері жайлы очерк­тер жазып, қаламы қарымды жазбагер ретінде де таныла бастады. Бір кездері облыстық теледидардың бас редакторы Смағұл Рахымбек екеуі бірлесіп, егін орағының күзгі жиын-теріні барысына арналған «Алтын дән» радиохабарын дайындады. Ерсайын
аға осы хабардың авторы және респуб­ликалық «Аққу» әдеби радиожурналының тұрақты жүргізушісі болды.
«Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші, ізбасарлар дайындауда да Ерекеңнің жолы болды. Есімдері елімізге кеңінен танымал Рабиға Аманжолова, Меруерт Омарова және Думан Хамитов секілді телерадионың тамаша дикторлары оқу және мәнерлеп сөйлеу шеберлігін Ерсайын ағамыздан үйренді.
Жалпы, Ерсайын ағамыздың мамандығы – филолог. Әкесінен тым ерте қалған Ерекең үйдің үлкені болғандықтан еңбекке ерте араласты. Бұғанасы қата қоймаған бала қыран әлі жаспын демеді, білегін сыбана жұмысқа араласты, сөйте жүріп шынықты, шыныға жүріп шыңдалды. Соңынан ерген қос бауырын екі қолымен жетелей жүріп есейтті. Бауырларын қанаттандырып, оларды қатарға қосқаннан кейін ғана өз жағдайын ойлаған Ерсайын аға кештеу болса да жүрегінің қалауы бойынша Целиноград педагогикалық институтының филология факультетін тәмәмдап, ендігі еңбек жолын ұстаздықпен жалғастырады. Қос тілді қатар меңгерген, жүзінен иман төгілген жас маманды байқаған өлкелік телерадиокомитет басшылары оны радиоға дикторлық қызметке шақырады. Бұл 1962 жыл еді. Содан бергі өмірі телерадио саласымен біте қайнасқан Ерсайын ағамыз 50 жыл диктор қызметін мінсіз атқарды. «Тың өлкесінің Левитаны» атанған ардақты ағамыз бүгінде құрметті демалыста, еңбегінің зейнетін көріп отырған бақытты әке, ардақты ата. Мерекеңіз құтты болсын, Ераға!

Берден ҚАБЫЛОВ,
журналист

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 5 =