Тың игеру: себебі мен салдары

0 381

Тың игеру – Қазақстан тарихындағы жете зерттелмеген, күнгейі мен көлеңкесі қатар жүретін аса өзекті тарихнамалық мәселе болып тұр. 1950-1970 жылдары 1 314 қазақ мектебі жабылып, қазақ тілінің қолданылу аясы тарыла бастады. Қазақ халқы өз жерінде азшылыққа айналып, 1962 жылы 29%-ды құрады.

1954-1964 жылдар аралығында КСРО-дағы азық-түлік тапшылығын жою және астық өнімін арттыру мақсатында жүзеге асырылған мемлекеттік іс-шара кешені – тың және тыңайған жерлерді игеру деген атқа ие болып, тарихта қалды.

1950 жылдың бас кезінде елде азық-түлік тапшылығы қатты сезілді. Өндірістің даму қарқыны мен ауыл шаруашылығының даму қарқыны бір-біріне сәйкес келмеді. КОКП ОК бірінші хатшысы қызметіне келген Н.С.Хрущев КСРО-дағы азық-түлік тапшылығын жою бағытында ауқымды іс-шаралар кешенін қолға алуды жоспарлады. Бірақ, ол ұсынған тың жерлерді игеру идеясы КОКП ОК-нің өзге мүшелері арасында қолдау таба қоймады. Н.Хрущев осыған қарамастан тың игеру идеясын жүзеге асыруға білек сыбана кірісті. Ол КОКП ОК-нің 1953 жылы қыркүйекте өткен Пленумында Қазақстанды ауыл шаруашылық мүмкіндіктерін дұрыс пайдаланбай отыр деп сынады. Осыған орай республиканың партия және үкімет басшыларына тың жерлерді игерудің нақты жоспарын жасау міндеті жүктелді.
1953 жылы қарашаның соңында ҚазКСР басшылары Н.Хрущевке 1954-1957 жылдары Қазақстандағы егіс алқабын 2,5 миллион гектарға ұлғайтуды көздеген жоспар ұсынды. Міне, осы жоспар ҚКП ОК бірінші хатшысы Ж.Шаяхметовті орнынан алуға негіз болды. 1954 жылы ақпанда «Қазақстанда егістік алқабын ұлғайтуға жарамды жерлер жоқ» деген ұстанымдағы Ж. Шаяхметовтің орнына П.К. Пономаренко бірінші хатшы болып, Л.И. Брежнев екінші хатшы болып қызметке келді.
1954 жылы ақпан-наурыз пленумында «Елімізде астық өндіруді одан әрі арттыру туралы, тың және тыңайған жерлерді игеру туралы» қаулы қабылданып, Қазақстанда, Сібірде, Оралда және Солтүстік Кавказда астық дақылдарын егетін егістік көлемі күрт өсуге тиісті болды. КОКП ОК-і 1954-1955 жылдары тың жерлерді игеру есебінен 1100-1200 млн пұт астық алуды белгіледі. 1954 жылы тамыздың басында КСРО-да Тың игерудің алғашқы жоспары орындалды. КСРО бойынша 13,4 миллион га тың жерлер, оның ішінде Қазақстанда 6,5 млн га жаңа жерлер жыртылды.
1954 жылы 13 тамызда КОКП ОК мен КСРО Минкеңесі «Астық өндіруді ұлғайту үшін тың және тыңайған жерлерді одан әрі игеру туралы» қаулы қабылдады. Қаулы 1956 жылы тыңнан игерілетін егістік көлемін 28-30 миллион гектарға жеткізу міндетін қойды. Осыншама жерді жырту – орны толмас экологиялық апатқа алып келуі мүмкін деген ғалымдардың пікірін ешкім елеп-ескермеді. 1955 жылы жоспарланған 7,5 млн га орнына 9,4 млн га жер жыртылды. Жалпы алғанда, 1954 ж. көктемінен бастап 1960 ж. дейін КСРО бойынша жаңадан барлығы 41 млн га жер жыртылса, соның 27 млн гектары (17 млн га жер Қазақстанның солтүстік облыстарының үлесіне тиді) Қазақстанға тиесілі еді. Қазақстандағы тың жерлерді игерудің басым бөлігі солтүстіктегі 6 облыс – Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Торғай және Павлодар облыстарында жүзеге асырылды.
1957 жылы 4 маусымда ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы «Қазақ КСР-інің экономикалық әкімшілік аудандарын құру туралы заң» қабылдап, шаруашылықты басқарудың хрущевтік әдісі заңмен енгізілмек болды. Осы заң аясында ҚазКСР-інде 9 экономикалық әкімшілік аудан құрылды. Бұл енді барып тұрған оспадарсыз әкімшіл-әміршіл шара еді.
Тың игерудің екі жақты сипаты болды. Біріншіден, Қазақстанды экономикалық жағынан дамытып, республиканы астық өндіруде КСРО бойынша алдыңғы орынға шығарды. Тың игеру нәтижесінде республиканың әр тұрғынына шаққанда 2 мың кг астық өндірілетін болды. Тың игеру барысында Қазақстанда көптеген жаңа қалалар мен ауыл-селолар бой көтерді. Жаңа өнеркәсіп орындары салынып, темір жол торабы мен көлік жолдары дамыды. Екіншіден, тың игерудің үлкен зардаптары мен келеңсіз жақтары болды. Қазақстанда КСРО-ның басқа республикаларынан келген адамдардың саны шамадан тыс көбейіп кетті. Солтүстік және шығыс өңірлерде ұлттық мектептер жабылып, қазақ балалары ірілендірілген мектеп-интернаттарда орысша оқи бастады. КОКП ОК-і қазақ халқын орыстандыру саясатын ашық жүргізе бастады. Қазақша жер-су аттары өзгертіліп, орысша атаулар көбейді. Тың игеру идеясы экономикалық қажеттіліктен туындағанымен, соның аясында қазақ даласын КСРО-ның әр аймағынан келген орыс тілді халықпен толтыру арқылы қазақты ассимиляциялау жоспары да алдын ала ойластырылған сияқты.
Н.Хрущевтің «жаңа тарихи қауымдастық – кеңес халқын» құруға бағытталған ұлт саясаты қазақ халқы үшін анағұрлым қауіпті сипат алды. 1950-1970 жылдары 1 314 қазақ мектебі жабылып, қазақ тілінің қолданылу аясы тарыла бастады. Мысалы, 1964-1965 оқу жылы ғана республика бойынша 91 қазақ мектебі жабылып, 142 орыс мектебі ашылған екен. Тың игеру кезінде 1960-1965 жылдары солтүстік облыстардағы Қазақстан халқының саны көшіп келушілердің есебінен 61%-ға өсті. Олар РКФСР, Украина, Молдавия, Белоруссия және т.б. республикалардан көшіп келген азаматтар еді.
КОКП ОК-нің Қазақстанның «тың және тыңайған жерлерін игеруге аттануға» шақырған үндеуіне жауап ретінде 1954-1957 жылдары басқа республикалардың кәсіптік-техникалық училищелерін бітірген 66 718 жас қыз бен жігіт және Қазақстан училищелерінің 19 832 түлегі совхоздарға жұмыс істеуге келсе, 1960 жылы кәсіптік білім беру жүйесі арқылы Қазақстандағы «тың жерлерді игеру үшін» деген желеумен Ресейде – 1,5 мың, Украинада – 10 мың, Белорусияда – 4 мың, Молдавияда 1,4 мың тракторшы даярланып, жұмысқа жіберілді.
Тың игеру барысында 1954-1964 жылдары Қазақстанға «бұрын адам қоныстанбаған, егістік болмаған жерлерді игеріп, жабайыларға мәдениет алып барасыңдар» деген идеологиямен қаруланған 2 миллионнан астам адам көшіп келді. Көшіп келушілердің басым бөлігінің білімі нашар, тарихи санасы қалыптаспаған, төменгі әлеуметтік ортадан шыққан контингент болғаны ешкімге де жасырын емес. Олар соған қарамай, өздерінің білімсіздігінің кесірінен қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне, тілі мен мәдениетіне менсінбей қарады. Қазақ халқы өз жерінде азшылыққа айналып, 1962 жылы 29%-ды құрады.
Осынша халықтың көшіп келуімен бірге Қазақстанда экономикалық, әлеуметтік және этникалық қайшылықтар туындады. Мысалы, 1959 жылы 28 желтоқсанда ҚКСР Минкеңесі «Республика тың жерлеріндегі совхоз еңбекшілерінің аса қажетті мәдени-тұрмыстық мұқтаждарын қамтамасыз етудегі кемшіліктер туралы» қаулы қабылдап, онда Көкшетау, Павлодар, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарындағы кеңестер мен ауыл шаруашылық органдарының тың және тыңайған жерлерде ұйымдастырылған совхоздар еңбекшілерінің мәдени-тұрмыс мұқтаждарын жақсартуда жеткілікті шара қолданбайтындығы, бұл істегі кемшіліктер туралы дабылдарға дер кезінде құлақ аспайтындығы, соның салдарынан сауда жұмысындағы, қоғамдық тамақ ұйымдастырудағы тәртіптің жоқтығы және тың игерушілерге, олардың отбасыларына мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету өте нашар екендігі туралы шағымдар мен арыздардың едәуір көбейгендігі атап көрсетіліп, тиісті министрліктер мен атқару комитеттеріне, Қазақстан тұтынушылар одағы мен Қазақстан кәсіпшілік кеңесіне көрсетілген кемшіліктерді жойып, арыз-шағымдарды дер кезінде қарап, олардың әрқайсысы бойынша іс жүзінде шара қолдануды тапсырды.
Тың жерлерді аз уақытта игеру және ауыл шаруашылығын жылдам қарқынмен дамыту үшін еңбекшілердің материалдық ынтасын көтеруге бағытталған бірқатар шаралар қолға алынды. Тың игеруге басқа республикалардан келушілерге көптеген жеңілдіктер жасалды: олар орналасатын жеріне дейін бүкіл дүние-мүлкімен тегін көшірілді; әрбір отбасы басшысына 500-1000 сом, үйдің әрбір мүшесіне 150-200 сом көлемінде бір реттік көмек берілді (бұл қаржының 35%-ын мемлекет өз мойнына алды); мал сатып алу үшін 1500-2000 сом көлемінде несие берілді; азық-түлік көмегі ретінде 1,5 центнер ұн немесе астық берілді; тыңгерлер 2 жылдан 5 жылға дейін ауыл шаруашылық салығынан босатылды. 1954-1959 жылдары тың игеруге 20 млрд сомдай қаржы жұмсалды.
Тың игеру барысында республика аумағына әртекті этникалық топтармен бірге, әртүрлі әлеуметтік топтар да келді. Олардың ішінде өз республикасында орнын таппай жүрген әумесерлер мен қылмыскерлер де көп еді. Осының кесірінен, Қазақстандағы қылмыс деңгейі, тәртіп бұзушылық, мемлекет қаржысын талан-таражға салу және совхоз мүлкін ұрлау кеңінен етек алды. Мысалы, Солтүстік Қазақстанға 1954-1956 жылдары келген 650 мың адамның тек 150 мыңы ғана тың игеруге қажетті механизатор мамандар еді. 1960 жылға қарай ешқандай ғылыми негізсіз жыртылған 27 млн га жердің 9 млн гектары (яғни, жыртылған жердің 1/3-і бірі егіске жарамсыз болып қалды) эрозияға ұшырап, жердің құнарлы қабаты (гумус) желге ұшты. Бұл бүкіл Францияның ауыл шаруашылық жер аумағына тең еді.
Азық-түлік тапшылығын ауыл шаруашылығын дамытудың экстенсивті әдісімен жоюды көздеген волюнтаристік саясат қажетті нәтижеге толық қол жеткізе алмады. КСРО бұдан кейінгі жылдарда да сырттан астық сатып алуды жалғастыра берді. Мысалы, 1960 жылы 17,8 млн тонна мұнай сатылып, шетелдерден 200 мың тонна астық сатып алынды. Ауыл шаруашылығын ұйымдастырудың тиімсіз әдісі мына мысалдардан айқын көрінеді: Голландиядағы 1 га егістік жерден алынатын өнім 8900 долларға бағаланса, КСРО-да 300 долларға тең болды; Голландияда 1 га егістік 16,5 адамды асыраса, КСРО-да 1,2 адамды асырады; Голландиядағы ауыл шаруашылығының 1 адамы 60 адамды азық-түлікпен қамтамасыз етсе, КСРО-да 13 адамды ғана азықпен қамтамасыз етті. Сонымен қатар, Голландияға қарағанда КСРО-да бір га жерде жұмыс істейтін адамның саны 15-20 есе артық болды. Міне, осы мысалдардың өзі социалистік ауыл шаруашылығының тиімсіз болғанын анық көрсететін еді.
Мал шаруашылығы үшін қажетті шабындық және жайылым жерлерінің қысқаруы барысында ҚазКСР-ның мал шаруашылығы орны толмас шығынға ұшырады. Ауыл шаруашылығының даму деңгейі төмендеп, ет және сүт өнімдерін өндіру көлемі қысқарды. Қой санын арттыру жоспарының орындалуына орасан зор кедергі келтірді.
КСРО-дағы тың игеру науқаны аясында 1960 жылға қарай Н.Хрущевтің Қазақстанға қатысты волюнтаристік жаңа саясаты қалыптасты. Қазақ халқының өз жерінде азшылыққа айналып, ұлт қайраткерлерінің КОКП ОК алдындағы дәрменсіздігін сезінген ол Қазақстанда Тың өлкесін құрып, оны бөліп алып кетуді жоспарлай бастады. 1960 жылы 25 қаңтарда ҚКСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Қазақ КСР Совхоздар министрлігін құру туралы» Жарлығы шығып, министрлік Ақмола қаласына орналастырылды. ҚазКСР Совхоздар министрлігіне Қостанай, Ақмола, Көкшетау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарындағы ауыл шаруашылығына басшылық ету міндеті жүктелді. Совхоздар министрі болып бұрын ешқашан Қазақстанда жұмыс істемеген, 1953-1955 жылдары КСРО совхоздарының министрі болған А.И.Козлов тағайындалды.
1960 жылы 26 қаңтарда ҚКП ОК хатшыларының міндеттері бөлініп, бекітілді. Д.А.Қонаев бірінші хатшы әрі ОК бюросына жетекшілік жасауы тиіс болса, Қазақстанға ешқашан қатысы болмаған, 1960 ж. дейін Ресейдің Новгород, Пермь обкомдарының бірінші хатшысы болған Т.И.Соколов ҚКП ОК-нің солтүстік облыстары бойынша жұмыс жөніндегі бюросының төрағасы болып бекітілді.
1960 жылы 26 желтоқсанда «Республиканың солтүстік облыстарында шаруашылық және мәдениет құрылысын басқаруды онан әрі жақсарту және олардың орасан мол ресурстарын неғұрлым толық пайдалану мақсатымен» деген желеумен ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы төрағасының орынбасары К. Крюкова мен Президиум хатшысы үшін С.Мұқанов қол қойған «Қазақ КСР құрамында Тың өлкесін құру туралы» Жарлық шықты. Ол бойынша ҚазКСР құрамында Тың өлкесі құрылып, Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының жері осы өлкеге енгізіліп, өлкенің әкімшілік орталығы Ақмола қаласы болып белгіленді. Осы жарлықпен Ақмола облысы таратылып, оның аудандары тікелей Тың өлкесінің қарамағына берілді.
1960 жылы 28 желтоқсанда өткен Тың өлкелік партия комитетінің Пленумында Т.И.Соколов бірінші хатшы, С.Б.Ниязбеков екінші хатшы болып сайланды. Ал 29 желтоқсанда шыққан ҚКСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Тың экономикалық әкімшілік ауданын құру туралы» Жарлығы бойынша орталығы Ақмола қаласы болып табылатын Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және таратылған Ақмола облысының Ақмола, Атбасар, Балкашин, Баранкөл, Вишнев, Есіл, Калинин, Қима, Қорғалжын, Макин, Новочеркас, Сталин, Шортанды, Еркіншілік аудандарын біріктіретін Тың экономикалық әкімшілік ауданы құрылып, 1957 жылы құрылған Қостанай және Солтүстік Қазақстан экономикалық әкімшілік аудандары таратылды. Тың өлкелік кеңесі атқару комитетінің құрамы бекітіліп, бұрын ешқашан Қазақстанға қатысы болмаған, КСРО Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары болып істеген В.В.Мацкевич атқару комитетінің төрағасы болып бекітілді. Осылайша, Н.Хрущев үй ішінен үй тігіп, Тың өлкесін Қазақстаннан бөліп алуды жоспарлай бастаған сияқты.
Оның Тың өлкесіне Қарағанды облысын қосу әрекеті – «көмір өндірісін төмендетіп аламыз» дегенді желеу еткен ҚКП ОК-нің бірінші хатшысы Д.Қонаевтың қасарыса қарсы тұруы және КСРО Минкеңесінің төрағасы Н.Хрущевтің орынбасары А.И.­Микоянның қолдауы барысында жүзеге аспай қалды. Осы өзгеріс барысында 1961 жылы 4 қаңтарда ҚазКСР Конституциясына тиісінше өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.
Бүгінгі таңда, Тың өлкесін Қаз­КСР-інен бөліп, 16-шы республика құру туралы ұсыныс жасаған Т.И.Соколовқа «тіл тигізгені үшін» және Н.Хрущевтің осы әрекетін батыл айыптағаны үшін ҚазКСР Минкеңесінің төрағасы Ж.А.­Тәшенев 1961 ж. 6 қаңтарда «басқа қызметке ауысуына байланысты» орнынан босатылды деген аңыз қалыптасып отыр. Ал мәселенің мән-жайын терең зерттеп, оны қалпына келтірген тарихшы жоқ…
Тың өлкесін Қазақстаннан бөліп басқару бағыты одан ары былайша жалғасты: 1961 жылы 3 ақпанда Тың өлкелік соты ұйымдастырылды; 1961 жылы 11 наурызда ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Қазақ КСР Дайындау министрлігін және Қазақ КСР Министрлер Советінің Тың өлкесі жөніндегі Дайындау бас басқармасын құру туралы» Жарлығы бойынша құрылған басқарма тікелей Тың өлкесіне бағынатын болды. Ал масқара болғанда, 1961 жылы 21 наурызда ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы И. Шәріповтің Жарлығы бойынша Н.Хрущев «Тың жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталды.
1961 жылы 20 наурызда ҚазКСР Совхоздар министрлігі таратылып, осы министрлік негізінде еңбекшілер депутаттарының Тың өлкелік Кеңесі атқару комитетінің Совхоздар басқармасы құрылды және Ақмола қаласын Целиноград қаласы деп атау туралы ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы жарияланды. 1961 жылы 21 сәуірде ҚазКСР-на қарасты Тың өлкесінің құрамында Целиноград облысы құрылып, облыс құрамына енген Ақмола ауданының атауы – Целиноград ауданы болып өзгертілді.
Өкінішке қарай, тың игеру – Қазақстан тарихындағы жете зерттелмеген, күнгейі мен көлеңкесі қатар жүретін аса өзекті тарихнамалық мәселе болып тұр.

Сәбит ШІЛДЕБАЙ,
Ш.Ш.Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология
институтының бөлім
меңгерушісі, тарих
ғылымдарының кандидаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 + thirteen =