ТЫҢ ДЕРЕКТЕРГЕ ТОЛЫ ФИЛЬМ

0 209

Өткен апта соңында Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде белгілі режиссер Еркін Рақышевтің « Тұрар Рысқұлов» деректі фильмі көрсетілді.

Көрсетілім соңында фильм жайлы пікір алмасу сұрақ-жауап түрінде өтіп, оны осы шараны ұйымдастыруға ұйтқы болған университет проректоры Дихан Қамзабекұлы жүргізіп отырды. Кино авторы фильм Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілгенін айта келіп, бұрыннан белгілі деректермен шектеліп қалмай, тың деректерді табуды алдына мақсат етіп қойғанын айтты. Ол сондай-ақ, осы жолда Мәскеу, Тәшкент, Бішкек тағы басқа қалаларға барып бұрын жарық көрмеген құжаттар мен бейнетаспаларды және Рысқұловтың осы уақытқа дейін белгісіз болып келген жерленген жерін қалай тапқанын әңгімелеп берді. Университет студенттері де фильм жайлы өздерінің жылы лебіздерін, фильмнен қатты әсер алғандарын айтып, Рысқұловтай қайраткердің өмірі жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуде зор екеніне тоқталды. Профессор Дихан Қамзабекұлы қайраткер Рысқұловтың елі үшін еңбек етіп, тәуелсіздік жолында аянбай тер төккенін еске алды. Аталған туынды отандық деректі фильмдер жанрына жаңа леп әкелгенін тілге тиек етті. Бұған дейінгі түсірілген деректі фильмдерден ерекшелігі – кейіпкерлерді әртістердің сомдауы. Басты кейіпкер Тұрар Рысқұловтан басқа, Ахмет Байтұрсыновты, Сұлтанбек Қожановты, т.б. тұлғаларды әртістердің шебер сомдағанын айта келіп, сөзінің соңында фильмді түсірушілерге шығармашылық табыс тіледі. Пікір алмасу барысында сөз алған Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған Тұрар Рысқұловтың өмірі өскелең жастарға үлгі болатынын айта келіп, олардың бойында Отанына деген сүйіспеншілік және патриоттық сезімдерді оятатын осындай фильмдерді түсіру, тек қана деректі фильмдермен шектеліп қалмай, көркем фильмдер де түсіру мәселесін көтерді. Сондай-ақ, осы тектес туындылар басқа да Алаш қайраткерлері жайлы түсірілсе, нұр үстіне нұр болар еді деген пікірін білдірді.

Хамит Ташенов

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 + 2 =