Тың деректер табылды

0 155

Елбасының тапсырмасына сәйкес «Халық тарих толқынында» бағдарламасы құрылып, осы орайда бірқатар жұмыстар қолға алынғаны белгілі. Соның ішінде ағымдағы жылдың 20 маусымы мен 20 қыркүйегі аралығында отандық тарихшы ғалымдардың Иран, Үндістан, Қытай, Мысыр, Түркия, Моңғолия, Ұлыбритания, Алмания, Өзбекстан және Ресей елдеріне іссапарлары ұйымдастырылды. Ғалымдар шетелдерде екі ай жүріп, қазақ тарихына қатысты тың деректерді тапты. Солардың бірқатары кеше ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында жария етілді.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары Нұрлан Атығаев, Р.Сүлейменов атындағы Шы­­ғыс­тану институтының ғы­­лыми қызметкерлері Ғалия Қамбарбекова мен Нәпіл Базылхан Иран, Үндістан, Түркия мен Моңғолия са­пар­ла­ры­ның нәти­жесімен бөлісті.
Иранның Тегеран, Шираз, Мешхед қалаларының кітапханаларын сүзіп шыққан ғалымдар қазақ тарихымен байланысты 30-дан астам, Сақ дәуірінен басталып, ХІХ ғасырға дейінгі деректерді қамтитын қолжазбаларды тауыпты. Атап айтар болсақ, іздеу нәтижесінде тарихшы­лар Қазақ – Қызылбас қарым-қатынасына қатысты дерек­терді анықтаған. «Бүгін­гі күнге дейін тари­хы­мыздағы Қазақ – Қызыл­бас қарым-қатынасы ауыз әдебиетіміздегі эпикалық жыр­ла­ры­мыздан белгілі бола­тын. Ал осы Иран рес­публи­касына жасалған сапар нәтижесінде бірнеше қолжазбада Қазақ – Қызыл­бас арасы сөз етілге­нін анық­­тадық. Иран кітап­ханала­рынан елге 5 қолжазба әкеліп отырмыз. Оларда Қазақ хандығының Иран­дағы Қы­зыл­бас немесе Сефи­вид мем­лекетімен қарым-қаты­насы, Сефивид мем­ле­ке­ті­нің Шейбан әулетімен соғысы тұсында Қасым хан­ның осы оқиғаларға тікелей ара­ласқандығы баян­далады. Оның Өзбек билеу­шілеріне өз әске­рінен 160 мың адамды бөліп, көмекке жібергені ай­ты­лады» дейді Нұрлан Атығаев.
Ғалия Қамбарбекованың сөзінен Иран қолжазбаға өте бай ел екені, ол мемлекет­те 360 мыңнан астам қолжазба сақталғанын білдік. Ғалым елге қазақ тарихына қатысты 25 қолжазба әкелсе, солардың ішінде ХVІ ғасыр­дағы дипломатиялық қарым-қаты­нас­тардан хабар бере­тін парсы тілінде жазыл­ған хаттар бар. Соның бірі – Иран пат­шасы Шах Аббас ІІ-нің 1661 жылы Тәуке ханға жолда­ған хаты. Хаттың мәтіні­нен үзінді келтірер болсақ, онда: «Сіздің елшіңіз арқылы жол­данған хат біздің қолы­мызға келіп жетті және елші­ңізге барлық сый-сияпат жасалып, елге қайтарылды. Досты­ғымыз бұдан әрі де жалғаса береді деп сенемін» деп жазылған. Сондай-ақ, хатта Тәукенің түп атасы Шың­ғыс­хан екені, оның мықты қа­сиет­тері Тәукеге қан арқылы бе­рілгені айтылған. Сонымен бірге Әбдурахим ханның Тәу­ке ханға шамамен 1717-1718 жылдары жазған жауап хаты да табылып отыр. Хатта Әбду­­ра­химнің өтініші және бір­­неше алтын семсерлерді сый­­лық­қа тарт­қаны баяндалады.
Ғалымдар Иранннан тап­қан бір олжа – Қасым ханға қатыс­­ты қолжазбалары. Ол қол­­жазбаларда Қасым хан­ның бейнесі, тұлғалығы, міне­зінің жайдарлылығы, үл­кен­дерге құрметпен қара­ғандығы, қолының ашықтығы айтылған.
Нәпіл Базылхан Моңғолия сапарында көне түр­кі дәуірін­дегі жазба ескерткіш­тер­ді, ұлттық кешендерді, бәдіз­дерді, балбалдарды зерт­тесе, Түркияға барып, Стам­бул­дағы Топқапы сарайы қорында сақталған Қазақ­стан­ның орта ғасыр тари­хына қатысты көптеген қолжаз­балар мен хаттарға үңіл­ген. Мәселен, Алтын Орда кезеңіндегі хандардың жазған хаттарының көшірмесін ал­ды. «Моңғолияда өмір сү­ріп жатқан қазақтарға қатысты мұрағат құжаттарын жә­не көне моңғол тілінде жазыл­ған «Қазақтардың заңдары» деп аталатын қолжазбаны таптық. Бұл Қазақ хандығы дәуірінен жалғасып келе жатқан «Жеті жарғының» негізгі сұлбасы секілді. Оны егжей-тегжейлі зерттеу нәтижесінде анықтаймыз. Түркияда орта ғасырлық миниатюралар көп сақталған. Ол миниатюраларда қазақ­тың ежелдегі тұрмысы, тұ­тын­ған заттары, киген киім­дері бейнеленген. Ол миниа­тюралардың өзі – таптырмайтын деректердің бірі» дейді ол.
Алда енді қазақ тарихының көкжиегін кеңейтетін бұл деректерді елеп-екшеу мін­деті тұр. Ғалымдардың ай­туын­ша, аталмыш жұмыс бір­неше жылдарды алады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 + 3 =