«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тығырыққа тірелген текетірес

0 210

«Химиялық шабуыл» деген желеудің жетегімен Британияның Солсбери қаласынан сөре алып, Сирияның Шығыс Гута өңірінде өрісін өрбіткен Батыс пен Ресей арасындағы дүмбілез текетірес Құрама Штаттардың бұдан бір апта алдын түн қараңғылығында Шам шаһары аумағына жасалған жосықсыздау жорығынан кейін тізгінін тежеп, тығырыққа тіреліп қалған сияқты. Бұған дейін шапшаң шешім шығарғыш шахматшыдай кезекті жүрістерінің көбін күтпеген жерден көрбіп келген Дональд Трамптың өзі енді нендей қадамға құлаш ұрарын ұқпай, қапылып қалған адамның қалпын танытты. Мұның бәрі наурыз айының басынан бері демдерін ішке тартып, қасақана қастасудың ақыры неге апарып соқтырарын білмей дал болған әлем халқының көңілдерін орнына түсіріп, үрейлерін басқандай болып әсер етті.

Осы тұста бір ойлағаны жүзеге асқандай болып, марқайған түр танытқан АҚШ президенті өзінің БҰҰ-дағы өкілі Никки Хейлидің 15 сәуір күні Вашингтонның Ресейге қарсы кезекті санкция да­йындап жатқаны жайлы жасаған мәлімдемесін сол бойы бірден «тұншықтырып» тастады. «Әзір ешқандай санкция болмайды, санкция болуы үшін оған себеп керек, мен енді Владимир Путинмен кездесіп алуым керек» деп түсіндірді ол өзінің бұл өзгерісін. Ақ үйдің қожайыны мұның қабатында өз әскерлерін Сирия аумағынан алып кететінін тағы жария етті. Жалпы, Пентагонның бұл мәселе жөніндегі көзқарасы мүлде басқаша болғанына қарамастан, Трамп қайталап білдірген ескертпе соның алдында ғана оны Американың Сирияда армия ұстай тұруының қаншалықты жоғары маңызы бар екенін айтып сендіргенін жеткізген француз президенті Эммануэль Макронды күлкілі жағдайда қалдырды.
Франция басшысы Сирияға жасалған жұлдызды көктегі шабуыл кезінде де біраз ұятқа қалды. АҚШ пен Британияға ілесіп, қосыла шапқан француз ұшқыштары сол күні түнде бір соққы да жасай алмаған екен. Ал америкалықтар мен ағылшындар жөнелткен 103 снарядтың 71-ін Сирияның әуе шабуылына қарсы күштері жерге жеткізбей атып құлатыпты. Атқанда да, Ресейден алған баяғы кеңес кезеңіндегі ескілікті зеңбіректермен-ақ баудай түсірген. Сонымен бірге, бұл соққылардың солқылынан жазатайым жарақат алып қалған үш жергілікті тұрғыннан басқа, ешкім де пәлендей зардап шеге қоймаған.
Тегінде, әлем сарапшыларының басым бөлігі, Дональд Трамп­тың «бұл да бір біткен шаруа болды» деп көңіл алдар­қатқанымен, Сирияға жасалған операцияның мейлінше сәтсіз шыққанын жарыса жазып жатыр. Мысалы, Чехиядан сайланған Еуропарламент депутаты Яромир Кохличек: «Сирия­ға соққы беру АҚШ пен оның одақ­тастары үшін масқара тірлік болды. Олар мұны БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінен рұқсат алмай жасады. Әскери операция Америка қаруының осалдығын көрсетті. Олардың ракеталарының көбін Сирияның КСРО кезінде жасалған әуе қорғанысы кешендері атып түсірді. Бұл америкалықтар мен олардың қаруларын сатып алушы әлем жұртын ойландырулары тиіс. Дәл қазір Сирияға ең керегі – Ресей көрсетіп жатқан көмек» деп бәрін орын-орнына қойып берді. Бұдан кейін басында алға қо­йылған мақсаттың қапысыз орындалғанын қайта-қайта мәлімдеген Трамптың да кәлимасы кілт өзгеріп, амалсыз ақталуға көшкендей сипат таныта бастады. Ол мұны әңгіме ауанын бұдан біраз бұрын «Сирия жерінде Америка мен Ресей күштері арасында қатыгез шайқас болды» дегенге аударып, жұрт назарын ай шамасында орын алған оқиғаға қарай бұрып жіберуге әрекет етуімен көрсетті. «Сол ұрыста көп адам қаза тапты» дегенде де, шығынның ресейліктер жағынан болғанын меңзеп еді. Алайда Мәскеу кездейсоқ болған сол қақтығыста өз әскерлерінің шығынға ұшырағаны былай тұрсын, тіпті сол соққы астынан табылмағандарын да айтып, болжамды бірден жоққа шығарды.
Негізі, Дональд Трампқа керегі Құрама Штаттармен текетірес­ке түсіп отырған Ресейге соққы беріп, кері ығыстыру емес, өзінің Кремльге деген қатынасының қатқыл екенін өз еліндегі жұртына дәлелдеу ғана сияқты. Ол мұны күні кеше Жапония премьер-министрі Синдзо Абэмен кездесуі кезінде тағы да аңғартып, бұдан бұрынғы «АҚШ-тың тарихында Кеңес Одағымен болған қырғи-қабақ соғыс кезінде де, қазіргі Ресейдің тұсында да орыстарға дәл Трамп секілді қатқыл қараған президент болған жоқ» дегенді қайталап айтты. Мұнысы кешегі президент сайлауы кезінде қарсыласы Хиллари Клинтон бастаған жақтың өзін Ресеймен әмпей-жәмпей болып, Мәскеудің араласуымен жеңіске жетті деген сыңайдағы айыптауларына қайтарған жауабына ұқсап кетті.
Қазіргі сөз алмасулардан ас­пай тұрған тыныштық талма­сында Еуропаның бірқатар елдері АҚШ-тың қысымымен жасалып келе жатқан Ресейге қатысты санкциялардан бас тартушылық ауанын біртіндеп күшейте бастады. Бұған дейін бұған қосылмай келген санаулы мемлекеттер қатарын Австрия, Швейцария, Грекия, Түркия, Сербия, Словакия және Израиль құраған болса, енді Германия, Италия, Испания және Венгрия сол саптан табылуға құштар болып отыр. Мұны неміс елінің канцлері Ангела Меркель бірінші болып білдірді. Онымен кеше ғана осы тақырыпта пікір алмасқан Эммануэль Макрон да сол ойға қарай аунап түсуге қайыл екенін байқатып қалды. Француз лидері тіпті Вашингтонға барғалы тұрған таяудағы сапары мезіретінде мұны Трамп­тың алдына қоймақшы да көрінеді. Ал Италия премьер-министрі­нің орынтағынан үміткер Маттео Салвини бұл қызметке келе қойса, бірінші міндеті Ресейге қарсы санкцияны алып тастау болатынын ашық айтады.
Қазір Солсбериде бұрынғы ресейлік тыңшы Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлияның химиялық газбен уланғаны, Сирияның Дума қаласында үкімет әскерлерінің жергілікті жұртқа осындай қарумен шабуыл жасағаны туралы деректері де АҚШ пен Ұлыбританияның қолдан ұйымдастырған шаралары екендері әлем жұртына аян болып қалды. Себебі екеуінде де құр байбаламнан басқа ешқандай деректі дәлел жоқ. Бұған қоса, дәл Химиялық шабуылға тыйым салу ұйымы (ОЗХО) мамандары Сирия жеріне келіп, іске кіріскен күні АҚШ бастаған үштіктің шабуыл жасағаны осы күдікті одан бетер қоюландыра түседі. Ақыр соңында халық­аралық ұйымның өкілдері Дума қаласынан сириялықтар берген химиялық соққының ізін де таба алмай қайтты…
Міне, Вашингтон мен Лондон­ның жасап жатқан осындай қитұрқы әрекеттеріне қарапайым халықтың наразылығы бүгінде бұл елдерде күн санап күшейіп келеді. Соның бірінде бұрнағы күні Альбион жерінде бұрынғы әскерилердің өздері үкіметтен алған барлық марапаттарын көшеге лақтырып тас­тау акциясы болып өтті. Мұндай қарсылық қозғалысы мұхиттың арғы жағынан да байқалып жатыр. Сонымен бірге, АҚШ-тың, Британияның, Германияның, Францияның көптеген ғалымдары мен сарапшылары жалған әрекеттері үшін жоғарыдағы екі елді қатты айыптайды. Ал Еуро­одақ олардың рұқсатсыз Сирия­ны соққының астына алуын сынға алды.
Алайда АҚШ бастаған елдер­дің осы тығырықты сәттерден кейін тоқтай қалады екен дегенге тағы сенуге болмайды. Кейбір сарапшылар қазір олардың Сириядан ештеңе шығара алмайтындарын білгесін, Арменияға ауыз салып жатқанын жазуда. Шынында, таулы қыраттағы бұл елде қазір бірнеше күннен бері бұрынғы президент Серж Саргсянның үкімет басшысы болып тағайындалуына қарсы қозғалыс басталып кетті.

 

Серік ПІРНАЗАР

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды