Тұжырымдама түйткілдерді шеше ме?

0 17

Елорданың аула клубтарын 2023 жылға дейін дамыту тұжырымдамасы әзірленді. Қалалық мәслихаттың заңдылық, құқықтық тәртіп және қоғаммен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия отырысында аталмыш құжат жобасымен депутаттарды Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Дәулет Кәрібек таныстырды.– Тұжырымдаманы әзірлеу үшін басқарма мен «Астана жастары» мекемесінің жанынан арнайы жұмыс тобын құрдық. Осындай құжат елордада алғашқы рет дайындалды. Басты мақсаты – қаланың жастары мен жасөспірімдерінің, әсіресе, жағдайы төмен, аз қамтылған отбасылардан шыққандардың бос уақытын тиімді, пайдалы өткізуіне мүмкіндік жасау. Соның ішінде Пригородный, Үркер, Шығыс Ильинка, Өндіріс тұрғын алаптары сияқты орталықтан алыс жатқан аймақтарда аула клубтарын ашуды, шаһарда олардың санын көбейтуді көздеп отырмыз, – деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, қазіргі кезде бұл жұмыс қолға алынды. Атап айтқанда, Күйгенжардағы №42 орта мектеп жанынан және Үркердегі Сыпыра жырау, 1 мекенжайында аула клубтарын ашу бойынша тиісті жұмыс­тар басталды. Сондай-ақ үйірмелердің сапасын көтеру міндеті де қо­йылды. Құжатта жастардың өзін-өзін дамыту қабілеттерін арттыру мәселесі де ескерілген. Аула клубтары үйірмелерінде олардың азаматтық ұстанымының кү­шеюіне, тұлғалық дамуына, шығармашылық, танымдық, ғылыми, әлеу­меттік белсенділігін арттыруға арналған әртүрлі жұмыстар жүргізілмек.
– Біз жастар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізу жұмыстарын ұйымдастырумен ғана айналыспай, олардың арасында салауатты өмір салтын, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды насихаттау сияқты жұмыстарды жүргізетін боламыз, – деді Д.Кәрібек.
Аула клубтарын қаржыландыру мәселесіне тоқталған баяндамашы 2019 жылы қаладағы 21 аула клубына 145 млн теңге бөлінгенін атап өтті. «Бұл былай қарағанда көп қаржы сияқты. Бірақ оның 47 пайызы, яғни 68 миллионы салықтарға кетеді. Мұндағы 12 па­йыз – қосымша құн салығы, 10 пайызы – қыз­меткерлердің зейнетақы жарналары. Сонымен қатар жеке табыс салығы, әлеуметтік салық бар. Электрқуатына – 3,5 миллион теңге, жылу энергиясына – 2,7 миллион теңге, сумен қамтуға – 3,3 миллион теңге, ПИК-терге – 3,7 миллион теңге, қоқыс шығаруға 1 миллион теңге кетеді. Қалған қаржы аула клубтары қызметкерлерінің жалақысын төлеуге ғана жетеді. Ал жөндеу жұмыстарын жүргізуге, жаңа құрал-жабдықтарды алуға ақша мүлде қарастырылмаған» деген басқарма басшысы «Астана жастары» мекемесіне қарайтын 5 аула клубына бюджетті нақтылау кезінде қосымша қаржы сұрайтындарын жеткізді.
Соған қарамай, демеу­шілердің көмегімен 15 ақпаннан бастап «Бәйтерек» аула клубында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жыл соңына де­йін демеушілер тартып, тағы төрт клубты жөндеу жоспарланып отыр. Бұған қоса, жаңа екі аула клубы ашылмақ.
– Елордадағы аула клубтарының көбісі жертөлелерде орналасқан. Сондықтан санитарлық, өрт­ке қарсы қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейді. Қыста бөлмелер суық болып, кейде құбырлар жарылып жатады. Сол себептен қабырғаларын сыз басады. Клубтардың материалдық және техникалық жабдықталуы да нашар. Жалақының төмендігінен қызметкерлер жиі ауысып отырады. Яғни келген адам жұмыс­та тұрақтамайды. Бұл да бір проблема. Бір қызметкердің орташа жалақысы – 55 мың теңге. Қолға одан аз алады, – деді Д.Кәрібек.
Басқарма басшысы аула клубтары жұмысына қатысты өңірлердің және халықаралық тәжірибені зерттегендерін жеткізді. Соның ішінде Алматы мен Қостанай қалаларында, Ұлыбритания мен Сингапурде осындай клубтар жұмысы жақсы жолға қойылғанын, елорда клубтарын ұйымдас­тыруда бұл ескерілетінін айтты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды