Түзеу мекемелері тынысымен танысты

0 76

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаттары шаһардың Қылмыстық атқару жүйесі департаменті бөлімшелеріне қарасты нысандармен танысты. Алдымен ЕЦ-166/1 мекемесіне барды.Өткен жылы бұл мекемеге республикалық бюджеттен 25 млн теңге бөлінді. Қорытындысында бекеттер жаңартылды. Жалпы осында 8 бекет бар. Президент тапсырмасына сәйкес, барлық түзеу мекемелері цифрландырылу керек. Осы мекемеде казір баламалы камералар тұр. Оларды цифрлы камераларға ауыстыру қажет. Қажеттілік – 1 мың камера. Мұны «Қазтранстелеком» компаниясы есептеп шығарған. Қазіргі таңда осы мәселені республикалық бюджеттік комиссия қарап жатыр. Егер қанағаттандырылса, онда камералар орнатылып, қалалық Полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылады. Сонда қызметкерлер немесе сотталғандар тәртіп бұзатын болса, аталмыш орталық бірден тіркейді.
Мұнда цифрландыру бағытында жұмыстар қолға алынғанын айта кету керек. Қызметкерлерге кіргенде электронды жетондар беріледі. Оған дыбыс және бейнежазбалар жазылады. Жетонды таққан қызметкер өзін дұрыс ұстайды. Бірақ қазір 36 жетон ғана бар. Оны қала әкімдігі 2019 жылы алып берген. Бұған қоса, 100 рация мен 60 бейнетіркегішті сатып алуға қаржы бөлді. Бүгіндері аталмыш қондырғыларды көбейтіп, жиһаз да сатып алу керек.
Мекемеге қала әкімдігі фронт-кеңсе салуға көмек берді. Сол арқылы сот процестері онлайн өтіп жатыр. Былтыр электронды форматта 4 мың процесс өткен. Өткенгі жылдың басынан 600 процесс өтсе, пандемия басталғанда онлайн шешім шығару көбейген. Бұл мекеме Нұр-Сұлтан қаласымен қатар Ақмола облысының Аршалы, Ерейментау, Целиноград аудандарына да қызмет көрсетеді. Сотталғандармен психологтар мен теологтар жұмыс істейді. Осы мамандарға арнайы кабинеттер, ПЦР тапсыруға бөлме бөлінген.
Қылмыстық атқару жүйесі бөлімшелеріне қарасты барлық мекемелер індетті емдеуде қолданатын дәрі-дәрмектің үш айға жететін қорымен қамтамасыз етілген.
Депутаттар барған ЕЦ-166/10 мекемесі №8 қалалық емханаға тіркелген. Өткен аптада вакцинаның 1 мың дозасын бөлуге шешім шығарылды. Қазірге дейін 73 қызметкер вакцина салдырды. Осында қар шығаратын КамАЗ көлігі керек екен.
Сотталған әйелдер депутаттарға жиһаздар жетіспейтінін, кереуеттер ескі екенін, шатырдан су ағатынын, кәріз жиі бітелетіндігін айтты. Медициналық-санитарлық бөлімнің жағдайын жақсартуды, стоматология кабинетін ашуды, қалада жұмыс істеу мүмкіндігін қарастыруды сұрады.
Нұр-Сұлтан қаласы Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы, әділет полковнигі Ернат Ақылжанов­тың айтуынша, ЕЦ-166/10 мекемесіндегі 300 сотталған адам жұмыспен қамтылған. Сотталғандарға ұялы телефонмен сөйлесуге мүмкіндік жасалған. Бұл үшін арнайы бөлме бөлінген. Телефондар осында сақталып жатады. Өздерімен алып жүруге рұқсат жоқ.
Мекеме екі блоққа – тұрғын аймақ пен өнеркәсіптік аймаққа бөлінген. Екінші аймақта диірмен кешені, жиһаз шеберханасы, жылыжай, көлік жөндейтін аумақ, құс өсіру, дәретхана қағазын шығару цехтары бар.
– Бізге тапсырыстар керек. Мәселен, былтыр індет өршігенде мұнда көп пайдалануға жарайтын маскалар, блокбеттерде киетін костюмдер тігілді. Жалпы алғанда, көп пайдаланатын 1 миллион 300 мың маска шығарылды. Оның жартысы мекемеде таратылды, – деді Е.Ақылжанов.
Бұған қоса, мекемеде аяқ киім, соның ішінде спорттық және үйде киетін аяқ киімдер, арнайы сырт киімдер тігіледі. Олар нарыққа шығарылмайды. Тек қана осында пайдаланылады. Бұған да тапсырыстар қажет. Бір жылдары «ҚазМұнайГаз», «Мобитекс групп», «Петролиум» компаниялары тапсырыс берген. Кейінгі кезде олардан тапсырыс түспейтін болған.
– Қылмыстық атқару жүйесі бөлімшелеріне қарасты мекемелерде проблемалар өте көп екен. Бұл жүйе, негізінен, республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Жергілікті бюджеттен абаттандыру мен спорт алаңдары мәселелеріне көмек беріледі. Себебі осындағы адамдардың жағдайына көңіл бөлу керек. Қазір қаламыз «қызыл аймақта» тұр. Вакцинация, ПЦР тапсыру сияқты мәселелер уақытымен жүргізілу керек, – деді қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов.
Жалпы қалалық мәслихат депутаттары құқық қорғау органдарының жағдайына ерекше көңіл бөліп отыр. Мәслихаттың заңдылық, құқықтық тәртіп және қоғаммен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия отырысында бас қала полицейлерінің проблемалары кезекті рет талқыланды. Онда тәртіп сақшыларының материалдық-техникалық жарақтандырумен байланысты бірқатар проблемаларды шешу үшін қосымша қаржыландыру қажеттілігі айтылды.
Қазір учаскелік және мектеп инспекторларының штаттық санын көбейту, учаскелік полиция пункттерін ашу, қызметтік кабинеттерді бейнебақылау камераларымен жабдықтау, т. б. осы сияқты жұмыстарды атқару керек. Мамыр айында өтетін қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында осы мәселелер пысықталады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − 13 =