Туысқан халықтың тілегі бір

0 28

Қырғыз Президенті Садыр Жапаров Қазақстанға ресми сапармен келді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровтың президент ретінде алғашқы мемлекеттік сапарын Қазақстаннан бастағанының маңызы зор екенін атап өтті.

– Бұл – Қазақстанға деген үлкен құрмет. Сапарыңыздың рөлі, мағынасы айрықша деп айтуға болады. Себебі бұл сапар екі ел арасындағы қарым-қатынастарға үлкен серпін береді. Шын мәнінде сапарыңыздың бағдарламасы ауқымды. Сондықтан біз бүгін ең өзекті мәселелер бойынша пікір алмасамыз. Құдай қаласа, екі халықтың мүддесіне сай тиісті келісімдерге қол жеткіземіз деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров бірлескен мәлімдеме жасады.

2021 жылғы 2-3 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров Қазақстан Республикасында мемлекеттік сапармен болды.
Достық пен сенім сипатында өткен келіссөздер барысында мемлекет басшылары стратегиялық әріптестік пен одақтастықты одан әрі нығайту келешегін талқылады, сондай-ақ, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Президенттер Қазақстан Респуб­ликасы мен Қырғыз Республикасының бауырластық және тату көршілік қарым-қатынастарын дамыту мен нығайтудағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атқарған тарихи рөлін, сондай-ақ, оның Орталық Азиядағы өңірлік кооперацияны дамытуға қосқан орасан зор үлесін айрықша атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Қырғызстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі және көш бастаушы инвесторларының қатарына кіретінін жеткізді.

– Біз соңғы 15 жылда бұл елге 1 миллиард доллардан астам қаржы құйдық. Қазақ инвесторлары қыр­ғыз экономикасының маңызды салаларын өркендетуге, әлеуметтік ахуалын жақсартуға қомақты үлес қосып келеді. Атап айтқанда, жаңа жұмыс орындарын ашып, өндіріс секторы мен қаржы нарығын дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Осы орайда біз өзара инвестицияларды қолдауға және қорғауға келістік, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы сауда кедергілерін азайту, екі елдің кеден және салық органдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, олардың жұмысына цифрлық технология енгізу жөнінде келісім жасалғанын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің экспорттық әлеуетін нығайтып, шағын және орта бизнес арасындағы байланыстарды кеңейту үшін жақын арада Қазақстан делегациясы Қырғызстанға арнайы сапармен баратынын атап өтті.

Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров қонақжайлық көрсеткені үшін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа және барша қазақ халқына ризашылығын білдірді және жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында Қазақстан басшысын өзіне ыңғайлы уақытта сапармен Қырғыз Республикасына келуге шақырды.

Қырғызстан Президентінің елімізге жасаған мемлекеттік сапарының соңында Қасым-­Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров «Астана» халықаралық қаржы орталығын аралап көрді.

Мемлекет басшылары АХҚО-ның Халықаралық соты және Арбитраж орталығының, Қаржылық қызмет көрсету жұмысын реттеу жөніндегі комитеттің, Ислам қаржысы мен бизнесі жөніндегі хабтың, Жасыл қаржылар орталығының жұмысымен танысты.

Сонымен қатар екі ел президенттеріне Экспат орталығының, АХҚО биржасының, Үздіксіз кәсіби даму бюросы мен Қаржы технологиясы хабының қызметтері туралы мәлімет берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаровқа Қаржы орталығының бірқатар әзірлемелері, атап айтқанда, e-Justice электронды сот төрелігінің жүйесі мен TABYS мобильді қосымшасы таныстырылды.

Іс-шара соңында «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов келешекте АХҚО-ның филиалын Бішкекте, ал Қырғызстанның Инвестиция тарту жөніндегі агенттігінің өкілдігін Қаржы орталығында ашуды ұсынды.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 + twenty =