ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТЫН АРТТЫРДЫҚ

0 201

Қабыкен ЗАКАРЬЯНОВ, «Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Ел тұрғындарының азаматтық хал-ахуалының жақсы болуына септесу дегеніміз – Конституциядағы заң талаптарын өз мүмкіндігімізше орындау. Мысалы, елімізде тұтынушылардың құқығын қорғайтын 3 мың ұйым бар десек, солардың ішінде ең алғаш рет тәуелсіздік алған сәтте біздің «Әділет» қоғамдық бірлестігі құрылған. Содан бергі жылдар аралығында Астана қаласында 100 мыңнан астам тұтынушының құқықтарын қорғадық. Біздің ықпалымызбен мерзімі өтіп кеткен тауарлар, сапасыз көрсетілген қызметтер, жөнсіз жоғарылатылған коммуналдық төлемдер бойынша 1 миллиард теңге қаржы иелеріне қайтарылды.

Алғаш Астана құрылған жылдары мұнда монша, дүкен, шаштараз, сән салондары, дәмхана, мейрамханалар жетіспеген. Сонда, олардың санын арттыру туралы біздің ұсынымызды жергілікті әкімдік қолдап, өздерінің қоғамдық орындарды дамыту жөніндегі жоспарларына енгізген еді. Нәтижесінде, 15 жыл ішінде ақшасы бар әр адамға лайықты қызмет көрсететін орынжайлар көбейді. Осындай игілікті істерден кейін біздің халық атынан айтылған ұсыныстарымыз жергілікті атқарушы органдар тарапынан ескерусіз қалып жатқан жоқ дей аламын. Шүкір, қазір қаламызда 3 мың 547 мейрамхана, 602 дәмхана, 47 супермаркет, 14 сауда орталығы, сонымен қатар, көптеген асхана, базар, дүкен, сән салондары, шаштараздар, көлік жуу стансалары бар.

Кейінгі жұмыстардан нақты дерек келтірер болсам, өткен жылдың 9 айы ішінде бізге қала тұрғындарынан 4 мың 975 арыз түсті. Ал, 2011 жылдың 12 айындағы арыздар саны 4 мың 300 болған. Яғни, шағымданушылардың қатары бір жыл ішінде 30 пайызға артып шыға келді. Енді биылғы жылға келсек, Кедендік одаққа мүше мемлекеттерден импортталатын тауарлардың жалпы сапасы және таңбалануы талапқа сай емес. Бұған қоса, қазір Астанада сапасыз өнім шығаратын отандық кәсіпорындар да көбейген. Мысалы, жиһаз шығарушы кәсіпорындардың қатары 40 пайызға артып отыр. Сан еселенген сайын сапаны бақылау жағы қиындай түсті. Оған дәлел ретінде биылғы сегіз айда келіп түскен арыз-шағымдардың былтырғыдан әлдеқайда көптігін айтуға болады. Қазір «Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық бірлестігіне күніге 10-15 адамнан келіп тұрады. Олардың қатары көбейгеніне мақтануға болмайды, әрине. Өйткені, сол арқылы көп кемшіліктеріміз көрініп қалып жатыр ғой. Екінші жағынан, халықтың өз құқығын біліп, мұнда бас сұғып жатқаны – мақтанарлық жайт. Бұлай дейтінім, тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында заңды құқықтарын білетін адамдар он-ақ пайыз болса, қазір халықтың 70 пайызы заңнан жақсы хабардар және құқықтары бұзылған жағдайда тікелей сотқа жүгіне алады. Тұтынушылардың құқықтық зердесі жоғарылап, қоғамның экономикалық қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілгеніне тәубә!

Меніңше, мәселені мәдениетті түрде шешуге, құрылғанына биыл 15 жыл толған Астананың өркениетті дамуына әркім өз үлесін қосуы керек. Әйтпесе, осы күндері көптеген үйлердің ауласында ыбырсып қоқыс жатады. Оны тастаған адамдарға айыппұл төлеттіріп отырмаса болмайды. «Кәсіпкерлерді қолдау керек» дегеніміз дұрыс-ақ, бірақ, заңдық тұрғыдан солардың жауапкершілігін арттырған да маңызды емес пе?! Біз ешқашан да кәсіптерінің дамуына қарсы шықпаймыз. Ал, ақша үшін арсыздыққа барып, адамдық қасиетті аттап өткен ұждансыз бизнесмендерге тоқтау саламыз. Осы мүдде жолындағы барлық күштер біріге отырып, білек түре күресулері қажет. Қиыншылықтар мен қайшылықтарға қарамастан, аянбай жұмыс істейтін болсақ, жүйелі тәртіп орнатып, тұтынушылардың құқықтарын елеулі деңгейде қорғап қаламыз. Ол үшін ептеп «ҚР Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы» заңына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізу керек деп ойлаймын.

«EXPO-2017» халықаралық көрмесіне шетелдік қонақтар көптеп келетіндіктен де біз қызмет көрсету сапасы мен мәдениетін арттыруға мүдделіміз. Мысалы, қазір сауда орындарындағы сатушылар сөрелерінде тұрған өнімдер мен олардың қайдан тасымалданатынынан бейхабар. Оларға соның бәрін білу шарт. Үйрету керек. Әйтпесе, сауда және қызмет көрсету салаларындағы жағдай әлде де елорда мәртебесіне лайық дәрежеде болмай тұр. Біздің ұйымға тұтынушылардан уақыт өткен сайын үлкен сауда орындары мен шағын дүкен сатушыларының, қызмет көрсету персоналдарының дөрекілігі және арсыздықтары туралы арыз-шағымдар жиі келеді.

Міне, осындай былық-шылықпен күресу – үлкен мәселе. Бұл ретте, біз жалғыз емеспіз. Қол жеткізген жетістіктеріміз – Cанитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының, Қаржы полициясының, Салық комитетінің және басқа да тиісті мекеме мамандарымен бірігіп істеген жұмыстардың нәтижесі.

Қазір «Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық бірлестігіне күніге 10-15 адамнан келіп тұрады. Олардың қатары көбейгеніне мақтануға болмайды, әрине. Өйткені, сол арқылы көп кемшіліктеріміз көрініп қалып жатыр ғой. Екінші жағынан, халықтың өз құқығын біліп, мұнда бас сұғып жатқаны – мақтанарлық жайт.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 + 3 =