ТҰТЫНУШЫЛАР ТАЛАБЫ ҚАШАН ДА ОРЫНДЫ

0 147

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан сын-ескертпелері үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын да ширата түсті.

Біздің «Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы жиырма жылдан бері аста­налықтарға қызмет көрсетіп келеді. Осы уақыт аралығында елордамыздағы әрбір екінші отбасы біздің көмегімізге жүгінуде. Соның нәтижесінде біз тұрғындардан коммуналдық төлемдер үшін артық алынған ақшаны иесіне қайтаруға, тұрғын үйді тапсыру барысында бітпеген шаруаларды аяғына дейін жеткізуге және т.б. күш жұмсадық. Қоғамның араласуымен қаладағы кейбір мәселелер, мысалы, қоғамдық көлік қызметі, мектептегі тамақтандыру жағдайы жақсарды. Бұл ретте бастауыш сыныпта оқитын балаларды тегін тамақпен қамтамасыз етуге қол жеткізсек, аз қамтылған отбасылардың балаларын тамақтандыруға бөлінетін ақша 80 теңгеден 280 теңгеге дейін жоғарылады.

тутынушы

Бүгінгі таңда Астанада 3547 сауда және қызмет көрсету нысаны жұмыс істейді. Олардың арасында 170 қонақ үй, 177 мейрамхана, 608 дәмхана, 25 асхана, 25 жаңа клуб, 42 супермаркет, 34 сауда орталығы, 24 базар, 1904 дүкен, 244 сән салоны, 202 шаштараз, 25 монша, сауықтыру орталықтары, сонымен бірге көптеген техникалық қызмет көрсету орталықтары, аяқ киім жөндеу шеберханалары және т.б. бар.

Кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөнінде өткен кеңесте Елбасы «мемлекет пен бизнестің негізгі қызметі тұтынушылардың құқығын қорғауға бағытталуы тиіс» деген болатын. Соған қарамастан, бүгінде біздің қоғамға тұтынушылар тарапынан келіп түсіп жатқан арыз-өтініштер артып келеді. Егер өткен жылы елордалықтардан осындай 4000 шағым түссе, биылғы он айда олардың көлемі едәуір артқанын аңғаруға болады. Сонымен бірге жауапсыз кәсіпкерлер мен жүгенсіз сатушылар қатары да азаймай отыр. Осының салдарынан кейбір тауарлар жалған сертификаттармен сатылуда, таразыдан жеу мен тұтынушының ақшасын артығымен алу жағдайлары да кездесуде. Сондай-ақ тұрмыстық техника сататын сатушылар тауардың зауыттан келгендегі ақауларын біле тұра, тұтынушыға мұны ескертпестен сатып жіберу фактілері де әлі күнге жойылмай келеді. Мәселен, кәсіпкер М.Охапова «Технодом» дүкенінен құны 63 мың теңге тұратын «ВЕКО» тоңазытқышын сатып алады. Екінші күні-ақ ол істен шығады. Шақыртумен келген шебер оның зауыттан ақауы бар екенін растады.

«Каскад» сауда үйінде жұмыс істейтін К.Ахаева ЖК-ге 70 мың теңге төлеп, перде тігуге тапсырыс берген тұтынушы келісім-шартта көрсетілген уақыттың өтіп кеткеніне қарамастан, әлі күнге дейін пердесін ала алмай жүр. Сонымен бірге қаладағы көптеген дүкендерде, атап айтсақ, «Гринн», «Смолл», «Метро» сауда орындарында ерекше фишкалар пайда болды. Онда сөредегі заттардың бағасы бір басқа, кассаға келіп, ақша төлер кезде сатушы оны екінші, қымбаттау бағамен есептеп береді. Мәселен, сөредегі печеньенің бағасы 170 теңге болса, кассада оны 270 теңге деп есептейді. Ал, тұтынушыға «сөредегілер бағаларды ауыстыруды ұмытып кетіппіз, оның үстіне соған уақыт та жоқ» деп жауап береді. Кейбір дүкендерде сатушылар тұтынушылардың тұрғанына қарамастан, жұмыс істеудің орнына бірін-бірі жаңа көргендей, өзара шүйіркелесіп тұра береді.

Астанада тұрғындарға 1200-ден астам қызмет түрлері көрсетіледі. ЭКСПО-2017 қарсаңында олардың сапасына ерекше көңіл бөлінуі керек деп есептеймін.

Соңғы кезде азық-түлік бағасы, коммуналдық қызмет төлемдері едәуір өсті. Жаңа жылдан бастап жылу мен жарықтың бағасын қымбаттатпақшы. Осының бәрі тұтынушылар тұрмысына әсер етпей қоймайды. Сондықтан, коммуналдық төлемдер мен азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша тиісті шаралар қабылдану керек. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекеттік органдармен және атқарушы органдармен бірлесе отырып, тарифті тұрақтандыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш жұмылдырады деген сенімдеміз.

 

Қабыкен ЗАКАРЬЯНОВ,

«Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық бірлестігінің төрағасы 

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen + ten =