ТҰТЫНУШЫЛАР ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛАДЫ

0 192

DSC06011

Ертең елордалық базарларда және сауда орталықтарында «Әр тұтынушыға – қауіпсіз өнімдер» акциясы өтеді. Ол жөнінде Астана қаласы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті бас­шысының орынбасары Мирамғали Молдашев айтып берген еді.

– Акция қай жерлерде және қандай мақсатта өткізіледі?

– Акцияны 16, 23 және 30 мамыр күндері «Шапағат», «Шарын», «Артем» базарларында және «Әсем» сауда орталығында өткізуді жоспарлап отырмыз. Яғни, осы айдың әр аптасының бір күнін өнімдердің сапасын тексеруге арнамақпыз.

Негізінен жыл сайын осындай шараны өткізуді дәстүрге айнал­дырғанбыз. Әсіресе, жемістер мен көкөністер пісіп, сауда орындары сөрелеріне түскенде.
Тұтынушылар өз құқықтарын білуі тиіс. Акцияның мақсаты да сол – базаршылаған халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, азық-түлік өнімдері бойынша оларды жан-жақты ақпараттандыру. Департамент мамандары тұтынушылардың сұрақтарына да жауап береді.

– Азық-түлік өнімдерінің сапасын қалай анықтайсыздар?

– Базарлар мен «Әсем» сауда орталығында санитарлық-эпиде­миологиялық сараптама орта­лы­ғының зертханасы жұмыс істейді. Бұл – тұтынушыларға сатып алынған азық-түліктің сапасын тегін тексеруге, оның құрамындағы нитраттардың мөлшерін, денсаулыққа зиянды заттардың болу-болмауын анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, зертханалық сараптама арқылы халық өздері сатып алған азық-түліктің табиғи немесе жасанды екенін анықтай алады.

– Тексерілген өнімдер сапаға сай болмаса, қандай шараларды қолдана аласыздар?

– Сапасыз тауарды сатып алушылар оны қайтара алады. Өз кезегінде, департамент қызметкерлері Қазақстан Республикасы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігіне хат жолдап, кәсіпкердің қызметін тоқтату туралы мәселені көтереді.

Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерді тексеруге тыйым салынғанын білесіздер. Ал, осындай акциялар қалада сатылатын азық-түліктің сапасын анықтауға жақсы мүмкіндік береді. Өз құқықтарын қорғауға келгенде тұтынушылар да белсендірек болса дейміз.

Аманғали ШМИТҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 + nine =