ТҰТЫНУШЫЛАР ҚҰҚЫҒЫ ҚАПЕРДЕ БОЛАДЫ

0 97

Ortcom

Бүрсігүні Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР тұтыну­шылардың құқықтарын қорғау агенттігі төрағасының орынбасарлары Жандарбек Бекшин мен Нұрлан Ұранхаевтың қатысуымен брифинг өтті.

Брифингте еліміздегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдай, тұтынушылық құқықтарын қорғау және Қазақстанның ішкі нарығында өнімнің қауіпсіздігін қамтама­сыз ету мәселелері айтылды. Сондай-ақ, Жандарбек Бекшин биыл республикадағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдай­дың тұрақты екенін айтты.

Ол өз сөзінде: «Жыл сайын мемлекет инфек­циялық аурулардың алдын алуға қомақты қаржы бөліп отырады. Мысалы, соңғы 7 жылда тұрғындарды инфекциялық ауруларға қарсы вакцинациялауға бөлінетін қаржының көлемі 12 есеге артып, 15 млрд теңгені құрады» деді. Бекшин балаларды қызамыққа қарсы вакцинациялау қызылшаға және эпидемиялық паротитке, b типіндегі гемофильдік инфекцияға қарсы аралас вакциналар құрамында аралас жүргізіледі және пневмокок инфекциясына қарсы вак­ци­на­ция­­лау кезең-кезеңмен енгізілетінін айтты.

Сонымен қатар, өткен 5 айдың қоры­тын­дысы бойынша елімізде қызылшаның 167 жағдайы тіркелген екен. Ал 2013 жылы мұндай 73 жағдай орын алған.

Агенттік эпидемиялық маңызы жоғары объектілерге қатысты тексеру тоқсан сайын емес, жарты жылда бір рет, ал эпидемиялық маңызы орташа объектілерге қатысты жарты жыл сайын емес, жылына бір рет жүргізілетін болады. Яғни, аталған топтар бойынша жоспарлы тексерулердің жиілігін 2 есеге қысқарту ұсынылған.

Ал Нұрлан Ұранхаев агенттіктің басым бағыттарының бірі өнімнің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар болып табылатынын сөз етті.
«Агенттік Дүниежүзілік банктің жәрдемдесуімен санитариялық-эпидемио­логия­лық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы жанынан «Орталық Азия тамақ қауіпсіздігі» оқыту орталығын құруды жоспарлап отыр. Орталықтың қызметі халықаралық стандарттарды және оқытудың бірнеше түрін пайдалана отырып, бизнес-операторларды оқытуға, сондай-ақ, ведомство мамандарының кәсіптік білімін үздіксіз арттыруға және практикалық дағдыларын жетілдіруге бағытталатын болады» деді ол.

Сонымен қатар, Нұрлан Ұранхаев ағымдағы жылғы 7 маусымда Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесін жетілдірудің 2014-2015 жылдарға арналған кешенді жос­пары бекітілгенін хабарлады.

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 5 =