Тұтынушылар дән риза

0 108

Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті «Қауіпсіз өнімді таңда» атты акция өткізді. Мұндай шара еліміздің әр аймағында бір мезгілде ұйымдастырылып отыр.

«Шапағат» коммуналдық базарында ұйымдастырылған шарада тұтынушылар өздері сатып алған азық-түліктің сапасын тексеріп көрді. Өйткені көпшілік үшін күнделікті тұтынып жүрген азық-түліктің қаншалықты сапалы екенін білу маңызды жайт болса керек.

– «Қауіпсіз өнімді таңда» атты акцияның ең басты мақсаты – қала тұрғындарын қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз ету. Өйткені кей кездері тұтынушылар сапасыз өнім сатып алып, сан соғып жататыны жасырын емес. Сондықтан да Ұлттық лаборатория мамандары экспресс әдіспен еліміздің түкпір-түкпірінен келген көкөністер мен азық-түліктердің құрамындағы нитрат мөлшерін, бал мен шырындардың сапасын және барлық тағамдардың микробтық ластану деңгейін анықтап бере алады.

Осы ретте айта кету керек, сатушы мен тұтынушы азық-түліктерді ақысыз түрде тексерте алады. Мұндай акция әр екі апта сайын қала базарларында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұратын болады, – деді Сарыарқа ауданының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Гүлбану Есдәулетова..

Ұлттық сараптама орталығында дәрігер-бактеролог болып қызмет жасайтын Майгүл Бердікей азық-түлік өнімдерінің сапасын 1-2 минуттың ішінде анықтап беретінін айтады. Яғни «Highlight» деген аппарат тұтынушылар мен саудагерлердің уақытын алмайды.

Сондай-ақ, ол сапасыз азық-түлік анықталса, Денсаулық сақтау департаменті нақты шара қолданатынын айтып өтті.
Мамандардың айтуынша, мұндай акция әр екі апта сайын қала базарларында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұратын болады. Мәселен, осы күні «Сарыарқа» сауда орталығындағы «5 минут» супермаркетінде дәл осындай акция ұйымдастырылды.

Серік Жолдасбай

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 + 3 =