Тұтқындарға неге теріс қарадық?

0 52

Соғыс тұтқындары жөніндегі белгілі ­Гаага, Женева конвенцияларында жау қолына түскен әскери қызметкерлерге әрдайым түсіністікпен қарап, оларға адамгершілік тұрғысынан қамқорлық көрсету қажеттігі баса айтылған. Өркениетті елдер мұндай талапты жоққа шығармайды, бұлжытпай орындайды. Мысалы, Вьетнам майданына қатысқан соғыс тұтқындарын АҚШ өкіметі орден, медальдармен марапаттады. Ардагерлер есебінде сый-құрметке бөледі, әртүрлі жеңілдіктер жасалды. Де Голль, Уинстон Черчилль, Броз Тито да жау тұтқынында болған, бірақ оларға туған жері ешқандай күдік көрсеткен жоқ.Қазір белгілі болып отырғанындай, «бізде тұтқындар жоқ, сатқындар бар» деп теріс пиғыл көрсеткен Кеңес өкіметі ғана майдан шебінде амалсыз торға түскен өзінің ұл-қыздарына сенімсіздік байқатты, қудалауға салды. Соғыста, жат елде көрген қорлығы аздай, ондай адамдар еліне келісімен не тұтқындалды немесе сенімсіз жандардың «қара тізіміне» ілікті. Сотталмаған күннің өзінде оларға өкімет әрдайым күдікпен қарады, азаматтық құқықтары шектелді. Заңсыз түрде. Өйткені бұл мәселе жөнінде ресми жарияланған заң күші бар қаулы-қарар немесе басқа да нормативтік құжаттар болмады. Бірақ жасырын түрде нұсқау беріліп, әскери тұтқын болды дегендер ла­уазымды қызметке алынбады, шет елге шығуға рұқсат етілмеді, шамалы құпиясы бар деген жұмысқа жолатпады. Ал «халық жаулары» (58-баппен сотталғандар) дегендердің күні тіпті қара түнекке айналды. Олардан бастықсымақ шенеуніктер ғана емес, кейбір аға­йын-туысқандарының өзі «бір пәлесі жұғар» дегендей, мүмкіндігінше, бойын аулақ салуға тырысқаны шындық. Тіпті соғыс біткен соң өз елінде осындай қуғын-сүргін көрді дегендердің ішінде Түркістан легионында болғандардың бірде-біреуі шет қалған жоқ десек қателеспейміз.
Екінші дүниежүзілік со­ғыс­тың қан майданын бастан кешіріп, еріксіз тұтқынға түскен түркістандықтар арасында кейін «қазақтың Паганиниі» деген атақты скрипкашы Әйткеш Толғанбаев, сол қырғын текетірестің от-жалынынан соң «Қазақконцерттің» белгілі әншісі болған Мұхамбетқали Батыргереев ­сияқты өнер қайраткерлерімен қатар ақын-жазушылар, журналистер, ғалымдар аз болмаған. Олар – Әлім Асқар («Асқар Әли»), Мәжит Аяпбек («Мәжит Дара»), Мәжит Айтбаев («Қобызшы Қорқыт»), Мәулікеш Қайболдин («Асан Қайғы»), Хамза Абдуллин («Сайран») және басқалары. Бұлардың ішінде әсіресе соңғы үшеуі соғысқа дейінгі қазақ қаламгерлері арасында танымал есімдер еді. Олар шет жерде қалып, Х.Абдуллиннен басқасы Алматыдағы 1946 жылдың соңында өткен әскери трибуналға қатыспаса да, сот құжаттарында есімдері қатар аталады.
«…Активное использование Канатбаева, Тыныбекова и их единомышленников – Айт­баева, Кайгина и других казахских националистов, как главенствующей силы, началось с одной стороны, в составе самого «ТНК», с другой стороны, с «удовлетворения» их требования в предоставлении им возможности организации «Восточно-тюркского государства» путем сколачивая всех пантюркистких элементов к борьбе против советской власти. Свою организационную работу в указанном направлении Канатбаев, Тыныбеков, под руководством Ольцша, начали с выпуска общетюркской газеты «Тюрк бірлігі» («Единство тюрков»). (Куәгер Шломс­тың жауабынан).
Мәжит пен Мәулікешті көзі көрген, шет жерде бір үзім нанды бөле жеп, «Түркістан ұлттық комитетінде» бірге қызмет атқарған ақын Хамза Абдуллиннің жазғанына қарағанда, бұл екеуі түйдей құрдас – 1913 жылы туыпты. Мәжит Айт­баев – Қызылорда облысының түлегі. Екіжылдық мұғалімдер институтында сабақ берген. Одан бұрын Алматыдағы қазақ педагогикалық ­институтында белгілі жазушы, батыр Мәлік Ғабдуллинмен бірге оқыған.
«Милли Түркістан» журналын ең алғаш қолға ұстағанда есте қалғаны – оның бірінші бетіндегі Мұстафа Шоқайдың әдемі суреті мен («Қобызшы Қорқыттың» (Мәжит Айтбаевтың – А.К.) «Түркістан» өлеңі еді» деп еске алушы еді марқұм Хамза ағамыз.
Соғысқа дейін Ленинград университетінің философия факультетін бітірген Мәулікеш Қайболдин болса Алматы мен Мәскеудің газет-журналдарында қазақ және орыс тілдерінде жарияланып тұрған. Сосын Германияда жүргенде оның немісше жазған «Жұмақтан келген жәрдем» деген романы, өлеңдері баспа бетін көріпті. Әли Асқардың «Через мрак» деген орыс тіліндегі романы басылып шықса, Мәжит Атабек екі лирикалық дастан мен бір топ өлең жазыпты. Ал Хамза Абдуллиннің шығармашылығы жөнінде қазақ оқырмандарының хабары бар.
1942 жылдың қазан ­айында «ТҰК»-нің бір топ мүшелері Орта Азия мен Қазақстанға Татарстан мен Башқұртстанды қосып, келешекте Түркістан деп аталатын мемлекет құру жөнінде ойластырудың қажеттілігі жөнінде Германияның Шығыс Еуропа елдерінің мәселелері жөніндегі рейхсминистрі А.Розенбергке, тағы басқа жоғары орындарға хат жіберген. Оны жазуға журналист Хәкім Тыныбеков, ақын Мәжит Айтбаев, әдебиетші Мәулікеш Қайболдин және басқалар белсене қатысқан.
«Туркестан без Татарии и Башкирии не может стать самостоятельным государством, способным защитить свою свободу. Любой китайский богдыхан будет в состоянии подмять под себя в этом случае. Казахстан с его неисчислимыми богатствами не обойтись, в первую голову, без помощи самой Германии, а потом уж Татарии, где мастеров материальной культуры и вообще рабочих рук гораздо больше, чем в Туркестане. Только в тесном сотрудничестве всех тюркских народностей «русского» Востока заложена предпосылка быстрого роста их благосостояния, что и в интересах Германии. Поэтому кто из нашего стана противится этому, тот вредит общему делу» делінген сол баянхатта.
«Түркістан ұлттық комитеті» шығаратын газет-журналдар негізінен осы идеяны қолдап, қолпаштағаны рас. Бұлардың ішінде Хәкім Тыныбеков басқарған «Милли Түркістан» саяси журналының орны ерекше болды. Сөз болып отырған басылым жөнінде доктор Баймырза Хайт былай деген: «…журналдың бірінші саны «Біздің жол – аталар жолы, тәуелсіздік жолы! деген ұранмен жарық көрген. Германия мемлекеті бұл саяси бағытты білгенімен мұндай ниетке қарсылық білдірмеген» («Қазақ елі», 30.05.1997).
Комитет бұдан басқа «Милли әдебиет» («Ұлттық әдебиет») деген әдеби-көркем журналды, «Яни Түркістан» («Жаңа Түркістан») атты газетті шығарып тұрды. Айыптау қорытындысында «ТҰК» шығарған осы басылымдар мазмұны жағынан кеңестік өмірге жала жабу, большевизмге қарсы қарулы көтеріліске шақыру және герман фашизмін мадақтап, оларды большевиктер езгісіндегі Орта Азия мен Қазақстан халықтарының бостандығы үшін күрескер ретінде көрсету болды» делінген. Кеңес өкіметі оны басқаша қалай айтуы мүмкін еді?
1944 жылы маусым ­айында Вена қаласында «Түркістан конгресі» болып өтті. Мақсат – легионерлердің жауынгерлік рухын көтеру, тәуелсіз Түркістан елінің болашақ үкіметінің негізі болып есептелетін «ТҰК»-нің беделін арттыра түсу. Аталмыш жиынға осы ұйымнан басқа Түркістан легионы құрылымдарынан, әртүрлі курстардан герман үкіметі мен барлау органдарынан, басқа да ұлттық комитеттерден көптеген өкілдер – барлығы 400-ге жуық адам қатысты.
Конгрестің күн тәртібіне сай бірінші болып «ТҰК» жұмысы туралы Вали ­Каюм-ханның есебі, Кеңес өкіметімен күрес және тә­уелсіз Түркістан мемлекетін құру жолындағы міндеттер туралы мәселе қаралып, талқыланды (Х.Тыныбеков­тің 1946 жыдың 5 қазандағы сотқа берген жауабынан).
Өркениетті елдердің қайсысы болмасын өз тілін сақтап қана қоймай, оны дамыта беруге, кеңейте түсуге әрдайым ынта-ықылас білдіреді. Ал қиын-қыс­тау жағдайда шет елде тұтқында жүріп ана тілінің тағдырын тілге тиек етіп, дүйім жұрттың алдында өз ойын, пікірін ашық айтса бұған, сөз жоқ, кім де болса сүйсінер еді. Неміс әскері ұйым­дастырған Венадағы сол жиында Хәкім Тыныбековтің «Тіл бірлігі – ұлт бірлігі» деген тақырыпта қосымша баяндама жа­сауы ерлікке пара-пар іс-әрекет еді. Алайда кеңес соты басқаша ұқты. Тергеу құжаттарында «возводил клевету на советскую власть, национальную политику советского правительства и партии большевиков, дискредитировал сталинскую национальную конституцию. Кроме того, в своем докладе на конрессе призывал тюркское население к активной борьбе против СССР» делінуі соны аңғарт­са керек.
***
1945-1946 жылдары Қазақ, Өзбек, Қырғыз және Түрікмен ССР-ы Мемлекет қауіпсіздігі комитеттері (МҚК) немістердің барлау органдарының арандатушылығымен құрылды делінген «Түркістан ұлттық комитеті» («ТҰК»), «Түркістан ұлттық советі» («ТҰС») аталған большевизмге қарсы ұйымның, Түркістан легионының бір топ мүшесін тұтқындап, қылмыстық жауапқа тартқан. Легионға қатыс­ты қылмыс жасады, елдің тұтастығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтірді деп істі болған 49-дың бәрі «халық жауы» деп танылып, олар бас бостандығынан айырылды, итжеккенге жіберілді.
Соғысқа қатысып, ерік­сіз тұтқынға түскен түркістандықтарды сот керітөңкерісшілер – «халық жаулары» деп есептеді, олар бур­жуазиялық ұлтшыл көсемдер – Бөкейханов, Дулатов, Байтұрсынов, Ход­жаев, ­Иомуд- хан және басқалардың жүзеге асыра алмай кеткен арман-мақсаттарын орындауға әрекет жасады деген қорытынды жасайды.
1995 жылы еліміздің Бас прокуратурасы Хәкім Тыныбеков және басқалардың (барлығы 49 адам) №5221 қылмыстық істі қайта қарады. Сол жылдың 2 шілдесінде жасалған прокуратура қорытындысында итжеккенге айдалып, жауапқа тартылғандардың бәрі Отанын сатқандар, соғыс жағдайындағы КСРО-ға қарсы шет ел мемлекетіне қол ұшын бергендер, демек, сот шешімі заңды, ақталуға ешқандай негіз жоқ, сондықтан бұл пақырларға қазақ жұртының 1993 жылғы 14 сәуірде қабылданған «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» заңының пәрмені жүрмейді деп кесіп айтылды.
Дей тұрсақ та, осы 49-дың ішінен бұл жалғаннан кетерінен небәрі үш-төрт жыл бұрын Әйткеш Толғанбаев (1992) пен Хамза Абдуллин (1996) толық ақталған еді. Әбішев Қабыкен де ақталды деген дерек бар.
Түркі тектес көрші республикаларда бұл мәселенің қалай шешілгенін білмейміз, ал біздің әскери тұтқындарымыздың атажұртта көрген қиямет-қайымының қалай болғандығына ел-жұрт куә.

Амантай КӘКЕН,
журналист

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seven − six =