«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Түтіннен қашан арылады?

0 241

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Алматы ауданы әкімі Әділбек Сәрсембаевтың тұрғындармен есепті кездесуі өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев пен Парламент Сенатының депутаты Еділ Мамытбеков қатысты.

Кездесуде аудан басшысы былтыр атқарылған жұмыстарға кеңірек тоқталып, жұртшылықты биыл жүзеге асатын жоспарымен таныстырды. Одан кейін жиын тұрғындар сауалына жалғасты.
Алдымен Ш.Құдайбердиев 19/1 үйі­нің тұрғыны сөз алды.
– Біздің үйіміз өзі ыңғайсыз жерде орналасқан. Көктем келсе, батпаққа батамыз. Дәл үйдің алдында үлкен қазылған сай бар. Оған жаңбыр жауса су толып, балаларымыз құлап кете ме деп алаңдап отырамыз. Содан кейін, көршілес тұрған Қ.Рысқұлбеков 27/3 пен «Саламат» тұрғын үй кешенінің тұрғындары көлігімен біздің ауламыз арқылы өтеді. Бұл көшеге шығатын жол жоқ. Өткен жылы ауламызға шағын гүлзар бағын салу басталған еді, ол аяқсыз қалды, – деді ол.
Бірінші сауалға Әділбек Сәрсембаев: «Былтыр сіз айтып отырған үйдің айналасында жөндеу жұмыс­тары жүргізілді. Оның бәрі биыл тәмамдалады. Үйдің айналасын толықтай қалыпқа келтіреміз» десе, жол мәселесіне байланысты қалалық Көлік және жол-көлік инфра­құрылымын дамыту басқармасының өкілі: «Саламат» тұрғын үй кеше­ніне баратын жолдың жобасы қазір сараптамадан өтуде. Бұл бірталай уақытты алады. Сондықтан 2020 жылы жол салу жұмысын бас­таймыз» деп жауап берді.
Мағжан Жұмабаев 1/1 үй кешенінің тұрғыны осы көшеде орналасқан
№34 «Ақбидай» балабақшасында бүгінгі дейін балалар ойнайтын алаң жоқ екендігін айтты. «Біз өткен жылы осы мәселемен жауапты мекемелерге хат жаздық. Содан алаңды салу жұмыстары басталған секілді болып еді, бірақ толық біткен жоқ. Балаларымыз ойын алаңы болмағандықтан, қысы-­жазы далаға шыға алмайды. Таза ауа жұтпайды. Содан жиі ауырады. Осыны шешіп берсеңіздер екен» деген өтінішін жеткізді.
Бұл мәселені қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев Білім басқармасының өкіліне бақылауға алуға тапсырды.
Абылай хан 57/1 көшесінің тұрғыны Тамара Қожамқұл өзі тұратын бес қабатты үйде судың жоғары көтерілмейтіндігін айтып, сұрақ қойды. Астана су арнасы мекемесінің маманы: «Бұл жерде проблема «Астана-2008» пәтер иелері кооперативіне қатысты болып отыр. Жақында насос орнаттық. Бірақ бұл үйдегі су құбырының диаметрін үлкейту керек. Қазір тағы барып тексеру жүргіземіз» деді ол.
Тамара апайымыз шаһардың экологиясына қатысты тағы бір өзекті мәселені көтерді. «Біздің үйіміз Оңтүстік-шығыс ауданына жақын орналасқан. Солардан шыққан көктүтін алдымен бізге келеді. Қазір сол жеке тұрғын үйлерде жекеменшік монша көп. Монша иелері пешке көліктің доңғалағы секілді адам денсаулығына зиян заттарды жағады. Тіпті, соның иісінен демала алмаймыз» деді.
Бұған Ермек Аманшаев: «Бұл проб­леманы білеміз. Мұны шешуге арнайы бағдарлама жасалды. Оның бір күнде іске асуы мүмкін емес. Жүйелі түрде шешіледі» деп жауап берді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды