Түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды
Елордада «Жұмыспен қамту – 2020» Жол картасының орындалуы баяу. Бағдарламаны тежеп тұрған кедергілер бар. Бұл кеше Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаеваның төрағалығымен өткен отырыста анықталды.
Нақтылап айтсақ, жұмысқа жіберуші мен жұмысқа алушы тараптар арасында түсініспеушілік туындап отыр. Екі қолына бір күрек таба алмай жүрген жұрт та ұсынылып отырған жұмысқа бармай, таңдау жағына шыққан. Көбісі мемлекеттік қызметке орналасқысы келеді. Ал еңбек нарығында қазіргі таңда дәнекерлеуші, слесарь-жөндеуші, автобус жүргізуші, т.б. осындай бас-аяғы 20 шақты техникалық мамандықтар сұранысқа ие. Бұл мамандықтардың жалақысы аз болғандықтан, ел оған бара бермейді. «Жұмыспен қамту орталығы» ММ басшысы Қайрат Жақыпов өз баяндамасында осындай фактілерді келтірді.
Биыл Астанада қажет жұмысшы мамандықтар бойынша бір жылдық оқуға 150 адамды жіберу жоспарланған. Ол үшін жұмысқа жіберуші мен жұмыс беруші тараптар арасында келісімшарт жасалады. Бюджеттен қаржы бөлініп, жұмыс берушінің есепшотына аударылады. Бірақ, жоғарыда аталған себептермен оқуды
бітірген көпшілігі ұсынған жұмысқа орналаспайды. Сондықтан, оқытуға жұмсалған қаржыны жұмыс беруші қайтаруы шарт. Ал кейінгі тарапқа ол тиімсіз екені белгілі. Сондықтан, жұмыс беруші қанша адамды оқытқаны жөніндегі анықтама қағаздары мен еңбек шарттарын жұмысқа жіберуші – Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына ұсынбаған. Түйткіл осы жерден шығып тұр.
Әр мекеме бір адамды жұмысқа қабылдамас бұрын денсаулығы жөнінде анықтаманы сұрайтыны анық. Ал заңнамаға сәйкес денсаулық сақтау нысанынан ол анықтаманы алу үшін 2-3 мың теңге көлемінде қаржы шығындау керек. Бұл әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан адамның қалтасына ауыр тиеді. Отырыста халықтың аз қамтылған тобына бұл анықтаманы тегін беру мәселесі көтерілді.
Осының бәрін тыңдаған Аида Ғалымқызы бүгіндері Астана секілді алып шаһарда 60 шақты ғана жұмыс беруші мекеме болса, ол аздық ететінін, сондықтан бұлардың санын арттыру қажеттігін қадап айтты. Халық арасына шығып, бұл мәселе бойынша үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Осы айдың аяғына дейін істі бір жолға қою керектігіне назар аударды.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ