Түсіндіру жұмыстары күшейтіледі

0 8

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ел аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Отырыста Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл 19 шілдедегі елдегі эпидемиологиялық ахуал жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларының орындалуын ұйымдастыру мәселелері қаралды.Үкімет басшысының орынбасары мемлекеттік органдар өкілдерінің баяндамаларын тыңдап, қысқа мерзімде Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша нақты шараларды қабылдауды тапсырды. Атап айтқанда, жаңа штамдардың пайда болуын ескере отырып, коронавирус инфекция­сының таралуына жол бермеу жөніндегі жедел іс-қимылдардың нақты жоспарын әзірлеу және енгізу; QazVac отандық вакцинасын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркеу және оны одан әрі үшінші елдердің нарықтарына шығару мәселесін пысықтау, осы бағытта нақты жол картасын әзірлеу; карантиндік шектеулерді сақтауға қойылатын талаптарды қатаңдату мәселесін пысықтау; вакциналау қарқыны төмен өңірлерге әдістемелік көмек көрсету үшін көшпелі бригадаларды қалыптастыру; коронавирусты диагностикалау мен емдеу хаттамаларына сәйкес реанимация бөлімшелері мен жедел медициналық көмек қызметтерін қосымша жарақтандыруды қамтамасыз ету жөнінде нақты ұсыныстар енгізу; коронавируспен ауыратын нау­қастарды емдеу үшін «Ремдесивир» препаратын орталықтандырылған сатып алу мәселесін шешу жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.
Ішкі істер министрлігіне басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жалған вакциналау паспорттарын жасаудың жолын кесу жөніндегі ведомствоаралық арнайы топ құру; Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне «Атамекен» ұлттық палатасымен және Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, бизнес субъектілерін Ashyq бағдарламасына енгізу жөніндегі талаптарды жеңілдету жөнінде нақты тапсырма берілді.
Ералы Тоғжанов мониторингтік топтар жұмысының маңыздылығына тоқталып, ІІМ мен әкімдіктерге осы бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырды. Бұдан бөлек, ведомствоаралық комиссия Ashyq арқылы тіркелген қоғамдық орындарға баратын «қызыл» және «сары» белгісі бар адамдарға қатысты шараларды қатаңдату туралы шешім қабылдады. Енді карантин режимін бұзған «қызыл» белгісі бар адамдардың есімдері бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Сондай-ақ ­Е.Тоғжанов мемлекеттік органдардың басшылары мен өңірлердің әкімдеріне вакциналау тұрғысынан түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, сондай-ақ халықты коронавирус инфекциясынан вакциналаумен қамтуды арттыру туралы нақты тапсырмалар жүктеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − 2 =