Түсінбестік болмасын!

Дәрігер кеңесі

0 38

Мыңжылқы БЕРДІҚОЖАЕВ, жоғары санатты
нейрохирург-дәрігер:

Өкпесі 30 пайыз пневмониямен зақымданған науқасты үй жағдайында емдеуге болады. Олар дене қызуын түсіретін дәрілер қабылдап, сұйықтық көп ішуі керек. Сонымен қатар дәрумендер қабылдап, ішетін тамағының құнарына мән беруі қажет. Мұндай науқастарға қосымша емнің қажеті жоқ. Бұл кезде әдетте дене қызуы 4-5 күн 38,5-39 градусқа дейін көтеріліп, одан кейін қалпына келе бастайды. Ал қызудың көтерілуі бес күннен асып кетсе және өкпенің 50 пайыздан көп бөлігі зақымданса, сондай-ақ науқасқа оттегі жетпей, сатурациясы 93-тен төмен болса, ентікпесі де 24-тен жоғарыласа, бұл адам ауруханада емделуі тиіс. Одан бөлек, қосымша созылмалы аурулары бар және жасы 65-тен асқан науқастардың дене қызуы көтерілсе де ауруханаға жатқызылуы мүмкін.
Алғашқы кездерде адамдардың көбі түсінбей, өкпесі тек 5-10 пайыз зақым­данса болды КТ-ға түсе беретін. Қазіргі таңда олай етудің қажеті жоқ. КТ диаг­нозды қояды, бірақ ол адам ағзасы үшін күрделі. Сондықтан компьютерлік томографияға үйде жеңіл түрімен ауырып жатқандардың түсуі міндетті емес.
Коронавирус жұқтырған кезде адам ағзасында тромб түзілетіні туралы да айтылды. Мұны естіп алып көп адамдар дереу қан сұйылтатын дәрілерді олардың қандай әсері бар екеніне қарамастан ішті. Адамда стресс болған кезде түрлі жаралар пайда болуы мүмкін. Ал сондай кезде қанды сұйылтып жіберсе, ол адам өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан мұндай препараттар дәрігердің қадағалауымен берілген жөн.
Халық арасында бұл вирусты емдеуде фавипиравир деген дәрінің әсері күшті деген сөз тарап жүр. Дегенмен менің айтарым, оған қатысты нақты дәлелденген деректер жоқ. Қазір ол клиникалық зерттеуден өткізілуде. Егер пневмония­ның орташа немесе ауыр түрі болса, алғашқы 72 сағаттың ішінде науқастың қолын қойдырып, келісімін алған соң ғана берілуі мүмкін. Яғни осы арқылы науқас аталған дәрінің халықаралық зерттеуіне қосылатынын растайды. Келісім бермесеңіз, әрине, өз қалауыңыз. Амбулаторлық жағдайда оны қабылдаудың қажеті жоқ. Сонымен қатар жүкті әйелдер де абай болғаны жөн. Әзірге бұл препаратты ішпей тұра тұрған абзал.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 + 20 =