«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Түсік туралы түйсік

0 265

Демография туралы түсінігімізді төмендегі дәйектер толтыра түсер дейміз. Азаматтық хал актілерін тіркеу органдары ұсынған мәліметтерге қарағанда, биылғы қаңтар-маусымда туғандар саны 192,7 мың адамды құрапты. Бұл туудың жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 21,26 екенін көрсетеді. Осы кезеңде 66,8 мың адам қайтыс болған. Өлім-жітімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға 7,37 пайызды құрады. Қарапайым есеппен алғанда, осы көрсеткіштегі таза өсім шамамен үштен екіні құрайды.

Осы ретте өткен жылы жа­салған 28 589 түсікті, «бала» деп елестететін болсақ, мұны да демографиялық көрсеткішке кері әсер етті дер едік. Түсік жасатқандардың жартысы отыздан енді асқан бала туу қабілеті бар әйелдер екен. Демек, бұл отадан кейін, олардың сау баланы дүниеге әкелу мүмкіндігі азаяды. Оның да демографияға тікелей ықпалы бар. Ота мен демографияны қатар тізбелеуіміздің сыры неде?
Өйткені осы ота арқылы тұла бойы тұңғышын алдырғандардың маңдайы тасқа тиіп жатқаны жасырын емес. Жасанды түсіктің салдарынан жаңадан шаңырақ көтергендердің 17 пайызы немесе әрбір бесінші отбасы бедеуліктің зардабын тартып отыр. Одан бөлек, түсік жасатқаннан кейінгі бойға біткен баланың өлі тууы, айы күніне жетпей шала туып, шақалақтың апта өтпей шетінеуі жиі орын алады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, соңғы 20 жылда денсаулығы мықты, сау баланы өмірге алып келетін қыз-келіншектердің саны 28,3 пайыздан 6,3 пайызға дейін кеміген көрінеді. Адамзат ұрпағының құрдымына алып келе жатқан мына жайт бізді де айналып өтпеген. Ендеше, оның алдын алуға неге ықыласты емеспіз?! Сар даланы қазаққа толтыра алмай жатқанда, оны орындайтын әйелдердің денсаулығын әлсіретіп жатқан жасанды түсіктің бүйір­ден қосылған жау екенін неге ашық айтпасқа?!
Жаманы, орын алған дәл осы жағдайда, жапалақты тасқа ұрсаң да, таспен жапалақты атсаң да, жапалақ өледі дегеннің кері келіп тұр. «Жапалақ» – халқымыздың санын көтеретін қазақтың әйелі, 18-36 жас аралығындағы медицина тілімен айтқанда, фертильді жастағы қыз-келіншектер.
– Абортқа келетін әйелдердің 90 пайызы – әлеуметтік жағдай салдарынан бала алдыратындар. Он пайыздайы ғана денсаулығына байланысты ота жасатады. ХХІ ға­сырда өмір сүріп отырсақ та, қазіргі қазақ әйелдері отбасын жоспарлаудың жолын, өз денсаулығын қорғаудың әдісін, тіпті, түсік жасап күнәға батпаудың заманауи амалын білмейді. Баладан құтылудың оңай жолы түсік деп есептейді. Оның салдарын ешқайсысы ойлап жатпайды, – дейді №3 Перинаталды орталығы бас дәрігерінің орынбасары Гүлназ Досмырзаева. – Жатырын тазалауға келгендер дәрігерлерді жау көреді. «Мен өзім білем, абортқа келдім. Оны жасау – сіздің жұмысыңыз» деп беттен де алады. Егер 35 жастағылар да тұла бойы тұңғышын алдыруға келсе, оған да жүрегіміз ауырады. Осыншама жасқа келіп, сәби сүю бақытынан неге айырыласың десек, «жағдайым жоқ, баспанам жоқ, тіпті күйеуім жоқ» деп те сылтауын алға тартады. Өкінішке қарай, жүктілікті үзу, жасанды түсік бала тууды реттеуде үлкен басымдық алып отыр. Бұл дұрыс емес.

Көптеген елдерде бұл әдіске тыйым салынған. Бірақ, дәрігер Гүлназ Досмырзаевамен осы туралы сөйлескенімде оның дұрыс шешім емес екеніне көзімді жет­кізді. Ондай жағдайда криминалды аборттар көбейіп, оның салдарынан болған ана өлімі артатынын алға тартты. «Одан басқа, әйел ақыры ойына алған екен, көрші елдерге түсік жасатуға ба­ра­тын болады. Бұл да әйелдер үшін артық шығын болса керек» деген уәжі де көңілге қонды.
Қазіргі күнде бұл ота мемлекет есебінен тегін жасалады. Бұл, әрине, әйелдердің бір мәселесін шешкенімен, басқа да әлеуметтік жағы сол күйінде қалып, күйіп тұр. Осы орайда, мемлекет тарапынан нендей шара-көмек болады дегенде, осыдан екі жыл бұрын естіген мына оқиға есіме түсті.
Қаладағы тастанды сәбилер үйіндегі жетімдердің арасында бір-екі баланың анасы демалыс сайын келіп, сәбиін бағып-қағып, ойнататынын білдік. Байғұс ана басшылардан қайта-қайта өтініп сұрап, баспаналы болған күні алып кететінін айтып, сәбиін қалдырған екен. Ойлап қарасаңыз, әлгі әйелдікі жөн. Астанада тұрмысқа шықпаған қыздар көп екені белгілі. Одан қалды қаланың құрылыс алаңдарында қазақтың талай қыз-келіншектері өзін-өзі адал еңбегімен асырап жүр. Енді солар өз басына пана таппай жүргенде сәби сүйгені не теңі дейсіз ғой. Рас, биліктегілер де солай ойлайды. Бірақ оларды ана болу бақытынан айыратын біз кімбіз?! Мемлекет неге көзін жұмып отыр? Жас туғандардың бәріне баспана бермесе де, нәресте қатайғанша, сәбилер үйінде ба­ғып-қағуға рұқсат берсе дұрыс болар ма еді? Айта кету керек, дүниеге келген сәби көп нәрсені өзгертеді. «Бір қозы артық туса, бір түп жусан қоса өседі» демей ме?! Кейбір бала несібесін өзімен бірге ала келеді. Сонда қазақтың да саны артып, қоғамда ізгілік сәулесі маздап, адамдардың жүректері жібір ме еді?
Әзірге гинекологқа барып «спираль» салдыруға әне барам, міне салам деп тірлікпен қолы босамай жүргенде әйелдер бала көтеріп қойып, оған түсік жасатып, ба­ла­ның көрер жарығын өшіріп жатыр. Өйткені қазақ анасының құрсағында қимылдаған сәби шетінесе ат қойып, адамға балап жерлеген. Жатырға сәби біткенін үш-төрт ай өткенше әйелдің де сезбей қалатыны бар. Ол кезде жүрегі соғып, қимылдай да бас­тайды. Ендеше, осындай тірі жанға деген құрметі бар халық­тың бүгінгі ұрпағы неліктен қаты­гез болып жатыр деген ой келеді.
Жасыратын несі бар. Барша қазақтың әйелдеріндей менің де түсік жасатқан жайым бар. Жылдар өте келе, алдындағы балаларым жетілгенде, осылар сыйған жерге басқасы да сыяр еді деген ой жиі келеді. Уақыт өте келе жас кезім­дегі әрекетімнің әлсіздіктен еке­нін кеш те болса түсінгенімнен болар…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды