ТұрсынбекҚАБАТОВ, Астана қаласы көңілді тапқырлар театрының директоры: МЕН — САХНАДАН АСАБАЛЫҚҚА ЕМЕС, АСАБАЛЫҚТАН ТЕАТРҒА КЕЛГЕН АДАММЫН

0 153

Осыдан он жыл бұрынғы Тұрсынбек пен қазіргі Тұрсынбектің айырмашылығы бар ма?
Жанар, Астана қаласы

Неге болмасын. Ауылға барсам, «Өй, сен баяғыда өзімізбен ойнап-күліп жүретін Тұрсынбек едің, үндемейтін болып қалыпсың. Жұлдыз ауруына шалдығайын дегенсің бе?» дейді. «Көкем-ау, мен ауылдан 19 жасымда кеткен бала емеспін бе?». Бала кезіңде айналаңдағылардың күлгеніне мәз болып, аузың тынбай сөйлей бересің. Қазір бір үйдің отағасымын, әкемін. Ойланып сөйлейтін жасқа жеттік. Сондықтан, мені өзгерткен танымалдылық десеңіздер, қателесесіздер.

 

Танымалдылық сізге не берді?
Балнұр ИБРАГИМ, мектеп оқушысы

Баянды деген өнерде бірге жүрген досым бар. Ветеринария факультетін бітірген. Соның «Дипломыңыз не берді?» деген сауалға «Төрт жыл оқып алған дипломым 15 мың теңге көрімдік жи- нап берді» дегені бар еді. Жасырмаймын, танымалдылықтың күнделікті күйбең тірлікте пайдасы тиіп жатады. «Сен Тұрсынбек емессің бе?» деп, бар мәселеңді шешіп беруге дайын тұрады. Кейде өзге өңірлерге жолымыз түсе қалғанда «Мойны жуан» жігіттердің өзі «Ей, сен әлгі КВН-дағы жігіт емессің бе?» деп қол беріп жатады.

 

Соңғы кездері өнер адамдарына сын айтудың соңы бірінбірі сотқа сүйреуге жиі ұласатын болып жүр. Сіз сынды қалай қабылдайсыз?
Марал Есіркепқызы, студент

Сынның айтылғаны дұрыс шығар. Кейде жүрекке тиетін орынсыз сындар да болады. Жасыратыны жоқ, біраз сынға ұшырадық. Біз туралы жазған бүкіл газет-журналдарды жинап оқып шығатынмын.

Біреуі концертіміздің «Базар жоқ» деген атауына, екіншісі «Тұрсынбек тым тез сөйлейді, «аха» деген сөзді жиі қайталайды» деп, үшіншісі «Әзілдері қазан-ошақтың айналасынан ұзап шықпайды» деп сынапты. Сосын тез сөйлейтін әдеттен арылып, жәй сөйлеуге көштім. Бейнетаспаларды қарап отырсам, «Аха» деген сөзді бір-ақ қойылымда қайталай берген екенмін. Қадалғаны осы болса, бұдан кейін мүлде айтпай-ақ қояйын деп шештім. Қазан-ошақ тақырыбын алып тастап, одан жоғарылау деңгейдегі әзілге көштік. Міне, әр 3-4 ай сайын бір концерт беріп отырмыз. Биыл қала күні қарсаңында тоғызыншы концертімізді жоспарлап отырмыз. Халық бұған дейінгілерін жақсы қабылдады. Сын сап тыйылды. Бірақ, бір қызығы, бірде-бір басылым «концерттерің ке- ремет өтті» деп жазып жатқан жоқ.

 

«Тұрсынбек асабалыққа тапсырыс алып, көңілі соқпаса бармай қоя салады екен» дейді. Бұл қаншалықты рас?
Айнұр, журналист

Қалай айтсам екен… Осы өзге асабалар кімге өтірік айтты, кімді сазға отырғызып кетті,онымен халықтың жұмысы жоқ. Ал біздің жүрісіміз, тұрысымыз, сөйлесіміз бәрі әңгіме. Бұл танымалдылықтың зиянды тұсы енді. Қайта маған бұрын ешкім танымайтын кезімде той жүргізу әлдеқайда жеңіл болатын. Бір кездерде әлгіндей жайлардың болғаны рас. Бірақ, ешкімнің ақшасын жеп кеткенім жоқ, қайтарып бердім.

Өйткені, бара алмауымның себептері тболды. Қазір шынымды айтсам, желтоқсан айына дейінгі сенбі, жексенбінің бірде-біреуінде бос емеспін, тапсырыс алып қойғам. Халық алмасыма қоймайды. Егер қала басшылығы тарапынан сол күндері маңызды концерттерді,

мерекелік шараларды жүргізу тапсырылып жатса, амал жоқ, тойдан бас тартамын деп, бәріне о бастан ескертемін. Бірақ, мен ешуақытта дәл той күні бара алмайтынымды айтып, той иесін әуре-сарсаңға түсірген кезім болған емес. Кемінде 2-3 ай бұрын ескертемін.

Мойындау керек, жас кезде талай нәрсе болды. Жастықпен ащы судан ұрттап қоясың. Ішіп отырған адам уақыттың қалай өткенін білуші ме еді? Ол кезде ұялы телефон атымен жоқ. Есіңді жинағанда, той басталып кетеді. Қазір ащы судан татып алмаймын. Тфә-тфә, ондай жауапсыздыққа салынған кезім болған жоқ.

 
«Базар жоқ» деген атауды басқаша

етіп қоюға болмас па еді?
em>Алмас ЖАҚСЫЛЫҚОВ, студент

Театр «Астана көңілді тапқырлар театры» деп аталады. Ал, «Базар жоқ» – концерттің атауы. Бұл атаумен театр құрылмай тұрып концерт өткізіп жүргенмін. Осыдан екі жыл бұрын театрдың ашылу салтанаты кезінде біз көшелерге «Астана көңілді тапқырлар театрының» концерті деп жарнама ілдік. Концертке үш күн қалғанда кассадан жеті-ақ билет өтті. Содан бір түннің ішінде бүкіл жарнаманы жыртып, «Астана көңілді тапқырлар театрының ашылуы», «Базар жоқ» концерті деп өзгерттік.

Концерт күні кассаның алдында билет іздеп жүрген халықта есеп жоқ. «Базар жоқ» атауы халыққа бұрыннан таныс. Сондықтан, бұл атау рейтингімізді көтеру үшін қажет болды. Болашақта «Базар жоқ» атауын мүлде алып тастап, «Астана көңілді тапқырлар театры» деп шығатын боламыз.

 
Сіздің театрдың әртістері пародия жасауда неге 4-5 кейіпкердің төңірегінен айналып шықпайды?
Жазира ӘЛІМҚЫЗЫ

Басында өзіміз де неге осыларды айналып шықпай қалдық деп ойлағанбыз. Сөйтсек, жоғарыдағылардың көбісінің даусын білмейді екенбіз ғой. Бірде біреуі сөйлемейді екен. Бар білеріміз, сол 4-5 жан. Кім екенін халық бірден дөп баспаса, оның несі пародия? Бірде журналистер болса керек, Иманғали ағамыздан «Сізді жігіттер жиі пародияға салып жүр ғой» десе, «Пародияға салып жатса, демек халық мені жақсы таниды деген сөз. Ал, пародияны жасаған адамды нағыз өнер адамы дер едім» деген екен. Бірақ, өкініштісі, бізде пародияны дұрыс қабылдайтын мұндай кісілер аз. Көбісі мазақ ету деп түсінеді.

 

Сізді мықты асабалардың бірі дейді. Той жүргізу шеберлігіңіз шынында мықты ма, әлде халық сізді танымал болғаныңыз үшін шақыра ма?
Айым БИДОСОВА, Астана қаласы

Мен сахнадан асабалыққа кетсем, тойға танымалдылығым үшін шақырады деуіме болар еді. Бірақ, мен асабалықтан сахнаға келген адаммын. Мен той жүргіздім екен деп, сахнаны тастамаймын. Сахнада жүрмін екен деп, тойдан да бас тартпаймын.

 

«Тұрсынбек, Тұрсынбек, Қабатов Тұрсынбек» дейтін әннің авторы кім?
Гүлден ИСАЕВА

Астаналық досым, белгілі композитор Қайрат Баекеновке осы тәрізді ән шығарсақ деп әуенін «Тұрсынбек Тұрсынбек….» деген сөзге салып, ыңылдап бергенмін. Ертесіне студиясына шақырып тұр. Барсам, «Дабыл» тобының жігіттері, Қалқаман Сарин, Дос, Мейіржан Әлібеков бәрі жиналып, әнді жазып та үлгеріпті. Қызығы сол, менің «Тұрсынбек, Тұрсынбек» деген сөзімді қайырмасы етіп сол қалпында қалдырыпты.

 
Сахнаны тастап, басқа салаға кетіп қалғыңыз келетін кездер бола ма?
Марат, Астана қаласы

Ондай сәт болды. Бірде интернет бетінен «Д.Мәкежан» деген журналистің біз жайында жазғансын пікірін оқыдым. Жерден алып, жерге салыпты. Мені өнерден енді кетпестей еткен осы мақала болды.

Себебі, мақаланың астына 300-дей адам пікірін қалдырыпты. Бәрі – менің жағымда. Мақаладағы сын пікірлердің тас-талқанын шығарған. Қысқасы, мені сахнада алып жүрген халықтың осындай ыстық ықыласы.

 

Елді күлдіруде алдыңызға жан салмайсыз. Өзіңіздің жантәніңізбен күлетін кездеріңіз жиі кездесе ме?
Мақсат, мектеп оқушысы

Біраз жыл бұрын Қазақстан телеарнасындағы «Дарабоз» деген бағдарламаға қатысқаным бар. Бірде пойызда келе жатып, шағын станциялардың біріне тоқтадық. Сөйтсем, әлгі ауылда тек «Қазақстан» телеарнасы көрсетеді екен. КВН «ОРТ» телеарнасында, «Базар жоқ» «Еларнадан» беріледі.
Жерге түссем, біреу жаныма жетіп келді. «Сен әлгі, сен әлгі… Кім еді?» деп есіне түсіре алмай тұр. «КВН немесе «Базар жоқтағы» Тұрсынбексің» деп айтады екен десем, «Ә-ә-ә, сен әлгі «Дарабоздағы» жігітсің ғой» дейді жерден жеті қоян тапқандай қуанып. Әй, бір күлгенім-ай, сол кезде…

 

Жазып алған Шынар ДОСАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve − 4 =