Тұрсынбек НҰРҚАЛИЕВ, «Астана Опера» театры балет труппасының жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері: ӘЛЕМ ТЕАТРЛАРЫМЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАМЫЗ

0 131

Тұрсынбек НҰРҚАЛИЕВ

– Алдағы аптада «La Scala» театрының ұжымы бес күн бойы елорда халқын «Дон Кихот» балетімен қуантпақшы екен. Опера отанынан келетін мәртебелі меймандардың бұл сапары Астана күні қарсаңында келуі кездейсоқ емес шығар?

– Шынтуайтында, әлемге әйгілі «La Scala» балетінің «Астана Опера» театрына гастрольмен дәл осы елорда күніне орай келуі кездейсоқ емес. Жас театрымыздың көрерменге есігін ашқанына 21 маусымда бір жыл толады. Естеріңізде болса, біз сахна шымылдығын операмыздың маржаны – «Біржан-Сарамен» ашқан едік. Қуанарлығы, осы аз ғана уақыт ішінде өнер ордасын әлем тани бастады. Оның ішінде миландық «La Scala» театры да бар. Осы ретте театр директорының шығармашылық сұрақтар жөніндегі кеңесшісі Уильям Грациозидің Италиядағы барлық театр басшыларымен жақсы қарым-қатынаста екенін байқадық. Оның үстіне біздің де осындай «La Scala» труппасы немесе «Grand Opera» сияқты әйгілі өнер ордаларынан аларымыз мол. Менің ойымша, бұл «Астана Опера» солистері үшін керемет шеберлік сабағы болады. Жай спектакль емес, олар бүкіл әлем білетін «Дон Кихот» спектаклін алып келді. Мұндай театр біздің сахнамызда өз аурасының кішкентай бөлігін қалдырса да, бізге үлкен олжа. Неге десеңіз, «Teatro alla Scala» – қаншама ғасырлық тарихы бар, опера мен балеттің жылнамасын тізген өнер ордасы. Аты мәшһүр театрдың Астана күніне орай өнер көрсету жөніндегі ұсынысымызға бірден келісе кеткені бізді қуантты.

– Труппа қашан келеді ?

– «La Scala» шығармашылық труппасы 25 маусымда елордаға келген бойда, репетицияға кіріседі. Жарықтарын, декорациясын қояды. Ал спектакльдерін халыққа 30 маусым мен 4 шілде аралығында ұсынады. Бүгінде декорациялар мен костюмдер Астанаға жеткізіліп қойды.

– Театр неге «Дон Кихот» балетін таңдап алған?

– 2007 жылы он адамнан тұратын біздің балет артистері біліктілігін арттыру мақсатында Италияға барып, дәл осы «La Scala» театрының шеберлік сабағына қатысқан. Екі айдың көлемінде әртістеріміз Рудольф Нуриевтің қойылымындағы осы «Дон Кихот» балетінің па-де-десін орындады. Бұл қойылымның Мариус Петипа мен Александр Горский қойған нұсқалардан сәл айырмашылығы бар. Сонымен қатар, Рудольф бұл спектакльге жаңаша көзқарас пен өзіндік қолтаңбасын енгізді. Қанша дегенмен ол – еркектер биінің қым-қуаттылығын қалаған XX ғасырдың бишісі. Спектакльге біздің оркестр қатысатындықтан, бұл қойылым «La Scala» театры мен «Астана Операның» біріккен қойылымы болады. Әрі спектакльге біздің балет солистерінің де қатысып, 17 адамның көмекші рольдерде ойнауын «La Scala» театрының өзі ұсынды.

дон-кихот-1 (1) 77777

– Біздің әртістер қанша дегенмен орыс балеттік мектебіне тән хореографияға машықтанған ғой. Ал, италиялық театрдың ерекшелігі қандай?

– Әрине. Біріншіден, Нуриев – таза классиканы ұстанған биші. Оның қойылымында әйелдер партиясына қарағанда, ерлер биі басым. Және ешқандай заманауи би қимылын пайдаланбайды. Қойылымда өзгеше декорациялар мен костюмдер бар.

Жалпы, «La Scala» театрынан 107 адам келеді. Ерекше қойылым болады деп ойлаймын.

– Астанаға басқа осындай деңгейдегі театрларды шақыру жоспарда бар ма?

– Иә, біз Үлкен театрмен гастроль алмасу жөнінде келістік, аталған шара 2018 жылға жоспарланған. Мұнымен қоса, тоғыз театрмен меморандумға қол қойдық. Биыл гастрольмен Санкт-Петербор қаласына барып келсек, күзде Мария театры елордаға қонаққа келеді. Жалпы, әлем театрларымен шығармашылық байланысымыз бар.

– Әлбетте, шетке шығу үшін репертуар да әр алуан болуы керек…

–Жоспар көп. Репертуарымызды күн санап толықтырудамыз. Күні кеше Юрий Григоровичтің қойылымындағы «Спартак» балетінің тұсауын кестік. Қазан айында «Травиата» операсын қоямыз. Қараша айында Джузеппе Вердидің «Аида» операсының тұсаукесері. Оның ғажап нұсқасын бізге италиялық режиссер Франко Дзефирелли ұсынады. Ұлттық балетті де назардан тыс қалдырмаймыз, 5 желтоқсанға Ғ.Жұбанованың «Қарагөз» балетін жоспарладық. Сонымен қатар, желтоқсан айының соңында «Шерткіш» балетін көрермен назарына ұсынамыз.

Дайындаған
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven + 11 =