Тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетілді

0 547

ERA_9924

Кеше Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы, қалалық әкімдік және «Шұғыла» қоры тұрмысы төмен отбасыларды қолдауға бағытталған бірлескен «Береке» қайырымдылық акциясын өткізді. Қайырымдылық көрсеткен шараның басы-қасында Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаеваның өзі жүрді.

Жоба алдымен әлеуметтік көмекке мұқтаж тұрғындар арасында сауалнама өткізуден басталған болатын. Сол бойынша жағдайы төмен отбасылар ірік­теліп, оларға азық-түлік өнімдері ұсынылды.

Аида Балаева: «Біз қалалық Кәсіпкерлер палатасымен, сондай-ақ «Шұғыла» қорымен бірлесе отырып, жағдайы төмен отбасыларға көмектесуді жөн деп таптық. Шыны керек, теңгенің девальвацияға ұшы­рауы халықтың біраз бөлігіне ауыр соққы болып тиді. Сол себептен, осын­дай қайырымдылық шараларын ұйым­дас­тырып тұру кезек күттірмейтін мәсе­ле­лер­дің біріне айналды. Әр отбасыға 3 мың теңгенің көлемінде азық-түлік өнімдерін беріп, сәл де болса көңілдерге жұбаныш ұялатқандай болдық. Сондықтан, Астана қалалық Кәсіпкерлер палатасы мен «Шұғыла» қорына үлкен алғыс білдіргім келеді» деді.

Әкімнің орынбасары алдымен екі ұлы бар мүгедек кейуананың үйіне кіріп, хал-жағдайларымен танысып шықты. Ортасын пешпен бөлген қуықтай бөлмеде көрпеге оранып алған қарт өзінің үлкен баласы көлік жуу орталықтарының бірінде жұмыс істейтінін айтса, 11 сыныпта оқитын 17 жасар кенжесі де өзі сияқты мүгедек екен. Әкімнің орынбасары оларға мемлекет тарапынан қолдау болатынын және жақын күндері үйді жылыту үшін көмір жеткізіп беруге ықпал ететінін айтты.

Екінші үйге келгенімізде үйелмелі-сүйелмелі 4 бала алдымыздан шығып, қолымызға жармасты. Суретке түсіріп жатқан ағаларына аң-таң кейіппен қадала қараған қаракөздердің анасы жалғызбасты екен. Оның Арқалықтан келгеніне он жыл болыпты. Өзінің айтуынша, қазіргі уақытта тұрғын үй кезегінде 11 мыңыншы болып тұр. Аида Балаева орта білімді келіншекті алдағы уақытта мемлекет тарапынан жасалып жатқан барлық мүмкіндікті пайдаланып қалуға шақырып, оны тегін оқу курстарына баруға үндеді.

Содан кейін қайырымдылық топ үшінші отбасына келді. Бір бөлмелі жып-жылы үйде отырған 6 балалы ана жұбайымен бірге 14 жыл бұрын Шымкенттен көшіп келген екен. Үлкен баланы ауылдағы ағайындардың қолында қалдырып Астанаға жеткен отбасы бұл күні 25 мың теңгеге пәтер жалдап тұрады. Отағасының құрылыс саласында қара жұмыс істегеніне де көп бола қоймаған.
Шараны ұйымдастырушы кәсіпкерлер осылайша отбасылардың бәріне ұн, жарма, макарон, өсімдік майы, қант, томат және т.б. азық-түліктер таратып, алғыстарын алып қайтты.

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − 5 =