Тұрмыстық зорлық-зомбылық тоқтай ма?

0 19

Мессенджерлердегі бейне және аудиожазбалар, жанжал шығарушымен әңгімелесу – отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудың пәрменді әдісі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің бастығы Гүлмира Шрахметова мәлімдеді.Оның айтуынша, қабылданып жатқан шараларға қарамастан отбасылық-тұрмыстық қылмыс деңгейі соңғы 3 жылда өсті. Тұрмыстық жанжалдың басты себебі – маскүнемдік.
Полиция тұрмыстық зорлық-зомбылық жолын кесу үшін ПИК пен тұрғындарды барынша жұмылдыра бастады. Учаскелік инспекторлардың отбасылық жанжалдар бойынша шақырылуына бақылау күшейтілді.
Г.Шрахметова тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін шешу полициядан басқа да мүдделі үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігіне тікелей байланысты екенін айрықша атап өтті.
«Әйелдер, негізінен, ұрып-соғуға және қорлауға ұшырайды әрі мұны полициядан жасырады. Жұбайын өзі тәрбиелеуге тырысады. Бұл әдетте бірнеше апта мен айға созылады. Қайғылы жағдаймен аяқталатын сәттер де жиі кездеседі. Осындай жағдайларда балалар да зардап шегеді» дейді Г.Шрахметова.
Осындай проблеманы шешу үшін полиция елорданың үкіметтік емес ұйымдарын тарта отырып, жәбірленушілердің құқықтарын қорғау іс-шараларын іске асыруда. Оларға психологиялық көмек, заңгерлік қолдау көрсетілуде. Биыл дағдарыс орталықтарына 50-ден астам әйел мен өмірлік қиын жағдайға тап болған 100-ге жуық бала орналастырылып, түзету жұмыстары жүргізілді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 1 =