©2020 Астана Ақшамы
ТҰРМЫСТЫҚ МӘСЕЛЕНІҢ ТҮЙІНІ ШЕШІЛДІ
Сарыарқа ауданына қарасты қала іргесіндегі Өндіріс кенті тұрғындарының билікке айтар базынасы аз емес. Кентте күні бүгінге дейін қоғамдық моншаның болмауы, жалғыз отбасылық дәрігерлік амбулаторияда ең қажетті мамандардың жоқтығы, кей көшелердің әлі күнге дейін жарықтандырылмауы секілді түйткілді мәселелер мұнда жетіп артылады.
Аудан әкімі Ермек Оспановтың халыққа есеп беру жиынында кент тұрғындары көкейіндегі осы сауалдарға жауап іздей келді.
Сенбі күні №60 мектеп-лицейде білім мекемелерінің 400-ге жуық қызметкерімен жүздескен аудан әкімінің келесі кездесуі кеше №7 мектеп-гимназияда жалғасын тапты.
«Әкім – халықтың адамы». Десе де, қарауындағы жүз мыңдаған тұрғынды жеке-жеке қабылдап, өтініш-арызын тыңдауға күнделікті қарбаластың мұрша бермесі анық. Сондықтан, жылына бір рет өтетін мұндай жиынға тап болған жанның бағы бар десек, артық емес.
Мәселен, кешегі кездесуде өндірістік ақсақалдың қоғамдық моншаға қатысты көтерген мәселесін әкім әп-сәтте шешіп берді. «Егер монша салуға қаражаты жететін жан табылса, әкімдік арқылы жер телімін бөлуге көмектесеміз» деді. «Егер халық игілігі үшін іс тындырамын деушілер табылып жатса, 20-25 соттық жерді табу аса қиын шаруа емес» деп, мұнысын Астана қаласы мәслихатының хатшысы Сансызбай Есілов те қостады.
Ал, Денсаулық сақтау басқармасының өкілі келесі жылы Өндіріс тұрғын алабынан шағын емхана салу жоспарда бар екенін айтып, халықты қуантып тастады.
Бірнеше жыл бұрын Өндіріс кентінде жерді заңсыз иелену дерегі тіркелгені белгілі. Ұлтарақтай жердің дауы әлі күнге дейін толастамай келеді. Кездесуге келген тұрғындардың бірі осы мәселенің ұшын шығарды. «Тұрғындардың кейбірі жерді заңдастырғанын анықтайтын құжат алғандарын айтып жүр» деді ол. Алайда, аудан әкімі Өндірістегі 305 үйдің де еш жерде тіркелмегенін, иелері заңсыз жолмен салып алғандықтан, оларда мұндай құжаттың болуы мүмкін еместігін айтты. Егер жердің құжатын заңсыз жасап жүрген жандар болса, аты-жөнін жазып тапсыруды жеткізді. «Ал, Өндірістегі жер дауының тоқетер түйінін алдағы уақытта қалалық прокуратура шығаратын болады» деді.
Әкімге айтылған өтініш-тілектердің легі мұнымен бітпеді. Балалар ойын алаңының жетіспеуі, жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, аулаларды қардан тазарту секілді тұрмыстық қажеттіліктен туған мәселелер де жиі көтеріліп жатты. Аудан әкімі орайы келгенде мұның бәрі де шешімін табатын мәселе екенін айтты.
Шынар ДОСАН