Тұрмыс жайлы әрі қолайлы болуы тиіс

0 57

2-3 ақпан күндері Алматы ауданының әкімі Бектенбай Есполов тұрғындармен онлайн есеп беру кездесуін өткізді. Бұған дейін ол 16 қаңтардан бастап екі апта бойы күн сайын онлайн-қабылдаулар ұйымдастырып, халықтың талап-тілегімен, арыз-шағымдарынан хабардар болып отырды. Олардың барысында кейбір жеңіл-желпі мәселелер жедел шешімін тауып жатты.

– Есептік кездесуде айтылған арыз-шағымдардың ешқайсысы ескерусіз қалмайды. Түрлі объективтік-субъективтік себептерге байланысты былтыр бітпей қалған іс-шаралар биылға ауыстырылды. Атқарушы биліктің басты міндеті – халықтың хал-ахуалын арттыру жолында еңбек ету. Сонымен қатар біздің бастамаларымызға қызу қолдау көрсетіп жүрген демеушілерге, қоғамдық қорларға, кәсіпкерлерге және белсенді жандарға алғыс айтамыз, – деді аудан әкімі Бектенбай Тілектесұлы.
Қордаланған проблемаларды жедел қарау, тұрғындардың неғұрлым көп бөлігін қамту және кері байланыс орнату үшін аудан аумағы 19 секторға бөлінген. Әр секторға жауапты тұлғалар бекітіліп, ортақ WhatsApp-чаты құрылған. Чатта ПИК, полиция және тілек білдірген тұлғалар тіркелген.

Қайырымдылық шаралары қолға алынған

Жалпы Алматы ауданында 380 мың тұрғын бар. Өткен жылы ауданның мұқтаж 2300 отбасына (8773 адам) 987 млн теңге атау­лы әлеуметтік көмек төленді. Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға 4150 азық-түлік жиынтығы, 2200 балаға жаңа жылдық сыйлықтар мен оқу құралдары, 1120 отбасына тұрмыстық заттар табыс етілді. Сондай-ақ «Біз біргеміз» шарасы аясында кедей жандарға киім-кешекпен және қаржылай жәрдем көрсетілді. Құрбан айт кезінде 6 мыңнан астам отбасына ет таратылды. 285 отбасының көмір алуына ақша бөлінді. Олардың ішінде 53 отбасына демеушілер қол ұшын созған. Демеушілердің қатарында «Біргеміз», «Алтын ана жүрегі», «Нұр Әлем Қазақстан», «Союз ­добра», «Отбасы мектебі» қоғамдық қорлары, жеке кәсіпкерлер болды.
Әлеуметтік осал топтағы азаматтарға қолдау көрсету мақсатында бір жыл ішінде 41 қайырымдылық шарасы өткізілген. Жалғызбасты қарттарға 300 тағамдық жиынтық берілді, 30 зейнеткердің ауласының қары тазаланды.
Аудан аумағындағы Триатлон, Президент атындағы және Есіл жағалауындағы үш саябақтың біріктірілді. Қала әкімі Алтай ­Көлгіновтің тапсырмасы бойынша онда көпір астына спорттық және балалар алаңы жасалды. Қазір бұл орын көпшіліктің қызықтап шоғырланатын жеріне айналды.
Қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру тұрғысынан былтыр ауқымды жұмыстар атқарылды. Қазіргі күні ауданда 420 аула бар, оның 320-сы қанағаттанарлық жағдайда, қалған 100-і жөндеуді қажет етеді.
2020 жылы қоғамдық кеңістікті абаттандыру бойынша 18 жоба жүзеге асырылып, 75 аулаға жөндеу жүргізілді. 40 мекенжайдағы балалардың ойын алаңдарына 210 шағын сәулет пішіндері, 140 көше тренажері, 20 workout аймақ, 15 спорттық алаңдар орнатылып, жасалды және 3700 ш.м тас кес­пекше төселді.
Ағымдағы жылы 50 аулаға жөндеу жұмыстарын жасау жоспарланған. Аудан әкімі Бектенбай Тілектесұлының айтуынша, егер қаржы үнемделіп жатса, биылдыққа барлық 100 аула да жөнделіп қалуы мүмкін екен. Сонымен қатар, Урбанистика орталығымен бірлесіп қоғамдық кеңістіктерді, жасыл аймақтарды көбейту көзделген, оның шағын және орта бизнесті дамытудағы мультипликативтік әсері үлкен.
Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың ұлт денсаулығын нығайту, халықтың барлық санаттары арасында бұқаралық спортты дамыту және балалар үшін спорт инфрақұрылымдарының қолжетімділігін арттыру туралы тапсырмасына орай біз жыл сайын спорт және балалар ойын алаңдарының, воркаут аймақтарының санын арттырып келеміз, – деді аудан әкімі Б.Есполов.

Шет аймақтардың шетін мәселесі

Алматы ауданы әкімінің есептік кездесуінде жұртшылық өздерін толғантқан көптеген сауалдар жолдады. Сұрақтардың басым бөлігі (70 пайыз) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және санитария туралы болды. Сондай-ақ әлеуметтік мазмұн, жол-көлік инфрақұрылымы, абаттандыру жайы жиі көтерілді.
«Промышленный» кентінің тұрғыны Елена Башкатова өздері тұратын үйлерге газ қашан беріледі, оның бағасы қалай болады деп сұрады.
Газ «Промышленныйға» 100 пайыз тартылды, Оңтүстік-Шығыс, Интернациональный, Күйгенжар және Мичурин тұрғын үй алаптарына ағымдағы жылдың тамыз айының соңына дейін тартылады дей келіп, аудан әкімі бүгінде үйлерді газға қосу 30 пайызға арзандағанын, о баста ол 200 мың теңге болса, енді 120000-150000 теңгеге төмендегенін айтты. Сондай-ақ зейнеткерлердің, мүгедектердің және көпбалалы отбасылардың баспаналарын газға қосу үшін жеңілдіктер қарастырылған.
Азамат Жақыпов «Теміржол» кентіне жетудің машақатын айтты.
– Таңертеңгі және кешкі қарбалас уақыттарда теміржол өтпесінен өте алмай, бірнеше шақырымдық кептелісте тұрып қаламыз. Осы өткелді кеңейтуге, әйтпесе айналма жол салуға болмай ма? – деп дағдарды кент тұрғыны.
– Бұл проблема бізге жақсы таныс. Әсіресе, пойыз өткенде кентке апаратын жалғыз жол жабылып, көліктер ұзақ уақыт қаңтарылып тұрып қалатынын білеміз. Оны көп жылдар бойы депутаттар да жиі көтеріп жүр. Былтыр «ҚТЖ» ҰК» АҚ-пен бірлесіп, теміржол өтпесін кеңейту жөнінде бағдарлама қабылдадық. Енді қаржыландыру жағдайына қарай осы жобаны жүзеге асыратын боламыз, – деп сенімді түрде айтты әкім.
«Интернациональный» тұрғыны Тұрар Уақитқызы ауызсудың «жырын» жеткізді.
Біздің елді мекенде 60 мың халық өмір сүреді. Тұрғындарды, әсіресе, ауызсу мәселесі қинайды. Бір үйлерге су жетеді, бір үйлерге жетпейді және оның сапасы күмәнді, қайнатпай ішуге болмайды, – деп қынжылыс білдірді арызданушы.
Алматы ауданының әкімі Б.Есполов биыл жазда кентте жаңадан сусорғы стансасы орнатылатынын, ауызсу проблемасы сонда біржолата шешілетінін айтып үміттендірді.

Нақты ұсыныстар айтты

Қарлығаш Капашева үш баланың анасы екенін, жұмыс істемейтінін, отағасы жоғын айта келіп, тұрмыс­тың қиындығына шағымданды. Ол жер үйде тұратындықтан көмір сатып алуға көмек сұрады. Аудан әкімі жағдайға қарай мұқтаж жандарға әрдайым көмектесуге әзір екенін естіртіп, арызданушының мекенжайын жазып алды.
Абылай хан даңғылы, 3-үйдің тұрғыны Әлішер Исмаил Ақбұлақ өзенінің жағалауына адамдар демалатын сәкілер орнатып, қоқыс жәшіктері қойылса жақсы болар еді деген тілегін жеткізді.
– Әкімдік аумақтарды абаттандыруға барынша көңіл бөледі. Сіздің ұсынысыңыз біздің де ойда жүрген, ондай жоспар бар, биыл жағалауға сәкілер орнатылатын болады, – деп Бектенбай Тілектесұлы ұсынысты құптады.
– Бесшалқар көшесін жауын-шашын кездері ылғи су алып кетеді. Ол – тұрғындар үшін үлкен проблема, жылда көктемде-күзде су кешіп жүреміз, осыны қашан шешіп бересіздер? – деп қынжылыс білдірді Ғазиза Алтаева.
Аудан әкімі ол көшенің бойына нөсерсу кәрізі салынып жатқанын, тек әлі аяқталмай тұрғанын айтып ақталды. «Бүгінде ол тұсқа сусорғы орнатылған, енді оны электр желісімен жабдықтау қалды. Бұл жұмыстарды биылдан қалдырмай бітіреміз» деп сендірді.
Шәкәрім Құдайберді көшесі, 19/3 үйдің тұрғыны Жұлдыз Әйткенова өздері паналап отырған үй ғимараты ескі, сылақтары түсіп жатыр, шатырының кетеуі кеткен дей келе, оны жөндеуге әкімдік тарапынан қандай көмектер болатынын сұрады.
Алматы ауданының әкімі Бектенбай Есполов қолданыстағы заң бойынша тұрғындар өздерінің үйлеріне өздері жөндеу жүргізуі керектігін түсіндірді. Атқарушы билік тек меншік иелерінің тілегі бойынша Тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасына қосып, мердігер ұйымды таңдауға көмектесе алатынын жеткізді.
Алматы ауданында өткен есептік кездесулерге Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасарлары Асқар Амрин, Бақтияр Мәкен қатысты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 + six =