ТҰРМЫС ТҮЙТКІЛДЕРІ

0 114

Кейде қарапайым заңдылықтарды білмегендіктен, тығырыққа тіреліп қалатын жағдайлар болып­ жатады. Бірақ заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайды. Әркім өз құқығын қорғай білу үшін заң нормаларын жадына тоқи жүргені абзал. «Астана ақшамы» газеті «Тұрмыс түйткілдері» айдарын ашып, күнделікті тіршілікте көп кездесетін сауалдарға білікті мамандардың аузынан жауап алып, оқырманға түсінікті тілмен жеткізуді мақсат етіп отыр. Жұртшылықтың бұл жолғы сұрақтарына редакциямыздың заңгері Елдос Нұрланов жауап береді. 

Чек алсаңыз, өзіңізге тиімді

– «Фискальды чек алыңыздар» деген талапты жиі естіп жатамыз. Өз басым сауда­ орындарында зат сатып алғанда чегін ешқашан алған емеспін. Кассирлердің берген жерінде қалады. Сұрайын дегенім, фискальды чектің сатып алушыларға қандай пайдасы бар, оны алған дұрыс па?

Жанар Тұрсынқұлова

– Фискальды чек дегеніміз – бақылау-касса мәшинесінің сатушы мен сатып алушы (клиент) арасындағы ақшалай есеп айырысу дерегін растайтын есеп құжаты. Мұндай чек адамның нақты бір тауарды нақты бір жерден сатып алғанын растайды. Егер сатып алынған заттың сапасы көңіліңізден шықпаса, оны қайтару үшін осы чек міндетті түрде талап етіледі. Ал егер чек болмаса, тауарды ешкім сізден қайтарып алмайды. Яғни чек – құқыңызды қорғаудың да кепілі.

Фискальды чектің тағы бір пайдасы, осы есеп құжатында таңбаланған көрсеткіштер негізінде мемлекет бюджетіне салық төленеді. Демек, фискальды чекті талап ететін сатып алушы неғұрлым көп болса, соғұрлым бюджет қазынасына төленетін салық мөлшері көп болады.

Тауар қайтарылады және ауыстырылады

– Өткен жолы «Артем» сауда орталығынан бір аяқ киім сатып алдым. Үйге келіп, киіп көріп, кішкене тарлау екенін байқадым. Ертеңінде бірден әлгі етік сатушыға аяқ киімді алмайтынымды айтып, ақшамды қайтаруын өтіндім. Бірақ ол кісі есік тұсына жазып қойған жазуды көрсетті. Онда «тауар қайтарылмайды және ауыстырылмайды» деп тұр. Сатушының әрекеті қаншалықты заңды? 

Тұрсын ҚҰЛБАЕВ

– Сатушылардың «Тауар қайтарылмайды және ауыстырылмайды» деген жазуды іліп қою әрекеті заңға сыймайды. Мұны әр адам біліп жүр­гені ләзім. Тұтынушы сатып алған тауарын­ қай­та­ра да, ауыстыра да алады. Еліміздегі «Тұ­ты­ну­шылардың құқықтарын қорғау туралы» заң бойынша тұтынушы сапасында сын жоқ тауарды да ауыстыруға құқысы бар. Мәселен, аталмыш кодекстің 454-бабына сәйкес, тауарды ол берiлген күннен бастап он төрт күн iшiнде мөлшерi, нысаны, ауқымы, пiшiнi, түсi, жинақтылығы және тағы басқа белгілері ұқсас затқа алмастырып алуға болады. Ал егер сатушыда алмастыруға келетін тауар болмай шықса, тұтынушы сатып алған тауарын беріп, төлеген ақша сомасын қайтарып алуға құқылы. Бұл үшін тауар пайдаланылмаған, тұтынушылық қасиеттерi сақталған және дәл сол сатушыдан сатып алынғандығын растайтын фискальды чек немесе өзге дәлелдер болуы міндетті.
Заң бойынша мына тауар түрлері ғана алмастырылмайды немесе қайтарылмайды:
– дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар;
– ішкиім;
– шұлық бұйымдары;
– жануарлар мен өсімдіктер.

Еңбекке жарамсыздықтың есебі қандай?

– Мен жеке фирмада жұмыс істеймін. Бірде денсаулығыма байланысты еңбекке жарамсыздық анықтамасын алдым. Бірақ бухгалтер оған небәрі айлықтың 50 пайыз ғана төленетінін айтты. Ал мемлекеттік қызметте істейтін жандардың еңбекке жарамсыздық парағы болса, жалақысы 100 пайыз сақталады. Білейін дегенім, еңбекке уақытша жарамсыздығыңды айқындайтын параққа төленетін ақша әр жерде әртүрлі ме, заң бәріне ортақ емес пе?

Рымбек ЖАҺИН

– Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2007 жылғы 28 желтоқсандағы № 1339 қаулысымен бекiтiлген «Әлеуметтiк жәрдемақы тағайындау және төлеу, сондай-ақ оның мөлшерiн айқындау ережесiне» сәйкес, қызметкердiң айлық жәрдемақысының мөлшерi оның орташа күндiк жалақысын еңбекке уақытша жарамсыздық парағындағы жұмыс күндерiнiң санына көбейту жолымен айқындалады. Мұндай жәрдемақының айлық мөлшерi ережедегі айрықша жағдайларды қоспағанда, он бес еселенген айлық есептiк көрсеткiштен, яғни 25 965 теңгеден аспауға тиiс. Бұл Үкімет айқындаған жәрдемақының төменгі (міндетті) мөлшері. ҚР Еңбек кодексінің 159-бабының 4-тармағы бойынша жұмыс беруші өз қызметкерлеріне бұл мөлшерге қосымша төлемдер белгілеуге құқылы.

ПИК төрағасын тұрғындар сайлайды

– Мен «Эверест»тұрғын үй кешенінде тұрамын. Бұған дейін біздің үйді қарайтын ПИК екі-үш рет өзгерді. Алдындағылардың бәрі алаяқ болып шықты. Қазір енді басқа ПИК. Сұрайын дегенім, әкімдік неге мұны қадағаламайды? Мен өз басым басқа төраға болғанын қалар едім.

Дана Бимбетова

– Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 44-бабына сәйкес үй-жайлар немесе­ пәтер иелерiнiң кооперативi (ПИК) мемлекеттік тіркеуден өтуге міндетті. Тіркеуші органға ПИК бірқатар құ­жат­тар­ тапсырады, соның ішінде: пәтер иелерiнiң құрылтай жиналысының хатта­ма­сы мен жазбаша сауалнаманың қо­ры­­тын­­ды­лары бойынша дауыс беру па­рақ­тары бар хаттама болуға тиіс. Бұл құжаттар ПИК төрағасын тұрғындар сайлағанын айғақтайды. Шамасы, сіз осындай хаттама құрған жиналыстарға қатыспағансыз. Тәртіп бойынша әрбір пәтер иесіне ПИК төрағасына дауыс беру құқығы беріледі, шешім көпшіліктің қалауымен қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, тұрғындар ПИК төрағасын өздері сайлап, өздері ауыстыра алады. Тұр­ғындардың осы құқығына әкімдіктер араласа алмайды. Олар тек осындай кооперативтерді құруға жан-жақты кө­мек­ пен жәрдем ғана көрсетуге құқылы.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 5 =