Тұрмыс-тіршілік бірлескенде түзеледі

0 29

Өздеріңізге мәлім, жергілікті атқарушы билік елордамыздың аудандарын полиорталық қағидаты бойынша дамытуға күш салды. Яғни, бас қаламыздың халықтың тұрмыс-тіршілігіне жайлы болуын қамтамасыз етуге тырысады. Бұл дегеніміз – әлеуметтік нысандардың қадамдық жақын жерде орналасуы, уақыт өткізуге арналған абаттандырылған орындардың, жасыл бақтардың қолжетімділігі, инфрақұрылымның жетілдірілуі, т.б.

Осыған орай аудан әкімдері елдің мұң-мұқтажын, тұрмыстық қажеттіліктерін білу және атқарылған жұмыс­тар жөнінде есеп беру үшін жыл сайын тұрғындармен кездесулер өткізіп тұрады. Жұртшылықпен ағымдағы жылы алғаш рет ақпан айында ұйымдастырылған осындай жиында көптеген талап-тілектер, өтініш-арыздар айтылған болатын. Олардың бірқатарын орындауды құзырлы орган өкілдері биылғы жоспарға енгізген. Енді есепті кездесу өткеннен кейінгі бір ай мерзім ішінде Алматы ауданында қандай жұмыстар жүзеге асырылғанын ой елегінен өткіздік.

«ҚАЗПОШТА» ҮЙГЕ ЖАҚЫНДАДЫ

– «Қазпошта» АҚ қызметінің оңтайландырылуына байланысты көп жерде оның бөлімшелері жабылып қалған болатын. Тұрғындардан оған қатысты біршама өтініштер түскен. Әсіресе, зейнет жасындағы адамдар көп шағымданған. Енді, міне, «Қазпошта» АҚ басшылығының және елорда әкімі қолдауымен «Железнодорожный», «Промышленный», «Интернациональный», «Мичурин» және «Күйгенжар» тұрғын алаптарында көпшіліктің сұрауымен акционерлік қоғамның фронт-кеңселері ашылды, – деді Алматы ауданының әкімі Бектенбай Есполов.
Мұнда әр айдың 4-жұлдызынан бастап 4 күн бойы зейнетақы мен жәрдемақыларды беру жүргізіледі. Ал әр айдың 15-жұлдызынан бастап 4 күн аралығында коммуналдық қызметтерге төлем қабылдайтын «мобильді пошта» жұмыс істейді. Қызмет көрсету уақыты 09.00-ден 18.00-ге дейін белгіленген. Егер бұл күндер демалыс және мейрам күндеріне түскен жағдайда, жұмыс күндеріне ауыстырылатын болады.

ТҰРҒЫНДАРМЕН БІРГЕ ТАЛҚЫЛАДЫ

«Тұрғындармен тиімді кері байланыс орнату әкімдіктің басты мәселелерінің бірі болып табылады. Осы мақсатты Алматы ауданы әкімі аппараты мамандары аудан тұрғындарымен жиі кездесу өткізіп отырады» деді Бектенбай Есполов.
Осындай жиынның бірі «Ақмола АЭК» АҚ мамандарымен бірлесіп өткізілген. Онда «Интернациональный» тұрғын алабын электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Жиналыс нәтижесі бойынша «Ақмола АЭК» АҚ-на кемшіліктерді жою бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеп, жұмыс кестесін бекіту туралы тапсыр­ма берілді. Сонымен қатар тұрғын алабындағы бау-бақша қоғамында кездесу ұйымдас­тырылып, қауымдастықты сумен қамтамасыз ету мәселесі қарастырылды.
Көлік және жол-көлік инфрақұрылымы басқармасының ақпаратына сәйкес, саяжай қауымдастығына су құбырын тарту күз мезгілінде аяқталатыны жоспарланған. Құрылыс жұмыстары біткен соң, тұрғындарды құбырға қосу үшін техникалық шарт беріледі.

ҚАШАН МӘДЕНИЕТТІ БОЛАР ЕКЕНБІЗ?

Көлік және жол-көлік инфрақұрылымы басқармасы қызмет көрсететін аялдамалар жаңа жылдан бастап аудандық әкімдіктердің аппараттарына берілді. Бұдан былай аудандық әкімдіктер аялдамалардың тек санитарлық тазалығына ғана емес, сондай-ақ жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына жауапты.
– Халықтың азаматтық санасы қаншалықты өсті, дегенмен әлі де қоғамдық орындарда бейбастық жасап, қынжылтатын жайттар аз емес. Аялдамаларды аралау кезінде, өкінішке қарай, экологиялық санасыздық, яғни әйнектер мен орындықтарды қирату, қоқыстарды жәшікке тастамау сияқты фактілер көңілге қаяу түсіреді, – дейді Алматы ауданының әкімі Б.Есполов.

ӘКІМДІК АУЛАНЫ ТАЗАРТЫП БЕРМЕЙДІ

Биыл көктем кеш келіп, топырақтың тоңдануына байланысты қар суының жайылу қаупі басым. Осыған байланысты Алматы ауданының әкімдігі өздеріне қарасты аймақта тасқын судың алдын алу шараларын мықтап қолға алған. Бұл жұмыстар тіпті аяздар күндері де еш іркіліссіз жүргізіліп жатыр.
– Ауданды аралау барысында қауіпті 7 учаскені қарап, оларды үйме қардан аршу, ағын сулар өтетін арықтарды тазарту жұмыстарын жүйелі жоспарға енгіздік. Осылайша, тасқын су басу қаупі бар учаскелерден 680 мың текше метр қар шығарылып, 800 метр арықтар тазартылды. Бұл мәселе – біздің қатаң бақылауымызда, – деді аудан әкімі Б.Есполов.
Алайда өздері тұратын аулаларын қар мен қоқыстан тазартуға тұрғындардың өздері де жауапты екенін естен шығармағандары жөн. Әкімдік қызметкерлері келіп, ешкімнің ауласындағы қарды шығарып бермейтіні анық.
Қазіргі күні Абылайхан даңғылы бойындағы, Қобыланды батыр көшесіндегі, Бәйшешек көшесіндегі, Көкарал көшесіндегі суағар арықтары қар мен қоқыстан тазартылған.
­
СӨНГЕН ШАМДАР ҚАЙТА ЖАНДЫ

Есептік кездесу өткеннен кейінгі бір айлық мерзім ішінде аудан аумағындағы 19 көшеде электр энергиясы іске қосылды. Олардың кейбірінде бұған дейін мүлдем жарық болмаса, енді бірінің шамы күйіп кеткен, не болмаса көше шамы орналасқан баған зақымданған. Сондай-ақ кейбір үйлер мен нысандарға кабель тартылып, маңдайшаларына жарықтандырғыш прожектор орнатылған. Тұрғын үйлерден басқа Президент саябағы мен Триатлон саябағына шырағдан ілінді. Бектенбай Есполов одан да басқа жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жалғаса беретінін айтты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × two =