Түрмеден кейін де тіршілік бар…

0 16

Кез келген адамның түрмеде өткен өмірі болашағына кедергі келтірмеуі тиіс. Солай айтамыз-ау, бірақ көпшіліктің темір тор көрген туысы бар танысынан алшақ жүруді жөн санайтыны жасырын емес. Жазасын өтеушіні қоғам қабылдамаса, босап шыққан соң бақылауда болмаса, қалыпты өмірге қалай бейім­деледі? Жұмысқа орналасуы онсыз да қиын, тіпті басым бөлігі белгілі бір мамандықты меңгермеген. Тұратын баспанасы мен келгенде қарсы алатын жақыны жоқтар қылмысқа қайта ұрынады дейді мамандар. Ендеше қайтпек керек? Осы сұрақты Ішкі істер министрлігі жанынан құрылған «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорны директоры Дәулет АЙТЖАНОВҚА қойып, елімізде бас бостандығынан айырылғандарды жұмыспен қамту мәселесі қалай шешімін тауып жатқанын сұрап білдік.ӨНДІРІСКЕ АРНАЛҒАН БОС ОРЫНДАР БАР

– Дәулет Рымтайұлы, бүгінде республикадағы түзеу мекемелерінде 25 мыңға жуық адамның жазасын өтеп жатқанынан хабардармыз. Ал олардың қаншасы еңбекке жарамды? Жалпы өндіріс аймақтарындағы жұмыстың қарқыны қалай?
– Иә, елімізде 24941 адам жазасын өтеуде болса, оның 14267-сі еңбекке жарамды. Олардың 11484-і жұмыспен қамтылған. Ал астана бойынша 300-дей қызмет алушы жұмысқа араласады. Түрмеде отыр­ғандардың 60 пайызы жұмыс істейді. 20-25 жыл отыратындар кәсіп түрін өздері ұсынады. 10 мың адам еңбекке жарамсыз. Бірақ бәрі бірдей мүгедек немесе зейнеткер емес. Бұл тізімге түзеу мекемесіне жаңа түскендер, мекеме аумағындағы орта мектептерде, әлде политехникалық колледждерде түрлі мамандықта оқып жатқандар, қаралып жүргендер, ДИЗО-да қамауда отырғандар енеді. Олардың мерзімдері біткен соң ғана жұмысқа тартылады. Айтпақшы, туберкулезбен ауыратындар бөлек мекемеде болады, жұмыс орындарын ашуға мүлдем тыйым салынады.
Жалпы «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорны бас бостандығынан айырылған және түзеу мекемелерінде жатқан азаматтарды өндірістік-шаруашылық саласына еңбекке тартумен шұғылданады. Ішкі істер министрлігінің биік қоршаулары, сейфтер, барлық темірге қатысы барын біздер жасаймыз. 1000 тонналық мұнаралар болады, оларды кәсіпорында жасап шығады, кейін тиісті орынға дайын күйінде жеткізіледі. Қазір елімізде сотталғандар жазасын өтейтін 60 мекеме бар. Соның әрқайсында коммуналдық қызмет жасаймыз, күрделі жөндеуді де өзіміз жүргіземіз. Өндіріс орнында қаншама тауар түрлерін шығарамыз. Атап айтқанда, жеңіл өнеркәсіп, металл, ағаш өңдеу, тағам өнеркәсібі, тас өңдеу мен құрылыс заттарын шығару және басқа да бағыттарда жұмыс істейміз.
Өткен жылы 236 кәсіпкерге түзеу мекемелеріндегі бос тұрған өндірістік алаңдар сенімгерлік басқаруға берілді. Соның арқасында қосымша 3292 жазасын өтеуші жұмыспен қамтылды. Былтыр жиһаз, қап, крахмал шығаратын және көкөніс кептіретін цехтар ашылды. Сонымен қатар ет өнімдерін қайта өңдеу, тігіншілік және темір-бетон бұйымдарын шығаратын цехтар іске қосылды.
Қазіргі таңда түзеу мекемелерінің өндірістік аумағындағы 181391 шаршы метр алаңда жұмыстар жүргізілуде. Қалған 77595 шаршы метр өндірістік алаң бос тұр. Кәсіпкерлер өндіріс ашамыз десе, жол ашық. Тегін ғимараттар мен жер береміз. Кәсіпкерлер тек пайдаланылған коммуналдық ресурстарға ғана ақы төлейді.

ҚЫЛМЫСКЕРДІҢ КӘСІП АШУЫНА КЕДЕРГІ КӨП

– Түзеу мекемелерінде шағын кәсіпкерлікке көңіл бөлініп, дамып келе жатқаны қуантады. Жазасын өтеушілердің арасында кәсіп ашуға ниеттілер болды ма? Жалпы олардың бизнес бастауы қаншалықты мүмкін жағдай?
– Жазасын өтеп шыққаннан кейін азаматтар жұмыс таба алмай қиналады. Оларға қоғамның қалай қарайтыны да белгілі жағдай. Бұл мәселе күн тәртібінен түскен емес. Біздің өндірістік аймақта іс бастаймын десе, қуанамыз және қолдау көрсетуге де дайынбыз. Мәселен, Бахыттулла есімді азамат 2015 жылы жазасын өтеп, бостандыққа шыққанмен, жұмыс таппай ұзақ жүрген. Кейін бізге «Еңбек» мемлекеттік кәсіпорнына келіп өз бизнес-жобасын ұсынды. Барынша қолдау көрсетіп, идеясын жүзеге асырдық. Бүгінде ауыр көлік жөндейтін цехын басқарып отыр.
Өткен жылы жеке кәсіпкерлік ашуға екі жазасын өтеуші ниет білдірді. Дегенмен бұл жерде жүйелі шешімін таппаған мәселе бар. Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 17 қарашадағы бұйрығымен бекітілген бұл ереже бойынша жазасын өтеушілерге еркін жалдамалы жұмысшыларды жұмысқа тартуға жол берілмейді. Сондықтан да жазасын өтеушілерді жеке кәсіпкер ретінде тіркеу қиын. Жүргізілген талдау бойынша жазасын өтеуші кәсіпкерге сырттан шикізаттар, материалдар жеткізіп беретіндер, құрылтайшы болып ақша тауып беретіндер олардың туыстары, таныстары, достары екені анықталды. Бұл туыстардың жиі көрісуіне мүмкіндік беретіндіктен, Қылмыстық-атқару кодексіне қайшы келеді. Тағы 2019 жылы жазасын өтеушілер жасай алатын жұмыс түрлерінің өзгеріске ұшырағанынан сотталғандар құрылыс-монтаж, жол жөндеу жұмыстарына қатыса алмайды. Сонымен қатар жазасын өтеушілердің арасында бизнес бастау­ға деген біліктілік болмай жатады.

ЖАЗАСЫН ӨТЕП ТЕ НӘПАҚАСЫН ТАБА АЛАДЫ

– Сотталғандардың алатын жалақысы қандай? Оларды тегін жұмыстарға жегіп жатқан жоқсыздар ма?
– Еңбек кодексіне сай алады. Еңбекақыларын әр түзеу мекемесінің депозиттік шотына, ал салықты бюджетке аударамыз. Әр түзету мекемесінде дүкен бар, сол жерден керегін сатып алады. Келтірген залалын өтеп жатқандардың жалақысынан 50 пайызы ұсталады. Айлық уақытымен және келісімді екі түрге бөлінеді. Орташа айлық еңбекақы 8 сағат еңбек ететіндер үшін 127314 теңге, ал келісімді еңбекақы 98033 теңгені құрайды. Жазасын өтеушілер 1 күн істеп, 2 күн демалады. Өткен жылы жазасын өтеушілерге аударылған жалақы сомасы 703,5 млн теңгені құрады. Сағатына жұмыс істейтіндер пеш жағу, ас пісіру жұмыстарына тартылады. Ал басқалары киім тігеді, жиһаз жасайды.
– Жазасын өтеушілер өндірген тауарлар, өнімдер нарыққа немесе экспортқа шыға ма? Жұрт қалай қабылдайды?
– Қиыншылық көп. Жүйелер тозған. Түзету мекемелеріне 50-60 жыл болған. Сондықтан пеш жанып кетіпті, жүйе тесіліп кетіпті дегеннен бастаймыз жұмыс күнін. Бізге мемлекеттік тапсырыс керек. Көбі бізді нарыққа жіберу керек дейді. Ал ондай болса, сотталғандардың басым бөлігі – оқымағандар. Нарыққа шыға алмаймыз. Мүмкіндік бар, бірақ халық арасында оларға тапсырыс бермеу керек, дұрыс жұмыс істемейді деген кері түсінік бар. «Түрмедегілер тіккен, өндірген» деп жақтырмай жатады, менің айтарым – еңбек ұрлықшы емеc. Бізде республика бойынша 4000-нан аса қызметкер жұмыс істейді. Үкіметтен қолдау керек. Америка, Қырғызстан, Ресей мен Өзбекстанда да мемлекет тапсырмасымен жұмыс істейді. Бізде мемлекеттік тапсырыс бар, алайда аз.

БОСАП ШЫҚҚАНДАРҒА ЖҰМЫС ПЕН ЖАТАҚХАНА ҰСЫНЫЛМАҚ

– Түрмеден босап шыққандарды жұмыспен әрі баспанамен қамту мәселесінің шешімін табуға атсалысып жүргеніңізді білеміз. Өзіңіз қолға алып жатқан жазасын өтегендерге арналған шеберхана мен жатақхана жай-күйін тарқатып айтсаңыз…
– Жұмыссыздық кез келген адамды қылмысқа ұрындыруы мүмкін. Барлығы тәрбиеге, біздің істеген жұмысымызға және босап шыққаннан кейінгі жағдайға тікелей байланыс­ты. Біз ағайын-туысы, барар жері жоқтарға арналған жатақхана салу бойынша жұмыстар жүргізудеміз. Босап шыққандарды сол үйге тіркеуге қойып, бөлме беріп, қалыпты өмірге бейімдегіміз келеді. Бізге жұмысшылар өте қажет, тек кәсіпкерлер жағы түрме көргендерді тартқысы келмейді. Осыны жою керек.
Елордада жақында тігін фабрикамыз ашылады. 160 адамды жұмыспен қамту көзделген. Қала әкімдігінің қолдауымен 500 шаршы метрлік нысанды күрделі жөндеуден өткізіп, кәдімгі фабрика етіп алдық. Алдағы уақытта тігін цехын 15 облыстан ашу жоспарымызда бар. Барлығы толығымен өз қаражатымызға салынуда. Жылда әр қалада бір-бірден ашып отырсақ дейміз. Жергілікті билік бізге ғимарат беріп, жатақхана ашуға көмектессе жөн болар еді. Сол жерге түрмеден кейін барса, қоғамға сіңісіп кетуі жеңілірек болатын еді. Жатақханада тегін тұрады әрі жұмыс істеп нәпақасын табады.
Сонымен қатар әлеуметтік кәсіп­орындар санын көбейту керек. Түрмеден жылда босап жатқандардың тізімін алып, сол жерлерге жұмысқа орналастыру керек. Олардың саны да көп емес, жылына ел бойынша 2000 адам босап шықса, әр облысқа 100-150 адамнан келер. Оның ішінен мұқтаждарды анықтап, тізімін жасап, қадағалап отыру керек. Қазір ешкім олардың түрмеден кейінгі жай-күйіне бас қатырып жатқан жоқ. Сондықтан болар, елімізде қылмыс көбеймесе, азаймай тұр.
– «Еңбек» республикалық мемлекеттік мекемесінің бүгінгі мақсаты мен алдағы күнге жоспары қандай?
– Қазір күрмеулі мәселелер көп. Бірінші дағдарыстың салдарынан екінші кәсіпорынның қарызы бар. 2019-2020 жылдары «Еңбек» РМК-ның лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қозғалып, айыптау үкімі шыққан болатын. Мекеменің мойнында 3 мил­лиард қарыз бар, менің келгеніме енді бір жылға таяды. 2015-2020 жылға дейін жиналып қалған. Қарыздардан құтылуымыз қажет. Болашақта түзету мекемелерін күрделі жөндеуден өткізіп, 50-60 адам бір бөлмеде емес, жеке-жеке орналасатындай жағдай жасауды ойға алдық. Кәсіпкерлерді тартып, сотталғандардың ішінде жұмыс істейтіндер санын арттыруды көздеп отырмыз. Құрылыс материалдар өндірісін дамыту жоспарда бар. Ауылшаруашылық өнімдері толығымен өзімізден шықса, соның өзі біраз табыс түсіреді.

Сұхбаттасқан
Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four + 1 =