«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Түрлі-түрлі түркілер

0 101

Түбі бір түркі екеніміз рас, тіліміз де ұқсас. Дегенмен өзбек, қырғыз ағайындардай емес, түріктер біздерге жұмбақ халық, тіпті болмысы бөтен деуге болады. Бір туған бауыр болса да, туа салысымен өгей анасының бауырында, басқа жерде бөлек өскеннен жат болып кеткендей көрінеді.  Байрағын желбіреткеніне жүз жылға жетіп қалған Түркия Республикасы – зайырлы, демократиялық мемлекет.

img5bf1d3826fa17_1542574978_1

Бұл елдің көне тарихының дөңгелегінің астында талай империяның салтанаты мен күйреуі жатыр. Бұл жер – ежелгі пайғамбарлардың мекені. Көне Рим, Византия өркениетінің де белгілері осында. Бергі тарихында оғыздар мен селжұқтар дүбірін басынан өткізді. Мұнда бабамыз деп жүрген Бейбарыстың да тұлпарының ізі қалған. Османлының сән-салтанаты да әлі күнге дейін әлемнің туристерін тартып отыр. Ескінің сарқыншағын көзінің қарашығындай сақтап, бүгінге жеткізіп отырған мирасқоры да – осы түріктер. Сәті түсіп, өткен жылдың соңында республиканың бас кентіне біздіңше, астанасы – Анкараға жол түсті.

Біздің дәуірімізге дейінгі VІІ ғасырда Анкараның іргетасын қалаған римдіктер. Галатия провинциясындағы Анадолы төбесінде тұрғызылған қалаға Анкария деген атау берген Рим тұрғындары болыпты. Кейін Анкараға айналған провинциалды кентке 1893 жылы Стамбулға апаратын теміржол тартылады. Нәтижесінде ескі қаланың жаңа келбеті қалыптасып, өте жылдам дами бастайды. Ірі сау­да, экономикалық және саяси орталыққа айналады. 1923 жылдың 13 қазанында Ататүрік Кемал Анкараны ел астанасы деп жариялайды. Анкара бұл мәртебесін күні бүгінге дейін сақтап келеді. Бір көргеннен шаһардың орналасқан жерінің географиялық ерекшелігі көзге ұрып тұрады. Биік төбелердің ұшынан басталып еңіске дейін бірінің үстіне бірін қалағандай, тығыз салынған екі-үш қабатты үйлерге қарап, арасында көлік жүрмейтін шығар деп те ойлайсың. Енді бір сәтте төбелердің етегін айналып өтіп, жол екінші бір қияға бастайды. Осылайша қаланың ортасына жеткенше биік төбелердің бойындағы шоқ ормандай шоғырланған елді мекендерді артқа қалдырып, қазіргі заманғы қаланың қыз-қыз қайнаған тірлігінің үстінен түсесіз. Бұл қаланың тұрғындарының саны бес миллионнан асады. Бір жерде тоғысқан соншама халықтың нөпіріне үйренбеген біздерге барша анкаралықтар көшеде жүргендей көрінді. Жергілікті бес миллионға сырттан қонақтарды қосыңыз. Орталық көшелердегі үлкенді-кішілі кафе, ресторандар ауласына дейін демалушыларға лық толы. Алдында апта соңы болған шығар деп ойлағанмын. Жоқ, қарасам, барлық күндері де қоғамдық  тамақтану орындарында бос орын жоқ. Тіпті төбесінде қалқа бар, жан-жағы ашық кафе маңындағы алаңқайда думанды топ бас қосып отырады. Қысы жауынды, аса суық болмаса да ақырын ескен самалдан ықпайтын неғылғандар деп асықпай барладым. Ашық алаңқайларды дәмханаға айналдырған орындарда төбеден жүргізілген үлкен шойын құбырдан жылу береді екен. Келушілердің шәйін сыздақтатып ішіп, асықпай сұхбаттасқанын жайлы етуге таптырмайтын құрылғы. Сырт келген жолаушының назарын аударатын тағы бір нәрсе – қоғамдық қызмет көрсету орындарында әйелдердің ауыр жұмыс атқармайтынын байқадық. Еден жуып, ыдыс тасып, не қазан асып, ошақ жағалаған әйел көзімізге түспеді. Дүкендерде, мейрамханаларда да екі қолын біленіп, ер-азаматтар қызмет жасап жүр. Бұл жағымды үрдіс екен. Тағы таңғалғанымыз, астанада әйелдерге арналған шаштараз сияқты сұлулық салондары көп болса, Анкарада ерлердің сақал қырып, мұрт бастыратын орындары жеткілікті көрінді, арасынан әйелдерге арналғанын көрмедік.

Түрік шайы мен темекі

Шай Османлы мемлекетіне 16 ғасырда шипалы сусын ретінде әкелінген екен. Түркия Республикасы құрылғаннан Ризе мен Трабзон облыстарында шай өсіріп, ел экономиканың бір саласына айналады. Түркия – әлем бойынша шай өндіруде төртінші, ал тұтынуда алғашқы (кісі басына 3,5 кг) орынды иеленеді. Сондай-ақ қазіргі күні Түркияда шамамен 1 миллион адам шай өндірісі нарығында еңбек етеді екен. Жұқа шыныдан жасалған түрікше «бардак» деп аталатын шағын стаканмен ішетін шай, түріктердің ермегі әрі ұйқыашары да болса керек. Және мұндағы барлық тамақтандыру орындарында шәй тегін беріледі.

Енді түріктердің жаман әдетінен бірер сөз. Статистика көрсеткендей, темекі шегушілер саны бүкіл әлемде өсіп келетіні жақсы білесіздер. 2019 жылы олардың саны 1,1 миллиардқа жетіпті. Сонымен қатар, темекі шегу әлемде 7,7 миллионның ажалына себепші болған. Зерттеу нәтижелері темекі шегушілердің орташа өмір сүру ұзақтығы ешқашан темекі шекпейтіндерге қарағанда он жылға төмен екенін және темекі шегушілердің әрбір екіншісінің өлімі жаман әдетіне тікелей байланысты болғанын көрсетті. Жүректің ишемиялық ауруы, өкпенің трахея, бронх пен өкпе ісігі темекіден келген. Осындай жаман статистикаға, елдегі шылым тартуға қарсы шаралардың қаттылығына қарамастан түріктер ең көп темекі шегетін ұлт деуге болады. Расында да, алғашқы ондықта тұрған елдің ересек тұрғындары күніне 10 қорап темекі тауысады екен. Арзан емес, ең қымбаты 10 лира тұрады. Салыстырып қарасаңыз, супермаркеттерінде 1 кг мандарин 4 лира тұрады.

20211204_133924
ba0152060a37432590097ac5369f3f77.max-2500x1500
previous arrow
next arrow

Қоғамдық орындарда әйел­-еркегі қалмай бұрқыратып шылым тарту ерсі емес. Мұсылман елі болған соң мұнда ішімдік сатылмайды, халқы арақ-шарап ішпейді. Сонда да отырыстары көңілді. Болымсыз нәрсені қуанышқа айналдырып жіберетін халықтың рухы бар. Өзіміз бірнеше рет тамақтанған орындарда ешқандай шетелдік әуендерді естімедік. Керісінше, ұлттық аспапта ойнаған шағын топ ортаны қыздырып әкетеді. Біздер қонаққа табақ толы ет тартып жатсақ, олар шағын тортты алып келіп, от ойнатып, сазды аспаптан төгілген сазбен қолпаштап сол сәтті мәңгіге есте қалдырардай түрлендіріп жібереді. Тортты кесуді де көңілді дәстүрге айналдырған. Аспаз алып келген пышақты алмас бұрын, қолына ақша ұстатасыз. Тортты  ортаның гүлі, отырыс­тың себепшісі кесіп көпшілікке ұсынады. Байқағаным, түрлі ұлттық тағамдарының дені ұннан жасалған. Етті тағамдары мен  көкөністерден жасалған жеңіл астары түрлі тұздықпен аралас­тырып, дәмдеуішті көп қосады. Асқазанды күйдірген бұрышты астың ашуын тіл үйірген тәтті қант шырынына малынған пахлавамен басатын сияқты.   Анкарада орталықтағы жақсы қонақүйде болдық. Таңғы астың мәзірі  жергілікті мәнерде болды. Зәйтүннің түр-түрі, оған қоса көкөністер тағысын тағылар. Ал жұлдызы бұдан да жоғары Стамбулдағы қонақүйдің ас мәзірінде орыс кухнясының, яғни орыс туристері үйренген дәмдерге басымдық берілгені мені таң қалдырды. Туристердің талғамына қарай ас мәзірін де өзгертіп, сұрағанын берген туризмі дамыған елдердің тәжірибесі болса керек.

Осы ретте айта кетейін, «Астана ақшамы» газетінің бұрынғы қызметкері Серіккүл Сұлтанқажы да Анкарада оқып жүр екен. Одан басқа да сыртынан танитын әріптестерімнің оқуларын осы қалада жалғастырып жүргенін білдім. Тұрмысқа қолайлы, ауа­сы жұмсақ, білімі де қолжетімді Анкараға ғана емес, Түркияға қазақтардың көптеп ықыласы кетуін, алдымен мемлекеттің жүргізіп отырған саясатымен байланыс­тырар едім. Өз мәдение­тін, беделін, әлеуетін елмен елді жақындастыруға, азаматтарды бауырластыққа бұру арқылы Түркия жолын ашып алды. Халықаралық қауымдастықта беделі артып келеді. Біздің сапар тек астаналық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне емес, Әзербайжан, Өзбек, Қырғыз Республикаларынан келген  журналистерден тұрды. Бір апталық тренингте жаңа медияның жарқын болашағы, жаңа үрдістер туралы айтып, ақпараттандыру жолының жаңа әдістемелеріне үйретті. Түркі елдері журналистері ақпарат майданында бірге болып, бір-бірімен ынтымақтастыққа қыз­мет ету жолдарын көрсетті. Әрине, оңай емес. Бірақ ортақ тарих пен болашақтағы мүдделер жолдағы кедергілерді алып тастап, елдердің арасын бұрынғыдан да жақындата түседі деген үміттеміз.

Сұлтан Сүлейменнің ізімен

Елімізде түрік сериалдарын жібермей көретіндер көп. Ұлттық арнамыздан күніне бірнеше түрік сериалдары көрсетіледі. Солардың ішінде «Сұлтан Сүлеймен» сериалын үзбей көргендердің бірімін. Жалпы бағалай кетсек,  сериалдар өндірісі бұл елде жақсы жолға қойылған деуге болады. Түріктер көркем туындылар арқылы да елінің тарихын танытып, дәстүрі мен жерін көрсетіп, насихаттың бір құралын тиімді пайдалануда. Анкарадағы өткен тренингтен кейін бір жарым күндей Стамбұлдың көрікті жерлерін аралауға мүмкіндік болды. Стамбұлдың ең көне ауданында орналасқан Айя Софияға бесін намазының тұсында келдік. Ығы-жығы халық. Әдетіммен мешіттің сәлемін  оқып кетейін деп табалдырықтан аттағаным сол еді, көзім тіке қарап тұрған адам бейнелеріне түсіп, ол ойымнан айнып қалдым.

1453 жылы 28 мамырда Айя София тарихындағы соңғы хрис­тиандық қызмет осы жерде өтті, ал келесі күні Константинопольді сұлтан Мехмед II әскерлері басып алып, оның бұйрығымен ғибадатхана мешітке айналды.

Көне алаңдағы тағы бір керемет – Көк мешіт жөндеуге жабылған екен. Оған жақын жерде Сұлтан Сүлейменнің жары Хюрремнің моншасы бар. Аңыз бойынша, сұлтанның нақсүйері Жахангирге аяғы ауыр кезде моншаға барғанында жылан шағып ала жаздайды. Қаскүнемдердің тағы бір қастығы өтпесін деп содан кейін Сүлейменнің жарлығымен монша салынады. 1910 жылға дейін монша болып келген  ғимаратты әртүрлі мақсатқа пайдаланып, 2008 жылы ғана бұрынғы қалпына келтіріп, туристердің тамашалайтын орнына айналдырыпты.

Сүлейменнің бас уәзірі ­Ибрагим Паргалының сарайы бір ғасырдан бері  түрік пен ислам өнерінің ортақ мұражайы ретінде тартымды нысандар кешенін  құрайды. ХІІ ғасырдан жеткен қалы кілемдері мен мұсылман әлемінің қымбат жәдігерлері мұражайдың төрінде сақтаулы. Есік алдындағы екі жүз жылдық шынар ағашы да салтанаты асқан сарайдың құпиясын бүгіп тұрғандай.

Османлы дәуірі бүгінгі Түркияның кешегі тарихы деуге болады. Інжу моншақ үзіліп қалса әрқайсысы бір асыл болып қалады ғой. Көшелерін аралап жүріп, Османлы дәуірінен қалған тағы бір тұрғын үй назарымызды аудартты. Сыны мен сыры кетпеген ескі жәдігер алысты жақындатқандай. Мұндағы әрбір ғимарат тарихтың бір бетіндей. Сүлеймания деп аталатын мешітке Мысыр базарын бойлап баруға болады. Екеуі де ескі дүниеден. Мешіт тұрғыз­ған Мимар Синан «Бұл мешіт мәңгі бақи тұрады» десе де, мәрмәр мен граниттен салынған мешіт теңіздің жағасына қарай жылыстап барады деп айтады. Іргесіндегі кесенеде өзі жатыр, қол созым жерде Хюрремнің жатқан жайы. Шағын қорымда сол кезеңде өткендер жерленген. Түріктердің  жерлеу әдісі бөлек. Жарты құлаштай жердің бетінен шағын  көр қазып, қатар қатар қоя береді екен, сайғақ тасының ұшын атқарған қызметіне қарай көркемдеп, аты-жөнін қашап жазады. Естеріңізде болса, сериалдағы Сүмбіл аға да осында жерленген екен.

Алған әсеріміз көп. Енді айтарымыз, қала тірлігінен болмақ. Тарихи алаңды аралап жүріп, иттердің көптігіне көзіміз түскен. Құлақтарында сырғасы бар. Адамдарға әбден үйренген. Аяқтарына оратылып жатса ешкім байқамайды, басынан сипап, тамақ тастап жатқанды да көрмедік. Стамбұлдағы әртүрлі есептерге қарасақ, 70 000-нан 150 000-ға дейін жететін қаңғыбас иттердің бір тобы осында жүреді екен.  Рас болса, бұл иттер кангал деп атайтын Анатолий овчаркалары екен. Османлы сұлтан Мехмед II Константинопольді жаулап алғанда бірге келіпті. Кейіннен адамның көмекшісі қызметінен айырылып, қаптаған иттерді бірнеше рет елсіз аралдарға апарып тастауға мәжбүр болған. Тек 2004 жылы заң қабылдап, оларды көбейтпей, арнайы дәрілерін егіп қауіпсіз етіп бетімен жіберген. Байқағанымыз, дені – кәрі төбеттер. Күндердің  күнінде заманауи әдіспен-ақ ит тұқымы жоғалып кетеді-ау деп ойладым.

Енді біздің сапарымызды қаржылай демеп, ел-жер көруге жағдай жасап, біліктілігімізді арттыруға септігін тигізген ТІКА туралы айта еткен жөн болар. Ол құрылғалы бері әлеу­меттік-гуманитарлық салада 30 мыңға жуық жобаларды іске асырып, әлемнің 170 елінде өкілдігі жұмыс істейтін, ­Түркия Республикасының беделді ұйым­дарының бірегейі болып табылады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды