Тұрлаулы тұжырымдама

0 120

Қазақстандықтар – жас һәм жасампаз ұлт: республиканың әрбір екінші тұрғыны 30 жасқа толмаған өскелең өрен.

Жастар – қоғамның «мәңгі қозғалтқыш күші». Сондықтан да Қазақстанның болашағы жастарымыздың барлық салада даму деңгейіне, олардың мүмкіндіктері мен түрлі құндылықтарға ұмтылысына, мемлекеттің экономикалық, сая-си және қоғамдық өміріне қатысу, араласу дәрежесіне тікелей байланысты.

Жастарды қолдау – ел дамуы-на қосқан инвестиция. Осы себепті Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап білім, денсаулық, жаңа ақпараттық технологияларға қолжетімділік, кәсіби және жеке бә­секеге қабілеттілік, патриоттық тәрбие, жас ұрпақтың табысты әлеуметтену мәселелері Елба­сы­мыз Н.Ә.Назарбаевтың әрдайым назарында болып келді. Бұл басым­дықтар бұған дейінгі бағдар­ламалық құжаттарда – «Жастар саясатының 2003-2004 жылдарға арналған бағдарламасы», «Жастар саясатының 2005-2007 жыл­дарға арналған бағдарламасы», «Қа­зақстан Республикасында азамат­тарды патриоттық тәрбиелеудің 2006-2008 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» секілді сала­лық бағдарламаларда, сонымен қатар Қазақстанның 2030 жыл­ға дейінгі даму стратегиясын­да, Пре­зиденттің Қазақстан халқына Жолдаулары мен тағы басқа мем­лекеттік бағдарламаларда көрініс тапқан болатын. Енді ол «Қазақ­стан 2020: Болашаққа айқын жол» атты жастар саясатының тұжырым­дама­сында (бұдан әрі – тұжырымдама) бұрын­ғыдан да кең ауқымды қамтып, жаңа қарқын ала түспек.

Жалпы, біздің елде жастар 2004 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңда алғаш рет жеке әлеуметтік-демографиялық топ ретінде бөлініс тапты. Қоғамда орны осылай айқындалған кенже буынның соңғы 10 жылдағы санақ қорытындысы бойынша 14 пен 29 жасқа дейінгі жастардың саны 919 153 адамға өскен (1999 жылы – 3,78 млн адам, 2012 жылы – 4,7 млн адам). Осылардың ішінде 718 мың жас жоғары білімге ие (15,9 пайыз), ал 306 мың жастың аяқталмаған жоғары білімі бар (6,8 пайыз) және 728 мыңының білімі – арнайы орта (16,2 пайыз). Соңғы 11 жыл ішінде жастар ұйымдарының саны 7 есеге артып (2000 жылы – 150 жастар ұйымдары, 2011 жылы – 1043), ал, жастар саясатын қаржыландыру 7 жыл ішінде 10 есеге өскен. Сонымен қоса, Жастар жұмыссыздығының деңгейі 2001 жылмен салыстырғанда 4 есеге азайған.

Қазіргі таңда жастар саны артып келе жатқанымен, болжамдық мәліметтерге сүйенсек, олар 2015 жылы 4,52 млн, 2020 жылы 4,13 млн адамды құрайтын болады. Жас-тар санының қысқаруы еңбек ресурстары проблемаларының туындауына, экономиканың әртүрлі саласында білікті кадрлардың азаюына соқтырып, Қазақстанның сыртқы технологиялық күштерге тәуелділігі қаупін күшейтеді. Онымен қоса, бүгінгі таңда жастар арасында есірткінің таралуы 15 пайыз, діни экстремизм мен терроризм қаупі 12 пайызды құрап, соңғы мәліметтер бойынша, жалпы мемлекетіміздегі адамдардың мәдени деңгейінің құлдырауы 16 пайыз көрсеткішке ие болған. Осының бәрін ескерсек, алдағы уақытта мемлекет тарапынан болашақтың тізгінін ұстайтын ұрпақтың өзіне сенімді, білімді әрі ел ертеңін сеніп тапсыруға лайықты болуы үшін барлық салада атқарылатын жұмыстардың молая түсуі және сапалы жүргізілуі керектігін жете түсінеміз. Осы себепті тұжырымдама өзіне табысты, бәсекеге қабілетті және патриот жас қазақстандықтарды қалыптастыру секілді жауапкершілігі зор міндетті жүктейді.

Аталмыш құжаттың айқын үш бағыты бар: бірінші, «жастардың құндылық-патриоттық бағдарларын қалыптастыру»; екінші, «жастардың экономикалық, әлеуметтік, иннова­циялық және шығармашылық әлеует­терін дамыту»; үшінші, «мемлекеттік жастар саясатын институтционалдық қамтамасыз ету». Осы бағыттағы жұмыстар екі кезеңмен жүзеге асырылмақ: 2012 жылдан 2015 жылға дейінгі кезең және 2016 жылдан 2020 жылға дейінгі кезең. Бірінші кезеңде: «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңы қабылданады; «Жастар» рес­пуб­ликалық сараптау-талдамалық құрылымы құрылады; «Жастар практикасы», «Жасыл ел», «Дип-ломмен ауылға», «Жастардың кадрлық резервтері», «Мемлекеттік қызмет мектебі», «Жастар Отанға!» және өзге де жастар бастамалары өз жалғасын табады; «Ертеңің үшін аянба!» еріктілік қызметі бойынша қоғамның барлық қабаттарын қамтитын жаңа азаматтық институттар құрылады; жастар ортасында ғылымның мәртебесін көтеру және оларды инновациялық жобаларды әзірлеуге тарту үшін «Қарқын KZ» жобаларын іске асыру басталады; жастардың санасында еңбек құндылықтарын арттыру бойынша «Еңбекқор» жобасын іске асыру басталады; 2014 жылға қарай жастардың денсаулық орталықтары мен жас аналар, отбасын жоспарлау мектептерінің желісі дамиды; жас азаматтардың жұмыс іздеуінің орташа ұзақтығы 6 айдан 4 айға қысқартылады; жұмыспен қамту өкілетті органдарымен жұмыс іздеп келген жастар санынан жұмысқа орналасқандар үлесі 10%-ға артады; «жас отбасы» категориясы үшін тұрғын үй алуға «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында жағдай жасалады (2014 жылдан бас-тап 2020 жылға дейін – 3000 пәтер). Бұл бірінші кезеңде атқарылатын істің бір бөлігі ғана, ал, екінші кезеңге жоспарланған жұмыстар – өз алдына бір төбе.

Осы жұмыстар 2004 жылғы 7 шіл­дедегі №581-ІІ «Мемлекеттік жас-тар саясаты туралы» Заңы; Қазақ­станның 2020 жылға дейінгі стра­тегиялық даму жоспары; Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арнал­ған мемлекеттік бағдарламасы; Денсаулық сақтауды дамытудың «Саламатты Қазақстан» 2011-2015 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағдар­ламасы; Қазақстан Респуб­ли­ка­сында дене тәрбиесі мен спорт­­ты дамытудың 2011-2015 жыл­дарға арналған бағдарламасы; «Ең­бекпен қамту – 2020» бағ­дарламасы; «Бизнестің жол картасы – 2020»; «Аумақтарды дамыту» бағдарламасы; «Қолжетімді бас­пана – 2020» бағдарламасы; Орта­лық және жергілікті атқарушы орган­дардың стартегиялық жоспарлары сынды нормативті құқықтық актілер негізінде жүзеге асады.

Ербол ЖАНАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten − three =