ТҮРКИЯДАҒЫ «ОЙЫННЫҢ» БАС КЕЙІПКЕРЛЕРІ КІМ?!

0 122

«Ағаштарға тимеңдер»

Стамбұл қаласындағы оқиғалар басталғалы екі аптадан астам уақыт өтті. Стамбұлдың жүрегі – Таксим алаңындағы ағаштарды қорғау ниетінде басталған бейбіт шеру араға араласқан арандатушылардың көмегімен саяси шиеленіске айналды. «Араб көктемінен» кейін тынышталған орталық шығыс жағрафиясы қайта ушықты. Бейбіт шерушілерді шектеуге тырысқан полиция қызметкерлерінің әсіре күш жұмсауы, батыстық медиа құралдарының көріктеуімен барлық ақпарат «езген мен езілгеннің қақтығысы» сипаттамасында беріліп жатты. Түркия басшылығының бейбіт шерушілерге қысым көрсетпеуін талап еткендер де болды. Бұған Түркияның Премьер-Министрі «бізді сынағандар өздеріне қарап алсын» деп жауап берді.

Иә, расында батыстың медиа алпауыттары, түймедей нәрсені түйедей етіп көрсеткенге құмар келеді. Стамбұлда шыққан оқиғаларды, «революция» сипатында көрсетуге тырысып бақты. Оқиғалардың шығу себебін, өрбуін және бүгінгі жағдайына бір шолу жасап өтейік, сосын мәселенің жасырын жатқан тұстарына да тоқталамыз.

Оқиғалар, Таксим алаңында орналасқан «Гези» («Қыдыру» дегенді білдіреді) паркіндегі «ағаштарды кеспеңдер!» деп жиналған жастардан басталды. Түркия жастары саяси ұстанымдарға берік келеді, отыз-қырық жыл бойы жалғасып келе жатқан көп партиялық саяси жүйе және сол жүйеде өскен қазіргі буын жастар отбасыларының ықпалымен белгілі бір партияның көзқарасын ұстанатын болған және сайлауда өз партияларын әрдайым қолдайтын болған. Тіпті, оқитын жоғарғы оқу орнын таңдайтын кезде де өздерінің саяси көзқарастарына жақын университеттерді таңдайды.

Түркияның көптен бері қызмет көрсетіп келе жатқан және белгілі бір уақыттарда билікте отырған партияларынан қазіргі таңда белсенді екі партия қалған: Республикалық Халық Партиясы («СНР» деп атайды – сол ұстанымды ұстанатын социалдық партия. Мустафа Кемаль Ататүріктің құрған партиясы) және Ұлттық Халық Партиясы («МНР» деп атайды – оң ұстанымды ұстанатын ұлтшыл партия түріктердің символы «сұр қасқыр» деп қабылдайды). Ал, Әділет және Дамыту Партиясы (АҚ Партия – батыста «ұстамды исламшылар» деп атаған партия) 2000 жылы Түркияны тұншықтырған қаржылық дағдарыс кезінде қазіргі Премьер- Министр Реджеп Таиип Ердоғанның үзеңгілес жолдастарымен бірге құрылған және 2 жылдан кейін халықтық сайлауда жеңіске жетіп, билікке қол жеткізген партия. Кезінде марқұм Тұрғыт Өзалдың билікке келуіне жол ашқан Ана Отан Партиясы («АNАP» деп аталады), марқұм Булент Еджевиттің партиясы Демократиялық Сол Партиясы («DSP» деп аталады) бүгіндері белсенділігін жоғалтқан және соңғы жылдары саяси алаңға шықпайтын болған.

«Гези» паркінде шеруге шыққан жастардың көпшілігі Республикалық Халық Партиясының және «Жасылдар Әрекетінің» өкілдері. Жастар Таксим алаңына келіп, өздерінің палаткаларын құрып, «Гези» паркінде басталуы керек болған құрылыс жұмыстарына кедергі болу мақсатында жиналған. Екінші күннің азанында полиция қызметкерлері келіп, жастарды орындарынан тұрғызып, тарқатуға тырысқан. Себебі, олар шеруге шығу үшін жергілікті атқару органдарынан рұқсат алмаған.

«Арандатушылар»

Оқиға осы кезден бастап өрт алған. Осындай сәтті күткен арандатушылар полиция қызметкерлеріне қарсы күш жұмсап, отқа керосин төгіп, бұны әлеуметтік желідегі «ойбай, Таксимде полиция адамдарды өлтіріп жатыр, көмектесіңдер» деп хабарландыру таратып, алаңды соғыс алаңына айналдырып жіберген. Көшелерге баррикада құрып, жол бойындағы көліктерді өртеп, дүкендердің терезесін сындырып, халықтың тыныштығын бұза бастаған. Полиция қызметкерлерінің «бұрыш газы» қаруын қолдану – жиналған топтың ашуын арттыра түскен себептердің бірі ғана. Тіпті, полиция қызметкерлерінің Әділет және Дамыту Партиясының сойылын соғушылар деп кінәлағандар және осыған орай биліктегі Ердоған мен партиясын «диктатураға» балағандар шықты.
Осы жерде айта кететін бір оқиға тағы бар полицияға байланысты. Түркияның Қара теңіз жағалуындағы Реджеп Таиип Ердоғанның туған жері Ризе қаласында болған оқиға. Бұл қалада да Стамбұлдағы шеруге қолдау көрсету үшін алаңға шыққан жастар мен Ердоған жақтастары арасында қақтығыс болды. Ердоған жақтастары саны жағынан көп болғандықтан, шеру жақтастары алаңнан қашып, бір ғимараттың ішіне кіріп тығылады. Қуалаған топ ғимаратты қоршап алады. Оқиға жеріне келіп жеткен полиция қызметкерлері, қалың топқа «тараңдар» деп ескертпе жасағанмен, оларды ешкім елемейді. Полиция қызметкерлері сан жағынан жиналған топтан аз болғандықтан, «бұрыш газын» қолдануға мәжбүр болған. Сол қаруды қолдана отырып, ғимараттағы адамдарды сыртқа шығарып, аман алып қалады. Бұл оқиға полицияның ешбір жаққа жақтаспағандығына дәлел бола алады. Таксимде шеруге шыққандарға қарсы қолданылған қару Ризеде Ердоған жақтастарына қарсы қолданылды. Ризеде болған оқиғада 1993 жылы Сивас қаласында болған қазалы оқиғаның қайталану ықтималын тудырған болатын. Айта кетер болсақ, 1993 жылы Сивас қаласында бір қонақ үйде жиналған 33 зиялы қауым өкілдерін, «радикал исламист» деп аталған топ ғимаратты қоршап өртеп жіберген.

Түркиядағы оқиға мен Араб елдеріндегі оқиғаларды салыстыруға келмейді. Неге? Себебі, Араб елдеріндегі оқиғаларға халықтың экономикалық жағдайы себеп болған. Мысырдағы, Алжирдегі, Сириядағы оқиғаларда ұзақ мерзім билікте отырған адамдардың экономикалық реформаларды дер кезінде жүзеге асырмаулары себеп болған. Әрине, сыртқы күштердің де ықпалын жоққа шығаруға болмайды.

Ол мемлекеттермен салыстырғанда, Түркия экономикасы Ердоған билікке келгелі бері жақсы өсу қарқынын көрсеткен. 2002 жылы ЖІӨ – 231 миллиард доллардан, 2012 жылы 786 миллиард долларға жетті. 2002 жылы экспорт көлемі 36 миллиард доллардан, 2012 жылы 153 миллиардқа жетті (Үкімет 2023 жылы экспортты 500 миллиард долларға жеткізу мақсатын қойып отыр). 2002 жылы инфляция 68 пайыздан, 2012 жылы жеті пайызға түсірілді. Түркия экономикасы бүгін әлем бойынша 16-шы, Еуропа бойынша 6-шы орында тұр.

Оқиғалардың басталуы Түркияның Халық­ара­лық Қаржы Қорынан (ХҚҚ) алған қарыздың соңғы төлемі 422 миллион долларды төлеп, Ердоғанның «енді Түркия ХҚҚ қарыз алатын емес, қарыз беретін мемлекет болады» деген сөздерінен кейін өрбуі кездейсоқтық шығар. Халықаралық Қаржы Қорына 1947 жылы мүше болған Түркия алғашқы қарызын 1962 жылы алған. Содан бері қарызды жаңа алған қарызбен жауып келген.

«Шерушілердің Түркия үкіметіне қойған талаптары»

Таксим алаңындағы жастарды қолға көсеу қылған түрлі арандатушы топтар болды. Сондықтан, жастар мен араңдатушыларды бір-бірінен ажыратып алу үшін, Таиип Ердоғанның шет елге ресми сапарға шығуына байланысты Премьер-Министрдің өкілі қызметін атқарушы Булент Арынч Таксимдегі топтың өкілдерін келіссөздерге шақырды. Кездесу барысында олардың талаптарын тыңдады. «Гези» паркі өкілдері жеті баптан тұратын талаптарын мәлімдеді. Ішіндегі ең маңызды тұстары төмендегідей болды:

• Стамбұлда 3-ші көпір салынбасын
• Стамбұлда 3-ші әуежай салынбасын
• Стамбұл каналы салынбасын
• Гидроэлектр станциялары салынбасын

Бұл жобалар Түркия экономикасының бағытын өзгертетін, қуатына қуат қосатын жобалар. Стамбұлдағы 3-ші көпір жобасы – Түркияның транзиттік әлеуетін арттыратын жоба. Егер 3-ші әуежай салынатын болса, Стамбұл Еуропаның транзит орталығына айналады. Канал Стамбұл жобасы бұғаздан өтетін кемелердің қалаға түсіретін жүгін азайтатын жоба. Гидроэлектір станциялар сырттан алатын газ көлемін азайтып, сыртқы сауда теңгеріміндегі дефицитті төмендетін жоба (бүгінгі күні Түркиядағы электр станцияларының 60 пайыздан астамы газ турбиналарымен жұмыс істейді, сондықтан, жыл сайын 60 миллиард долларлық сауда дефициті қалыптасып келеді). Бұл жоболардың барлығы Түркияның экономикасының өсуіне зор үлес қосатын жобалар, өз елінің экономикасы үшін маңызды бұндай жобаларға есі дұрыс ел азаматы несіне қарсы болсын? Ендеше бұл талаптарды Түркия үкіметіне кім қойып отыр немесе кім қойдыртып отыр?
Түркияның бұл жобаларды жүзеге асыруына кім қарсы болса, бұл оқиғаларды көріктеп отырғандар да солар. Бұлардың ішіне Түркия экономикасының күш жинағанына қарсы мемлекеттер де бар, Ердоғанның жетістігін көре алмай жүрген ішкі топтар да бар. Бұлардың бәріне ең дұрыс жауапты Ердоғанның өзі берді: «Демократия – дауыс беру сандықтарында бізді халық сайлады, халық қана алып тастайды, жеті айдан кейін сайлау бар. Сонда кездесеміз» деді.

«Тұздық»

Оқиғаларда әлеуметтік желілердің рөлі зор. Дәстүрлі журналистика арнайы білім алған және журналистика этикасын білетін мамандардан құралған. Олар өздерінің тарататын ақпараттарының жауапкершілігін біледі. Бұның есесіне, бүгінгі күні модаға айналған азаматтық журналистика қолында интернетке шығу мүмкіндігі бар барлық адамды, ақпарат тарату көзіне айналдырды. Сондықтан, ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан алып қарағанда әлеуметтік желілерді дұрыс және орынды қолдана білу де мемлекеттің саясатына айналуы керек. Бұл біздің еліміз үшінде маңызды. Мәселен, кейбір кездері еліміздегі оқиғалар туралы ақпаратты Ресейдің ақпарат көздерінен алып отыратын болсақ, бұл бізді қатты ойландыру керек.

Түркиядағы оқиғалар басыла бастағалы бері, ақпарат кеңістігіндегі таратылған жалған ақпараттардың бетперделері ашыла басталды. Түркия бұл оқиғалардан үлкен сабақ алып, барлық тараптар өздерінше ой түйіп жатыр. Ал, бұл оқиғаларға себеп болған ағаштардың саны бар жоғы 15 ағаш болатын. 15 ағаштың дауасы 15 күнге созылған екен.

Бекжан ДОСЫМ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seven + seven =