«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Түркістан

0 827

Қазақ қоныс тепкен ұлан-ғайыр ұлы даланың әр пұшпағы қасиетті. Топырағын түртсең, тарихы толғайтын кие қонған жеріміздің төрт бұрышын түгендегенде түмен бап жатқан Түркістанға төрден орын тиетіні әмбеге аян. Ежелден ер түріктің бесігі саналған атақонысты ел бүгінде «Рухани астанамыз» дейді. Сондықтан «Рухани жаңғыру» аясында түзілген Қазақстанның киелі жерлері географиясынан бұл шаһардың ерекше қастер тұтатын тарихи орындарының ойып тұрып орын алатыны заңдылық.

Рухани астана
Түркістан турасындағы әңгімемізді Шерхан Мұртазаның сөзімен тарқатсақ, «Бүкіл қазақ халқы мойындайтын піріміз – Түркістан». Халық жазушысы «Әр елдің, егер ол өз тарихын, өз мәдениетін, өз намысын бағалай білетін ел болса, сол елдің пір тұтатын бір мекені болады. Мысалы, ол өзбектерде – Самарқан, Бұхара. Орыстарда – Суздаль, Владимир. Иранда – Машхат. Ал, біз, қазақтар үшін сондай рухани алып – Түркістан» дейді. Расында да, бүкіл қазақ, тіпті түркі әлемі, иісі мұсылман қауымы тәу ететін Түркістан – қасиетті қала.
Түбі бір түркі жұрты тараған Түркістанның тарихы тереңде жатыр. Көне қаланың іргетасы V-VI ғасырларда қаланған. Бұл өлке бұрын – Шауғар, ке­йін гүл­денген тұсында Яссы деп аталған. Ал Түркістан атауы XV ғасырдан бастап мықтап бекиді. Шаһар Түркістан болғалы аймақтың саяси орталығына айналып, Қазақ хандығының астанасы атанады.
Басында айтқанымыздай, Қазақстанның 100 қасиетті нысанының тізіміне енген орындардың біразы Түркістан топырағына тиесілі. Солардың барлығы дерлік осы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасына топтасқан. Атап айтсақ: «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени кешені, яғни Қ.А.Ясауи кесенесі, Ясcы-Күлтөбе қалашығы, Сауран қалашығы, Үкаша ата кесенесі, Гауһар ана кесенесі, Есім хан кесенесі және Жылаған ата бұлағы мен үңгірі. Бұған қоса, тізімге енбей қалған тағы талай тарихи-мәдени ескерткіштер бар. Мұның бәрін бірден толық қамту мүмкін болмағандықтан, алдымен алып кесенеге кеңінен тоқталғанды жөн көрдік.

Әзірет Сұлтан
Орта Азия тарихындағы сәулет өнерінің ең таңдаулы жәдігерлерінің бірегейі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі осы қалада орын тепкен. Бұл кесене мен Түркістанды егіз ұғым, тіпті бір ұғым деуге әбден болады. Өйткені XІV ғасырда Әмір Темірдің ықпалымен салынған, бүгінге дейін бір бұрышы қисаймай жеткен осынау ғимарат қаламен бірге жасап, үндесіп жатыр.
Түркістан түркі дүниесіне ислам дінінің таралуына ықпал етуімен қадірлі. Мұның басында, әрине, «Диуани хикмет» («Даналық кітабы») еңбегімен әлемге танылған әулие баба Қожа Ахмет Ясауи тұр. Сонау 1103 жылы дүниеге келген ғұлама сопының бұл қаланы Яссы болып тұрған кезінде мекен еткенін тегі айтып тұр.
Көзі тірісінде Сұлтан ул-Ғарифан, яғни әулиелердің сұлтаны атанған шайқыға арналып салынған сәулет ғимараты – аса үлкен порталды-күмбезді құрылыс. Оның биіктігі – 39 метр, ұзындығы – 65,5, ені 46,5 метрді құрайды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – жамағатхана, қабірхана, мешіт, кітапхана, үлкен ақсарай, кіші ақсарай, асхана, құдықхана және бірнеше құжыра бөлмелерден тұратын діни-ғұрыптық, діни-ағартушылық, тұрмыс-салттық қызмет түрлерін атқаруға арналған аса күрделі кешенді құрылыс.
«Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің территориясында 164 атақты тұлға жерленген. Оның ішінде 20-дан аса хан жатыр. Кесенеде жатқандардан қазақтың Қаз дауысты Қазыбек би, Абылай хан, Есім хан, Хақназар хан, Тәуке хан, Шығай хан, Жәңгір хан, Қанжығалы Бөгенбай, тобықты Мамай, қоңырат Сырғақ сияқты тұлғаларын атауға болады.

Тайқазан

????????????????????????????????????

Қазіргі күні «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қорында 23978 заттай мұрағат мемлекеттік есепке алынған. Оның 2627-сі – этнографиялық, 5034-і – археологиялық, 2734-і – жазба ескерткіштер, 13583 данасы нумизматикалық жәдігерлер болып төрт ғылыми классификациялық топқа жіктелген.
Осылардың ішінен ең құнды жәдігер – Тайқазанды ерекше атап өткен жөн. Бұл қазан 1399 жылы 25 маусымда Түркістан қаласынан 27 шақырым жерде орналасқан Қарнақ елді мекенінде жеті түрлі металдан – мыс, мырыш, алтын, күміс, қола, қорғасын, темір қоспасынан құйылған. Қазанның салмағы – 2 тонна, сыйымдылығы – 3 мың литр, биіктігі – 1,60 метр, диаметрі – 2,42 метр.
Тайқазанның өрнектелуінің өзінде көп сыр бар. Оның сыртындағы жазуларда Құран Кәрім аятынан және пайғамбар хадисінен үзінділер келтірілген.
Тайқазан 1935 жылы «Иран өнері мен археологиясы бо­йынша ІІ халықаралық конгресі» кезінде Санкт-Петербургтегі Эрмитажға алынады. Сонда жарты ғасырдан астам уақыт тұрып, тарихи отанына 1989 жылы 18 қыркүйекте қайтарылды. Бұл іске мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің сіңірген еңбегі зор.

Ашық аспан астындағы музей
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейіне тек кесене ғана емес, соның маңайындағы Рәбия Сұлтан бегім кесенесі, Қылует жерасты мешіті, Шығыс моншасы кіреді. Сонымен қатар, Қожа Ахмет Ясауи мұнарасынан оңтүстікке қарай 350 метр жерде орналасқан «Яссы-Күлтөбе» қалашығы да бар. Бұл – сопақша келген, биіктігі – 9 метр, аумағы 150х120 метрді қамтитын ауқымды төбешік.
Қалашықта Білім және ғылым министрлігі тарапынан бөлінген грантқа Түркістан экспедициясы археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. 2013-2014 жылдары бұл орынды табиғи факторлардан қорғау үшін төбесі уақытша материалмен жабылған. Ал 2017 жылдан бастап мұнда зерттеу жұмыстарымен Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты айналысуда. «Күлтөбе» қалашығы тарихи кезеңдері анықталып, қайта қалпына келтіру ісі түгесілсе, ашық аспан астындағы музейге айналмақ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды