Түркістан және Елбасы

0 65

Осыдан үш жыл бұрын, 2018 жылы 19 маусымда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Түркістанға облыс мәртебесі беріліп, киелі шаһар облыс орталығына айналды. Сол уақыттан бері рухы сілкінген, өшкені жанып, өлгені тірілген өңірдің жаңа тынысы ашылды. Аз ғана уақытта көз ілеспес жылдамдықпен жаңарған қала бұрын көрген адам танымастай болып өзгерді. Жалпы Елбасымыз Түркістанды түлету идеясын тәуелсіздік таңы атқаннан бері айтып қана қоймай, толығымен жүзеге асырды. Ұлт көшбасшысының бастамасымен қасиетті қала айналасы екі-үш жылдың ішінде еңселі, ажарлы, өркениетті құт-мекенге айналғанын көріп отырмыз.Танымастай өзгерген шаһар

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қасиетті Түркістанға жұмыс сапарымен барды. Аз ғана уақытта адам танымастай болып өзгерген қаладағы құрылыстың барысын бақылап, пайдалануға берілген жаңа нысандарды аралап көрді. Қазақ хандары мемориалдық кешенін ашып, Тұңғыш Президент саябағын одан әрі абаттандыру жоспарымен танысты. Жалпы ауданы 38 гектарды құрайтын үлкен саябақта сыйымдылығы 100 текше метрлік жасанды арал пайда болды. Арал жасау үшін су ұңғымасы мен резервуар салынған. Саябақта 10 мыңға тарта ағаш отырғызылып, тас жолдар төселді. Назар аударатын нәрсе, жаңа сая­баққа өзгеше дизайнмен жасалған түрлі түсті шамдар орнатылады.
«Қазақ хандары» мемориал­дық кешенінің ашылу рәсімі аясында Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы дала бірлігі» капсуласын салды. Капсулаға Қазақстанның барлық өңірлеріндегі киелі жерлердің топырағы жиналған. Қазақ хандығына арналған мемориалдық кешен Қазақ хандығының негізін қалаушылардың құрметіне тұрғызылған. Мемориалдың архитектуралық шешімі – биіктігі 7 метрлік сатылы 21 қанаттан тұратын, диаметрі 35 метрге тең киіз үй бейнелі композиция. Иілген 21 қанат Түркістанда жерленген 21 ханды білдіреді. Есім ханнан бастап Әлеке ханға дейінгі бабаларымыздың есімдері және ел басқарған жылдары анық жазылған. Сәулет кешенінің орталық бөлігіндегі гранит тұғырда хандар ұстайтын аса­таяқ пішіндес, биіктігі 12 метрге тең стела орнатылған. Оның түбінде төрт таутеке мүсіні бар. Орталық композицияны ішкі жағынан ұзындығы 28 метрлік «Қазақ хандығының тарихы» барельефі қоршап тұр.
Киелі қалада еліміздің мақтанышына айналатын бірегей нысандар салынып, құрылыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Соның ішінде тарихи-археологиялық жобалар да бар. Солардың бірі – Күлтөбе қалашығы. Елбасына Күлтөбе қалашығы археологиялық сая­бағын құру жобасын жүзеге асыру туралы баяндалды.
ЮНЕСКО-ның қызығу­шылығын тудырған ескі қала әлемдік музейлерден кем түспейді дейді мамандар. Қазба жұмыстары биыл аяқталуы тиіс. Сондай-ақ Түркістанның жасына қатысты тартыс көп. Соңғы табылған жәдігерлер киелі мекеннің мың жарым емес, үш мың жылдық тарихы барын дәлелдеп отыр.
Тұңғыш Президент назарына ботаникалық бақтың даму жоспары ұсынылды. «Яссы» ботаникалық бағының жалпы ауданы – 7,7 гектар. Бақтың орталық бөлігі раушан гүлдерден және аршадан жасалған ислам ою-өрнектері бейнесіндегі үлкен лабиринтпен безендірілген. Саябақ ішінде раушан гүлдерден ислам паттерндеріне ұқсас гүлзарлар бар. Бұл жерге мыңға жуық ағаш егілген, оның 800-ден астамы – шие, алма, талшын, долана, қызғалдақ ағашы сынды гүлдейтін сәнді өсімдіктер.
Елбасы «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорығының аумағында орналасқан интерактивті этноауылға да ат басын тіреді. Этноауыл кешені – қазақ даласының XVIII-XIX ғасырдағы өмірін бейнелейтін жоба. «Әзірет Сұлтан» мәдени қорығының буферлік аймағы мен Ахмет Ясауи кесенесінің бекініс қабырғасы, этнографиялық
музейдің ортасында орын тепкен интерактивті этно­ауылдың аумағы 16 мың шаршы метр­ді құрайды. Көшпенділер өркениетінен көрініс беретін этноауыл аймағында қазақ даласындағы тұтас бір дәуір бейнеленген.
Содан соң Елбасы жаңа музыкалық драма театрының ашылу рәсіміне қатысты. Төрт қабаттан тұратын рухани орданың көрермендер залына 500-ден астам адам сыяды. Бірден көз тартарлығы, ғимараттағы VIP-залдар, адам жиналатын холдар, фойе мен шымылдықтар, вестибюльдер қазақы ою-өрнектермен бе­зендірілген. Көрермендерге және театр қызметкерлеріне көмек беретін дәрігер бөлмесі де бар.
Тұңғыш Президент театрда түркі халықтарының тарихы мен өмірінен сыр шертетін «Шаңырақ» миниатюрасын тамашалады. Қойылым соңынан Н.Назарбаев театр әртістерімен сөйлесті, құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды. Сондай-ақ БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізіп, қала мен өңірдің негізгі даму нәтижелері туралы айтты. «Түркістан қазіргідей жаңғыруды бұрын-соңды басынан өткізіп көрген емес. Танымастай болып өзгерді. Бұл жер қазақстандықтар үшін ғана емес, барлық турис­тер үшін де бірегей мекенге айналады» деді Елбасы.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті инвестициялық және туристік жобаларды, сондай-ақ қаланың және тұтас өңірдің тұрғын үй мен әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобаларды одан әрі жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. «Қалада жаңа жұмыс орындары ашылуда, жастарға мол мүмкіндік жасалып жатыр. Туризм университеті бой көтерді, бүгін тамаша театрдың тұсауы кесілді. Бұл – шын мәнісінде айтулы оқиға» деді Нұрсұлтан Назарбаев.
«Бұл Қазақстан үшін ғана емес, барлығымыз үшін бірегей қала болады. «Керуен-сарайдың» бір өзі неге тұрады?! Басқа нысандар, тартымды саябақтар, демалыс орындары бар. Қазір бұрын болмаған басқа қалаға келгендей әсер аласың. Сондықтан барлық түркістандықтарды мемлекеттің осы бір ерекше сыйлығымен құттықтаймын! Ал сіздердің мемлекетке сыйлықтарыңыз ынтымақ, бірлік және Отанымыздың игілігі үшін еңбек ету болмақ» деп сөзін түйіндеді Елбасы.Университет дамуға жол ашты

Қаланың өсіп-өркендеуіне көне шаһарда Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің құрылып, өркен жаюы зор мүмкіндік ашты. Тәуелсіздіктің елең-алаңында Елбасының Жарлығымен ашылған оқу ордасы күллі түркі халықтарының мәдени-рухани ордасына айналды. Университеттің ашылу салтанатында Нұрсұлтан Назарбаев: «Бұл оқу орны келешекте түркі халықтарына ортақ ордаға айналады. Осы университет Түркістанды өркениеттің өріне көтеруі тиіс» деп үміт артты. Өзі айтқандай, білім мен ғылым ордасы қазақ-түрік достығының дәнекеріне айналды. Бүгінгі таңда аталған университет – еліміздегі ғана емес, Орталық Азиядағы ірі оқу орындарының бірі. Елбасы үміт еткендей, түркі жұртының бірлік пен берекесінің, ынтымақ пен елдігінің нышаны болғаны шын қуантады.
Осы сапар барысында
Елбасыға «Farab Library»
кітап­ханасының ерекшеліктері таныстырылды. Ол роботтандырылған техника зертханасының жұмысын көріп, сондай-ақ сирек кітаптар мен манускриптер бөлімін аралады.
«Farab Library» кітапханасы – заманауи құрылғылармен және озық технологиямен жабдықталған көпфункциялы білім беру кешені. Бұл жерде 480 мың кітапқа арналған кітап сақтау орны, цифрландыру, консервациялау және реставрациялау зертханасы, 400 адамға арналған дәріс залы, көрме атриумы, FabLab цифрлы шеберханасы, музыкалық зертхана, фото және видеотүсірілімге арналған мультимедиа залы, 3D модель жасайтын проекция залы, каллиграфия және қыш өнері студиясы, конференция өткізуге лайықталған залы бар коворкинг, компьютер сыныбы, сирек кітаптар мен манускриптер залы орналасқан.«Керуен-сарай» – бірегей кешен

Одан әрі Елбасы ел-жұрттың ерекше ықыласын аударған «Керуен-сарай» турис­тік кешеніне барды. «Алтын самұрық» ұшатын театрына кіріп, театрландырылған судағы шоуды тамашалады. Сондай-ақ Нұрсұлтан ­Назар­баевтың келуіне орай «Қыз қуу» театрландырылған көрінісі көрсетілді.
Орта Азияда ең ірі болып саналатын көпқызметтік туристік кешен туралы аз-кем мағлұмат келтірейік. Кешен «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорығының аумағында орналасқан. Жалпы ауданы – 117,6 мың шаршы метр. «Керуен-сарай» кешенінде «Жібек жолы» дәуірінен сыр шертетін саудагерлер мен қолөнершілер көшесі, «Ұшатын театр», ат ойындарын өткізетін амфитеатр, шығыс базары, сауда сөрелері мен бутиктер, қонақүйлер мен мейрамханалар, SPA және фитнес орталық, отбасылық ойын-сауық орталығы бар. Олардың бәрі бір-бірімен су арналары арқылы жалғасып жатыр.
Жоспар бойынша аталған кешен және Қожа Ахмет ­Ясауи кесенесі Түркістанға шетелдік инвесторларды және турис­терді тартатын басты факторға айналуы қажет. «Керуен-сарай» инвестициялық жобасын «Turkistan Tourizm City» компаниясы жүзеге асырды. Мысалы, «Turkestan Silkway Harbor» компаниясы ­«Керуен-сарайдағы» бір ғана тұрмыстық кешенді салуға 88,5 млрд теңге жұмсады.«Бұл елдің астанасын салумен тең…»

«2018 жылдың маусым айында Шымкент қаласын «миллион тұрғыны бар қала, орталыққа бағынатын қала» деп бөліп, Түркістан облысын құрып, сол облыстың орталығын «Түркістан қаласы» деп Жарлыққа қол қойғанымды білесіздер. Бар болғаны 3 жылға да жеткен жоқ, 2018 жылдың аяғына дейін ұйымдас­тыру мәселелерімен шұғылдандық. Бүкіл Қазақстандағы ауқатты жігіттерді жинап, мемлекетке тапсырма беріп, бірінші бағдарламаны жасадық. Соның арқасында екі жыл ішінде 257 ғимарат іске қосылды. Қазақстанның 30 жылдағы жеткен жетістігі жер мен көктей. Сол сияқты бұл елдің астанасын салумен тең» деп мәлімдеді Нұрсұлтан Назарбаев осы сапардағы брифингте сөйлеген сөзінде.
Иә, алып құрылыс алаңы астананы салуды еске түсіреді. Киелі шаһарды салудың 2050 жылға дейінгі бас жоспары бекітілді. Осы жоспардың аясында бірінші кезеңде 175 нысан бой көтереді. Бірқатар нысандар пайдалануға берілді. Олардың қатарында әкімшілік-іскерлік орталығында облыстық әкімдік, басқармалар, департаменттер ғимараттары, Нұр-Сұлтан алаңы, конгресс-холл, «Алатау-­Media» орталығы, оқушылар сарайы, орталық стадион, бассейні бар спорт кешені, олимпиадалық резерв мектебі, халыққа қызмет ету орталығы, музыка мектебі, қалалық саябақ, цифрлы кеңсе және т. б. бар. Бұл нысандардың салынуына «Самұрық-Қазына» АҚ, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Алматы, Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Батыс Қазақстан облыс­тары, Petroleum Operating компаниясы зор үлес қосты. Ал рухани-мәдени орталықта – шығыс моншасы, музыкалық субұрқақ, неке сарайы, амфитеатр, қабылдау орталығы, Ахмет Ясауи музейі, «Ұлы дала елі» орталығы пайдалануға берілді. Бұл нысандардың салынуына Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау, Жамбыл, Атырау облыстары мен «Самұрық- Қазына» АҚ атсалысты.
Тұңғыш Президент – Елбасының қатысуымен ашылған Түркістандағы халықаралық әуежай еліміздегі туризм саласын дамытуға зор серпін берері анық. Нау­рыз мейрамы қарсаңында
Түркістан-Ыстанбұл бағытындағы алғашқы халық­аралық тұрақты рейсі ашылды. Биыл екінші жартыжылдықтан бастап Түркістанды 10 облыс орталығымен аптасына 53 рейспен байланыстыру жоспарға енгізілді. Мұндай игілікті істердің сәтімен жүзеге асырылатынына сеніміміз мол.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 − four =