Түркістан легионының соңғы жауынгері

0 252

2000 жылы 27 желтоқсан күні Алматыда М.Шоқай қорының басқармасы мен «Жас Түркістан» журналының редакция алқасы Б.Дәрімбеттің бастамасы бойынша бірлесе отырып, Алматы қаласындағы зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен Мұстафа Шоқайға арнап берілген ас кезінде Хамза Абдуллин аталы сөз айтып, теледидар тілшілеріне сұхбат берген еді. Бұл менің Х.Абдуллинді соңғы көруім екен. Осыдан көп ұзамай, 2001 жылы 10 ақпанда, өзінің туған күнінде ол кісі бақилық болды.
Саналы ғұмырында Мағжан ақынның жоғын жоқтаған, өмірінің соңына дейін қаламын қару етіп, қазақ әдебиеті мен аударма өнеріне үлкен еңбек сіңірген, тағдырдың жазуымен еріксіз Түркістан легионы мен Түркістан ұлттық комитетінің мүшесі болған, осы жылы туғанына 102 жыл толып отырған Хамза Абдуллин туралы не білеміз?Хамза Абдуллин 2000 жылы «Жас Түркістан» журналында жарық көрген «Арманда кетіп барамын» атты мақаласында: «1927 жылы Мағжан Жұмабайұлы алғаш ұсталғанда «егер тәуелсіз ел болсақ, Мағжанды түрмеге емес, таққа отырғызар еді ғой» деп қиялдағанмын. Сонда мен 8 жасар бала едім. Мағжан біздің үйде қонақ болып аттанған соң ұсталды.
Х.Абдуллиннің алғашқы өлеңдері, очерктері, әңгімелері 1936 жылдан бастап баспасөз бетінде жариялана бастаған. Ол – «Шойын жолда», «Қорқақ», «Теңізден теңізге» поэмаларының авторы. Ол 1937-1940 жылдары Алматыдағы Қазақ коммунистік журналистика институтында оқыды. Ол институтты бітірген соң алдымен мектеп мұғалімі, кейін «Со­циалистік Қазақстан» газетінде бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеді. 1940 жылдың соңында әскерге алынып, бір-екі ай қатардағы жауынгерлермен бірге әскери оқуға қатысады. 1941 жылдың басында 380-полктың штабына қызметке алынып, құпия бөлімнің бастығы болып тағайындалады.
Ұлы Отан соғысы басталған кезде Х.Абдуллин қызмет еткен 380-полк Днепрдің батыс жағындағы Черкассы қаласында орналасқан еді. Соғыстың басталуы туралы ол кісі былай деп еске алады: «біздің полк соғысқа бірінші кірген күні немістер біздің үшінші батальонды түгелдей жоқ қып жіберді. Ертеңінде 171-дивизияның командирі генерал Трухин полк командирі полковник Деминді орнынан алды да, оның орнына бірінші батальонның командирі майор Қиязбековті (әзербайжан) қойды. Полктың барлық әскерлеріне жаңа шыққан он бір оқты жартылай автомат берген. Ол «бейшара» соғысқа кірген соң екі күннен кейін мүлдем «жұмыс» істемей қойды. Бір-екі оқ атылса, қалған оқтар бүлк етпей орнында тұрып алады. Біз көп кешікпей жаппай қашуға кірістік». Х.Абдуллин бұл жерде Киев пен Харьков арасындағы қоршауда қалған КСРО-ның үш армиясының тұтқынға түсуі туралы айтып отыр.
1941 жылы қыркүйекте Кеңес армиясы үшін масқара болған әйгілі Киев қоршауында қалған, маршал С.Буденный басқарған Оңтүстік майданның 5-інші, 21-інші және 26-армия­лары талқандалып, басым бөлігі тұтқынға түсті. Олардың арасында Я.Джугашвили де бар еді. Бұл маршалдар Г.Жуков пен С.Буденныйлардың жіберген өрескел қателігі болды. Бірақ Ресей тарихнамасында бүгінге дейін осы ащы шындық жеткілікті дәрежеде айтылмай келеді. 1941 жылы сағат 11.00-де Пирятин өзенінің жағасынан маршал С.Буденный 652 мың адамдық үш армияны тағдыр талқысына тастап, «кукурузникпен» тылға ұшып кетті.
Қоршауда қалған Х.Абдуллин де көппен бірге ормандар мен украин деревняларын аралап қаңғырып жүріп, 1942 жылы 22 ақпанда немістердің тұтқынына түседі. Осы күннен бастап Польшада орналасқан фашистердің Хорол, Ковель, Альтенбург, Демблин бекінісі сияқты концлагерлерінде болып, адам төзгісіз айуандық пен аштық азабын басынан өткізді. Ол Демблинде татар тұтқындары құпия ұйымының бастығы ақтөбелік Гайнан Курмашевпен тығыз қарым-қатынас орнатады. 1942 жылдың күзінде Демблин бекінісіне Мұса Жәлил келіп қосылады. 1942 жылдың қара күзінде құрамында Х.Абдуллин бар 500-дей тұтқын Варшавадан 18 км жерде орналасқан Винамино концлагеріне ауыстырылды.
Х.Абдуллин лагердегі адам төзгісіз суық пен аштықтан өлмес үшін амалсыз 1943 жылы 10 қаңтарда Винаминодан 12 км жерде орналасқан Түркістан легионы құрамына кіреді. Х.Абдуллин легионда бұрынғы Ақмола дивизиясының комиссары – старшина Ибрагим Тұрғынбеков басқарған 7-ротаның хатшысы болып жұмыс істейді. Соғыстан кейін И.Тұрғынбековті кеңес органдары тұтқындаған жоқ. Себебі ол өзінің антифашистік жұмыс жүргізгенін толық дәлелдеп береді. Легионерлердің басым көпшілігі Отанын сатпаған еді. Түркістан легионы құрамындағы батальондар бірінен кейін бірі Қызыл армия немесе партизандар жағына шығып кетіп жатты. Мысалы, 47 адамнан тұратын Жангелдин Темірлан Әлібиұлының взводы Қызыл армия жағына өтуге талпыныс жасаған кезде, оны біліп қойған «Түркістан комитетінің» президенті Вели Каюм-хан мен оның әскери істер жөніндегі орынбасары Баймырза Хайттың тікелей бұйрығымен түгелдей өлім құшты. Қазақ жауынгерлерінен құралған бөлімдер Еуропадағы қарсыласу қозғалысына көптеп қатысты.
1943 жылы мамырда Х.Абдуллин легионнан Берлин қаласындағы «Түркістан комитетінің» қарауына ауыс­тырылады. Ол онда Сайран Абдолла деген атқа ие болып, «Жаңа Түркістан» газетінің қазақ бөлімін басқарды. Осында атақты қазақ ақыны Мәжит Айтбаевпен табысып, Мұса Жәлилді кездестіріп, өзара ынтымақ құрады. Өйткені «Түркістан комитетінің» құрамында 5-6 қазақ, 30-ға жуық өзбек пен тәжік, 5-6 түрікмен және қырғыз болатын. М.Айтбаев Х.Абдуллинге: «Соғыстың аяқталуына бір немесе бір жарым жыл ғана қалды. Кеңестер жеңеді. Біз екеуміз Отанымызға оралуымыз қажет. Сатқындар ретінде емес, өз Отанының патриоты ретінде қайтуымыз керек» дейді екен.
1945 жылы 3 ақпанда майор А.Жұмабаев Х.Абдуллин және басқа да түркістандықтармен құпия жиын өткізіп, Түркістан легионы полктарынан қалғандарды чехословак партизандары жағына шығаруымыз қажет деген міндет қояды. Осы уағдаластық бойынша 4 ақпанда Арзыхан Жұмабаев, Жұмабек Ақбергенов, Жүндібаев, Тоқтасын Тоқтаназаров, Мұхтар Шадыханов, Вахит Тұрысбеков сынды аға офицерлер мен Гайпен Бейісов, Аильчи Мусралиев, Ермек Қалдыбаев және Х.Абдуллин сияқты кіші офицерлер жолға шығады.
1945 жылы 7 ақпанда олар Чехословакиядағы Түркістан полкының штабына келеді. А.Жұмабаев Түркістан полкының командирі, бес аға офицер оның батальондарының командирлері болып тағайындалады. Ал Х.Абдуллин А.Жұмабаевтың жеке адъютанты болып бекітіледі. Олар легионды партизандар жағына өткізу үшін астыртын жұмыстарын бастаған кезде легионер-өзбектер оларды сатып жіберіп, 1945 жылы 25-28 ақпан аралығында жоғарыда аталған 10 адам түгел тұтқынға алынады. Наурыз айының басында сот болып, Х.Абдуллин өлім жазасына кесіледі. Аудармашы қызметін атқарған жас ефрейтор Хильдар Идрисов (эмигрант Ғалымжан Идрисовтың баласы) өз әкесін іске араластыру арқылы оны өлім жазасынан құтқарады.
1945 жылдың 5 наурызында Х.Абдуллин жазасын өтеу үшін Берлин түрмесіне жіберіледі. Бірақ Берлин түрмелерінде орын болмағандықтан, оны Ораниен­бург концлагеріне қамайды. 1945 жылы 20 наурызда оларды Груневальд-штрассе көшесіндегі 68-үйде орналасқан кішігірім түрмеге әкеліп қамайды. 1945 жылы 22 сәуірде олар түрмеден шығарылып, гитлерлік казармаға айдалмақ болады. Бірақ казармада орын жоқ болуына байланысты ол айдау келесі күнге қалдырылады. Ал 23 сәуір күні түрме бастығы барлық түрме есіктерін ашып: «Кім қайда қашқысы келсе, сонда қашсын. Мен өзім де қашамын» деген хабар таратады. Осылайша бос­тандыққа шыққан Х.Абдуллин өз жолдастарымен 11 мамырда КСРО жағына өтеді. Оларды 38-дивизияның 110-полкының құрамына қабылдайды.
1946 жылы 9 сәуірде Шығыс Пруссия аумағында әскери қызметте жүрген Х.Абдуллин тұтқындалып, Отанын сатқан сатқын ретінде Алматы түрмесіне жеткізілді. 1947 жылы 8-18 сәуір аралығында Алматыда әйгілі «49-дың соты» болады. Сот шешімі бойынша Х.Абдуллин 10 жылға сотталып, оны 8 жылда өтеп, 1954 жылы түрмеден шықты. 1955 жылы 17 қыркүйектегі КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысы кезеңінде басқыншылармен бірлесе қызмет жасаған кеңес азаматтарына кешірім беру туралы» жарлығына сәйкес кешірімге ие болып, соттылығы мен құқықтық шектеулер алынып тасталды. 1956 жылы туған еліне оралған Х.Абдуллин қолына қайта қалам алып, жаңа күреске кірісті.
Өзінің ақталмағанына қарамастан, қазақтың ұлы ақыны Мағжанды ақтау үшін арызданып жүріп 1960 жылы 13 шілдеде Түркістан әскери округі әскери трибуналының №4/1745 анықтамасын алады. Анықтамада М.Жұмабаевқа қатысты 1938 жылғы 11 ақпандағы істің тоқтатылғаны және М.Жұмабаевтың ақталғаны көрсетілген. Бірақ өзіміздің белсенділеріміз осы құжатты санатқа қоспай, М.Жұмабаев 1988 жылға дейін «халық жауы» болып, Х.Абдуллин «мағжаншыл пантүркист» ретінде құқығы тапталып келді.
Қазақстан Жазушылар одағы қабылдамай қойған Х.Абдуллин көркем аудармамен табысты айналысты. Аудармаларының ішіндегі ең қомақтысы – Ш.Руставелидің «Жолбарыс тонды жиһангез» дастаны. Ол осы әйгілі дастанды 20 жыл бойы аударған.
Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін өзін ақтауды сұрап арнаулы органдарға қанша арызданса да, Х.Абдуллин арманына жете алмады. 1995 жылы 2 ақпанда ҚР Бас прокуратурасы Түркістан легионы мен Түркістан ұлттық комитеті құрамында болғандарға қатысты қылмыстық істі қайта қарап, оларды ақтаудан бас тартты. Тәуелсіздік жылдарында Түркістан легионы мен онда болған қазақ тұтқындарының ешқашан опасыз болмағаны, олардың шын бет-бейнесі мен қазақ жігіттерінің Еуропадағы қарсыласу қозғалысына қалай қатысқандығы жөнінде журналистерге сұхбаттар беріп, өзі де бірқатар мақала жариялап жүрді.

Сәбит ШІЛДЕБАЙ,
тарих ғылымдарының кандидаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three + 4 =