Түркімен әдебиетінің классигі ұлықталды

0 409

Махтумкули (1)

Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағатында ұлы ойшыл, түркімен әдебиетінің классигі, ақын Мақтұмқұлының 290 жылдығына арналған «Мақтұмқұлы өлеңдеріндегі жалпы адами құндылықтар» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Әдеби жиынды ҚР Ұлттық мұрағатының бас директоры Марат Әбсеметов ашып, қонақтарды Мақтұмқұлының өміріне байланысты тың деректермен, арнайы бейнефильммен таныстырды. Осы шараны ұйымдастыруға ұсыныс білдірген  Қазбек Майлыбайұлы бастаған қоғам белсенділеріне алғысын білдірді. Бұдан кейін Түрікменстанның еліміздегі елшісі Мақтұмқұлы Ақмырадов екі ел арасындағы мәдени сабақтастықты сөз ете келе, осыдан үш ғасыр бұрын дүниеге келген, халық жадында «фраги», яғни мұңлы ақын болып сақталған Мақтұмқұлының ұлы туындыларын ұлықтап жатқан бауырлас қазақ еліне рахмет айтты.

Жиында Мақтұмқұлының «Түрікмен ордасы», «Ел жақсы» өлеңдері оқылып, дәстүрлі әнші Серік Оспановтың орындауында қазақшаға Ғали Орманов аударған тамаша әні шырқалды. Конференцияға қатысушылардың баяндамаларында Махтұмқұлы жырының тілі жеңіл болғанымен, философиясының тамыры тереңде екені айтылады. Ұлы ойшылдың озық ойларын қазақ тіліне аударған Дүйсенбек Қанатбаевтың жинағы жақында 12 сәуір күні арнайы кітап болып жарыққа шығатынын және Мақтұмқұлы еңбектеріне байланысты құжат-деректер Ұлттық мұрағатымыздың қорына енетінін мұрағат басшылары хабарлады.

Нұргүл АХАНҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × five =