Түркі жұртына ортақ тұлға

0 49

Таяуда Елбасы кітапханасында Сыртқы істер министрлігі және Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы (ТҮРКСОЙ) бірлесіп, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы кеңсесінің қолдауымен түрік тілінде жарық көрген «N.A.Nazarbayev. Ulu Bozkirin mirasi» («Н.Ә.Назарбаев. Ұлы дала мұрасы») атты жаңа кітаптың таныстырылымына арналған халықаралық онлайн-конференция өтті.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне орай ұйымдастырылған мазмұнды шарада Елбасының зерделі оқырманға жол тартқан жинағы дала өркениетінің тарихи және рухани мұраларын жаңғырту мен түркі мемлекеттерінің интеграциясын дамытудың заманауи үрдістерін қамтитын маңызға ие екендігі айтылды.
Салтанатты іс-шараның ашылуында алғашқы болып сөз алған Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының басшысы Әмірхан Рахымжанов Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі еуразия­шылығының басты идеологтарының бірі екенін баса айтты.
– Қазіргі Қазақстанның тәуелсіз дамуы жолында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үш құрлық – Азия, Еуропа және Африка аумағына таралған, халқы 300 миллион адамды құрайтын үлкен кеңістік – түркі әлемін сақтау, дамыту және интеграциялау мәселесіне ерекше мән беріп келеді. Елбасының түркі әлемінің мұрасын сақтау және дамытуындағы еңбегі ұшан-теңіз. Дүние жүзі тарихында түркілер әлемі тарихи өзгерістердің қуатты катализаторы болып табылады. Өткен ғасырлардағы түркі әлемінің маңызы мен қазіргі таңдағы ықпалын түсіну үшін әлемнің географиялық картасына үңілу жеткілікті. Түркі мәдениеті Еуразия құрлығы халықтарының мәдениеті тарихында ерекше орын алады. Түркі халықтарының бабаларынан қалған мұрасы – тек түркі өркениеті үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін сарқылмас бай рухани құндылықтардың қазынасы, – деп ойын қорытты.
Одан кейін Тұңғыш Президент кеңесшісі – Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы кеңсесінің ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Әділ Тұрсынов Елбасы кеңсесінің басшысы Махмұд Қасымбековтің үндеуін оқып берді. Үндеуде: «Елбасының бұл кітабы – өзінің мазмұны мен тақырыбы жағынан өте ауқымды әрі бірегей басылым. Жинаққа Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігінің негізін қалаушы, көр­некті саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтың іргелі мақалалары мен ресми сөйлеген сөздері, соның ішінде Түркі кеңесіндегі маңызды баяндамалары енгізілген. Олар Еуразия аймағын мекендеген көшпелі халықтардың тарихи даму ерекшеліктері мен кезеңдерін, жалпы адамзат дамуындағы түркі өркениетінің рөлін, Ұлы даланың ұлағатты ұрпақтарының шығармашылық, қоғамдық-саяси мұрасын қамтиды. Әсіресе Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың түркі халықтарының рухани мұрасын, мәдениетін, тілі мен дәстүрін жаңғыртудағы, қалпына келтірудегі стратегиялық маңызы бар бастамаларын ерекше атап өту керек. Конференцияға қатысушылардың баяндамалары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың интеграциялық көзқарастары мен бастамаларының гуманитарлық және тарихи әлеуетін айқын әрі терең танытуға мүмкіндік береді деп сенемін» делінген.
Ал ТҮРКСОЙ бас хатшысы Дүйсен Қасейінов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты «Түркі әлемінің абызы», «Түркі әлемінің көшбасшысы», «Түркі интеграциясының архитекторы» деп атау бүгінде дәстүрге айналды дей келіп: – Мұндай құрметті атауды түркітілдес халықтар өмір сүретін ұлан-ғайыр территорияның түкпір-түкпіріндегі саясат әлемінің серкелері тарапынан ғана емес, қарапайым халық өкілдері аузынан естіп, шын ықыластарына бөлену – қазіргі заманның саясаткері үшін үлкен мәртебе. Елбасы сонау тәуелсіздік жылдарының бас кезеңінен бастап-ақ бауырлас түркітілдес халықтардың мәдени байланыстарына басымдық берді. Соның арқасында түркі халықтары арасындағы алғашқы халықаралық ұйым – ТҮРКСОЙ ұйымы 1993 жылы, кейіннен Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен түркітілдес елдердің интеграциялық ұйымдары – ТүркПА, Түркі кеңесі, Түркі академиясы құрылды. Бүгін таныстырылған кітаптың түрік тіліне аударылып, басылып шыққаны өте жақсы. Көптеген ғалымдар мен саясаткерлердің пікірінше, кітапта ұсынылған Елбасының мақалалары қазақ халқы үшін ғана емес, түбі бір түркі жұртының бәріне ортақ бағдарламалық туынды екені маңызды, – деген пікірімен бөлісті.
Сондай-ақ Түркия Республикасы президентінің кеңесшісі Ялчын Топчу Елбасының құнды еңбегінде мәде­ниетіміздің барша түркі әлеміне, бүгіні мен болашағына, әлемдік өркениетке қосқан үлесі туралы баяндады.
Ұзақ жылдардан бері Елбасының серіктесі болып келе жатқан Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов билікке келген сәтінен бері Нұрсұлтан Назарбаев түркі әлемінің өркениетіне, тарихы мен болашақ дамуына басым мән бергеніне тоқталды.
– Алдымен жоба жетекшісі Махмұд Қасымбеков бастаған ғалымдар тобының айтулы еңбегін атап өткім келеді. Екіншіден, бұл жұмыстың бүгінгі күн үшін де және болашақ ұрпақ үшін де құндылығы өте зор. Бүгінгі жастар: «Біз кімбіз, тамырымыз бен шыққан тегіміз қандай, қашан пайда болдық? Тарих толқынында қандай дауылдар мен шыңдардан өттік? Біз әлемдік өркениеттің дамуына қандай үлес қостық?» дегендей сұрақтар қояды. Ал бұл кітапта осы сұрақтардың бәріне жауап бар. Елбасының түркі интеграциясы мен ынтымақтастығы бойынша қызметі қорытындыланып жатыр, – деп атап өтті.
Түркі кеңесі бас хатшысының орынбасары, Қырғызстан Республикасы премьер-министрінің кеңесшісі Сұлтан Раев Нұрсұлтан Назарбаев түркі әлемінің рухани әкелерінің бірі екенін атап: «Түркі әлемі Орталық Азия және Еуразиямен бірге адамзаттың әлемдік тарихи-мәдени мұрасында жетекші орындардың біріне ие, дәл осы кеңістік мегарухани орталық әрі адамзаттың өркениеттік факторы болып саналады. Өркениеттің дамуына түркілердің қосқан үлесі орасан зор және басым мән беріп, терең зерттеуге лайық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы дала мұрасы» кітабында түркі өркениеті мен түркілердің жаһандық мәдениеттегі рөлі мен тарихы жарқын жазылған» деп жаңа жинақтың мазмұнына мән берді.
Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының академигі, Әзербайжан Республикасы Парламентінің депутаты Низами Джафаров өз пікірін «Ұлы дала мұрасы» кітабы автордың ұлы тарихи қызметін түсіну және қазақ халқының рухына терең үңіліп, жаңаша қарау деген тарапта өрбітті.
– «Ұлы дала мұрасын» тек Қазақстанда, я түркі елдерінде ғана емес, бүкіл әлемде оқытып, талдайтынына сенімдімін. Бұл туынды сарқылмас рухани қазына ретінде тарихи құндылығын ешқашан жоғалтпайды. Нұрсұлтан Назарбаев өз кітабында тек қазақтардың ғана емес, жалпы түркі халықтарының – түркі әлемінің өткені, бүгіні мен болашағы туралы айтады, – деді ол.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − 11 =