Түркі тектестер тірегі – Күлтегін

0 158

Күлтегін ескерткіші – түркі халықтарының көне дәуірдегі ұзақ ғасыр­лық мәдени тарихының шежіресі. Осыдан 20 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың пәрменімен «Күлтегін» ескерткішінің көшірмесі Елордамызға жеткізіліп, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратының төріне орнатылды.Күллі түркі дүниесінің көк семсері атанған Күлтегін түркі тарихы осы VII-VIII ғасырларда жазылған Орхон-Енисей жазба ескерткіштері арқылы белгiлi болды. Ескерткiшті бiр заманда түркiлер мекендеген Енесей өзенiнiң бойы мен қазiргi моңғол Халық Республикасының астанасы Улан-Батордың батысындағы 400 километр, орта ғасырдағы Шыңғыс ханның ордасы болған Қарақорым орнынан 40 шақырым жердегi Орхон өзенi бойындағы Кошо-Цайдам ойпатында тұрған жерінен алғаш рет тауып, ғылым әлемiне мәлiмдеушi-орыс ғалымы Н. М. Ядринцев. Ол 1889 жылы барлау тобын бастап барады. Бұл жазулар 1893 жылы 15 желтоқсанда дат елінің ғалымы Вильгельм Томсен оқығанға дейін 1161 жыл құпиясы ашылмай келді. Жазудың құпия кілтін тапқан ғалым тастағы жазудың 38 дыбыстық белгіден тұратынын анықтап, «тәңір», «Күлтегін», «түркі» деген сөздерді анықтайды. Одан кейінгі зерттеу жұмыстары жалғасын тауып, 1893-1900 жылдар аралығында Күлтегін ескерткішінің мәтіні төрт рет оқылады. Кейін атақты алтайтанушы ғалым Г.Рамстедт моңғолия даласынан тағы бір жазу ескерткішін тапты. Осыдан кейін ғылыми қауымдастық аумағы қазіргі Моңғолиядан бастап Алтай, Тува, Хакасия – Енисей, Абақан, Кем өзені, Бурятия – Байкөлi, Лена, Саха, Шығыс Түркiстан – Тұрпан ойпаты, Дунхуань, Миран, сонымен қатар Қазақстан – Ертiс, Талас, Iле, Сыр, Едiл, Жайық өзендерi, Ферғана, одан ары Солтүстiк Кавказ, Шығыс Еуропаны қамтитын көне өркениетті ескерткіштердің барлығы түріктердің мұрасы екенін амалсыз мойындағанын ғалымдар дәлелдеп отыр.
Күлтегiнге арналған ескерткiш пирамида тәрiздi. Биiктiгi 3,15 метр, енi 1,24 метр, қалыңдығы 0,41 метр. Ескерткiштiң жоғарғы жағы бес бұрышты, қырларында айдаһардың суреттерi мен қаған таңбалары бейнеленген. Екiншi жағында ескерткiштiң орнатылған күнi – бiрiншi тамыз, 732 жыл деп жазылған.
Ескерткіштің негізгі бетінде 40 жол жазу бар, ол ескерткіштің сол жақ бетіндегі 13 жол жазудың жалғасы. Түркологиялық әдебиеттерде ескерткіштегі 40 жол «Үлкен жазу» /КТБ/, ал 13 жол жазу кіші жазу /КТМ/ деп аталады. Ескерткiш негiзiнен табғаш (Қытай) және көне түркi жазуымен толтырылған. Ескерткiш бетiндегi Қытай жазуы 732 жылы Қытай императоры Хусен-Цунг тарапынан бедерленген. Мұнда қытайша ескерткiштiң қысқаша мәнi айтылған. Қытай жазуы алғаш орысша, французша, содан кейiн немiс, ағылшын және кейiнгi кездерi түрiк тiлдерiне аударылды. Жазудын үстiнде қытайша бiр сөйлем бар, онда «Марқұм Күлтегiн жазуы» делінген. Тасқа қашалып жазылған жазбада Түркі қағанатының 200 жылдық тарихы өте қысқа, әрі нұсқа өрнектелген.
Келесі беті мен сол жақ бүйірі руникалық тіл жазуына толы. Мұндай жәй сөздер емес, «ата-баба аруақтың ел болу, жұрт болу, бақытты ғұмыр кешу жолындағы ұрпаққа аманат еткен өсиет сөзі. Мәңгі ескірмейтін, мәңгі тағылым болатын ұлағатты сөз. Күлтегіндей аруақты бабамызға бүгінгі ұрпағының тағзым етіп, ден қоюының да негізгі себебі осында деп білемін» деп айтқан еді сол жылдары ғалым Ақселеу Сейдімбеков. Түркі руникасының ішіндегі ең әйгілі ескерткіштің тарихта тұңғыш рет ғылыми көшірмесін жасау жұмыстары жапон шеберлеріне жүктелді. Барша түркінің көне мұрасының құнды ескерткішін елорда төрінде тұғырға қондыруы Тәуелсіздігіміздің отыз жылындағы үлкен жетістік деп айтуға болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 2 =