ТҮРКІ ӨРКЕНИЕТІНІҢ ОРДАСЫ

0 134

Өткен сенбі күні Астана әкімдігінің ұйымдастыруымен елорданың оқушылары мен студенттеріне арналып Қараөткел кентіне жақын жерде орналасқан Бозоқ қалашығы орнында ашық сабақ өтті. Оған қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысты.

Бозоқ – ежелгі қалашық. Шамамен VI-XV ғасыр аралығында өркениет ордасы болған қала. Бозоқтың дәуірлеген кезі түркі дәуірімен тұспа-тұс келеді. Қаланың орналасқан жері туралы деректер патша әскерінің офицері, геодезист

И.Шангиннің жазбаларында кездеседі. Бозоқтың аумағы үлкен. Біраз жерді қамтиды. Қалашықтың іргесінен Бұзықты өзені ағады. Жалпы, Бозоқ қаласы туралы ескі жазбаларда болғанымен, оны ғылыми айналымға түсірген – әйгілі археолог Кемел Ақышев. Көрнекті ғалым елорда Арқаға ауысқаннан кейін, өз көлігімен осы маңайды аралап жүріп, қалашықты тапқан. Зерттеу жұмыстарын жүргізген. Одан байырғы заманнан сыр тартатын құнды тарихи жәдігерлерді кездестірген. Ғибратты ғалым дүниеден озғанымен, оның ізгі ісін атақты археологтың зайыбы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Марал Хабдуллина жалғастырып, осы қалашықта он екі жылдан бері зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Ғалым Марал Хабдуллина Бозоқ қаласы жайында, одан табылған экспонаттар туралы егжей-тегжейлі баяндап берді.

Елорда әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев та жастарға көненің көзіне айналған қалашық туралы парасатты ой өрбітті.

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Астана әкімдігі тарапынан көптеген іс-шаралар өткізілуде. Оның ішінде ең маңызды бағыттарының бірі – «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға ерекше мән берілді. Биыл алғашқы қоңырау күні қаладағы барлық мектепте туған өлкенің тарихына арналған ашық сабақ ұйымдастырылды. Соның жалғасы ретінде бүгін Бозоқ қалашығына келіп отырмыз. Біз қазір «Киелі Астана» картасын әзірлеп жатырмыз. Оған бас қаладағы 20-ға жуық тарихи, мәдени ескерткіштер енеді. Сондай-ақ, біз ол ескерткіштерді консервациялау, қайта қалыпқа келтіру, музеефикациялаудан өткіземіз. Оның ішінде бұл карта аясында Бозоқты да музеефикациялау мәселесі қаралу керек. Сонда бұл тарихи мекенге тек оқушылар ғана келмейді, қаланың қонақтары да ат басын бұратын болады, – деді қала басшысының орынбасары.

Бір замандарда өркениет бесігі болған қалашық бүгінде төбешікке айналып, тұңғиық сыр бүгіп жатыр. «Боз деген сөз «ақ» деген ұғымды білдіреді. Ал «оқ» деген ертеде «ұлыс», «ел» деген мағынада қолданылған. «Бұл Батыс түркі қағанатының дүркіреп тұрған шағында керемет қала болған. Астана тақыр жерден бой көтерген жоқ. Осындай тарихы терең арнадан бастау алған» деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Тілеген Садықов.

Азамат
Есенжол

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − seven =