©2020 Астана Ақшамы
ТҮРКІ МӘДЕНИЕТІНІҢ ТҮПҚАЗЫҒЫ
Он бес жыл бұрын Арқа төрінен айшықты Астана бой көтерді. Сарыарқаның сайын даласында Сүлейменнің жүзігіндей жарқыраған жұлдыздай жақұт шаһар өзге астаналардан, ең алдымен өзінің ұлттық нақышымен ерекшеленді. Сұлу салтанатымен төрткүл дүниені тамсандырған Астана өткен жылы «Түркі елінің мәдени астанасы» атанды. Қазақ халқы үшін бұл құрмет күтпеген жерден болған жоқ, Елбасының ерен еңбегінің өтеуі, түркі мәдени әлеміндегі қазақ халқының жарқын жеңісі де еді.
Түбі бір түркі дүниесінің тұтастығына қашанда ұйытқы болып жүрген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «түркі әлемі – XXI ғасырдың қарқынды саяси және мәдени ареалдарының бірі» деген болатын. Елбасының Түркі дүниесінің бірлігін нығайту жолындағы сан-салалы еңбегі де халықтың көз алдында. 2010 жылы өткен түркітілдес мемлекет басшыларының Ыстамбұлдағы саммитінде тұңғыш рет Қазақстан елордасы Астана – Түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Бүгінде Астана жан-жақтан бас қосқан түркі елдерінің арасындағы рухани көпірге айналып отыр. Қазақ жерінде өз мәресіне жеткен мәдени көш атажұрттан ендігі жерде Анадолы түбегіне жол тартпақ. Яғни, 2013 жылы Түркияның Ескішаһар қаласы мәдени кіндік тізгінін өз қолына алғалы отыр.
Бұл уақиға – қазақ ұлтының тарихындағы айрықша алтын әріппен жазылар беттердің бірі. Астана қаласының түркі елінің мәдени астанасы болып жариялануы тек қазақ халқына ғана емес, бүкіл түркі халықтарына ортақ мереке әрі өткен жылдың ең елеулі уақиғаларының бірі болмақ. Бүгінде әлемдегі сәулетті шаһарлардың біріне айналып, Шығыс пен Батыс өркениетін байланыстырған Астанаға бүкіл әлем назарын аударды. Қазақстанның тұрақты түрде әлеуметтік және экономикалық дамуы талай мемлекеттің таңданысын туғызғаны да жасырын емес.
Иә, Астана – шын мәнінде, Түркі елінің мәдени астанасы!
Хамит ЕСАМАН