ТҮРКІ МӘДЕНИЕТІНІҢ ТҮПҚАЗЫҒЫ

0 141

Он бес жыл бұрын Арқа төрінен айшықты Астана бой көтерді. Сарыарқаның сайын даласында Сүлейменнің жүзігіндей жарқыраған жұлдыздай жақұт шаһар өзге астаналардан, ең алдымен өзінің ұлттық нақышымен ерекшеленді. Сұлу салтанатымен төрткүл дүниені тамсандырған Астана өткен жылы «Түркі елінің мәдени астанасы» атанды. Қазақ халқы үшін бұл құрмет күтпеген жерден болған жоқ, Елбасының ерен еңбегінің өтеуі, түркі мәдени әлеміндегі қазақ халқының жарқын жеңісі де еді.

Түбі бір түркі дүниесінің тұтас­ты­ғына қашанда ұйытқы болып жүрген Қазақстан Республикасы­ның Президенті Нұрсұлтан Назар­баев «түркі әлемі – XXI ғасыр­дың қар­қынды саяси және мәдени ареал­­дары­ның бірі» деген бола­тын. Ел­ба­сының Түркі дүниесі­нің бір­лі­гін нығайту жолын­дағы сан-салалы еңбегі де халық­тың көз алдында. 2010 жылы өткен түр­кі­тіл­­дес мемлекет басшыларының Ыстам­бұл­дағы саммитінде тұңғыш рет Қазақ­стан елордасы Астана – Түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Бүгін­де Астана жан-жақтан бас қос­қан түркі елдерінің арасындағы руха­ни көпірге айналып отыр. Қазақ жерінде өз мәресіне жеткен мәде­ни көш атажұрттан ендігі жерде Ана­долы түбегіне жол тартпақ. Яғни, 2013 жылы Түркияның Ескі­шаһар қаласы мәдени кіндік тізгінін өз қолына алғалы отыр.

Бұл уақиға – қазақ ұлтының тари­­хындағы айрықша алтын әріп­пен жазылар беттердің бірі. Аста­на қаласының түркі елінің мәде­ни аста­насы болып жарияла­нуы тек қазақ халқына ғана емес, бүкіл түркі халықтарына ортақ мереке әрі өткен жылдың ең елеулі уақи­ғала­рының бірі болмақ. Бүгінде әлемдегі сәулетті шаһарлардың біріне айналып, Шығыс пен Батыс өркениетін байланыстырған Астанаға бүкіл әлем назарын аударды. Қазақстанның тұрақты түрде әлеуметтік және экономикалық дамуы талай мемлекеттің таңданысын туғызғаны да жасырын емес.
Иә, Астана – шын мәнінде, Түркі елінің мәдени астанасы!

Хамит ЕСАМАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seven + 10 =