«ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ТЕГЕУРІНДІ ТҰЛҒАСЫ»

0 128

Абдулла-Гул-Президент

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында көпшілік тағы бір жаңа фильмнің куәсі болды. Көрермен назарына «Түркі әлемінің тегеурінді тұлғасы» атты деректі фильм ұсынылды.

Фильмнің тұсаукесер рәсіміне ҚР Президенті Кеңсесінің басшысы, Назарбаев орталығы директорының міндетін уақытша атқарушы Махмұд Қасымбеков, ҚР Президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Дәурен Абаев, «ҚР Президенті телерадиокешені» АҚ Бас директоры Ерлан Бекхожин, Түркия Респу­б­ликасы үкіметі жанындағы Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің вице-президенті Мехмет Сюрея Ер қатысты.

ҚР Президентінің телера­дио­кешені мен Түркия үкіметі жа­нын­дағы Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі дүниеге әкелген деректі фильмде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атқарған еңбегі, ілкімді істері жан-жақты көрсетіледі. Қазақстаннан басталып, Қырғызстан, Татарстан, Түркия және Әзербайжан мемлекеттерінде бір жылға жуық уақыт түсірілген деректі туындыда ХХI ғасырдың көрнекті тұлғалары Нұрсұлтан Назарбаев туралы пікірлерін білдіріп, Қазақ басшысының түркітілдес халықтарды тұтастыру жолындағы ерен еңбегі жөніндегі ойларымен бөліседі. Басқосу барысында Махмұд Қасымбеков: «Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен-ақ түркі әлемінің ынты­мақтастығына ерекше мән берді. Түркітілдес мемлекеттермен арадағы барыс-келісті жеңілдетуге, сауда-экономикалық және рухани, әлеуметтік байланыстарды нығайтуға күш салды. Қазақстан Президенті түркі тұтастығынан бас­тайтын алғашқы институционалдық тетіктердің қалыптасуына себепкер болды. Атап айтсақ, қазіргі кезде түркітілдес ағайынның игілігі үшін жемісті жұмыс істеп жатқан Парламенттік ассамблея, Ақсақалдар кеңесі, Түркі академиясы, Түркі кеңесі сияқты органдардың құрылуы Қазақстан Президентінің есімімен тығыз байланысты. Елбасының түркі ынтымақтастығын тереңдетудегі еңбегін түркітілдес елдердің бүгінгі және бұрынғы мемлекет басшылары, қоғам қайраткерлері де жоғары бағалап отыр», – деді.

Ал, Түркия Республикасы үкіметі жанындағы Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің вице-президенті Мехмет Сюрея Ер: «Нұрсұлтан Назарбаев тек туған еліне емес, аймақтағы және дүние­жүзіндегі келелі мәселелердің  шешімін табуына зор үлес қосып келеді. Сонымен қатар, түркі тілдес мемлекеттер арасындағы мәдениет, білім, экономика салаларындағы ынтымақтастықтың жүйелі, институционалды дамуы үшін маңызды пікірлерін ұсынып жүр. Мәртебелі Н.Назарбаевтың бұл маңызды еңбектерін Түркия жұртшылығы жақсы біледі және терең құрметпен қарайды. Түркия Республикасы Президенті Абдуллах Гүл және Премьер министрі Режеп Тайып Ердоған айтып өткендей, мәртебелі Н.Назарбаевты түркі әлемінің ақ­сақалы ретінде көреміз» дегенді жеткізді.

Кинотуындыны тамашалаған көп­шілік Елбасының жетекшілік, көшбасшылық қырын таныды. Фильмнің ұзақтығы – 35 минут.

Еркежан КӨПТІЛЕУҚЫЗЫ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 + 5 =