«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Түркі әлемінің мұрасы айшықталды

0 230

Астанада Халықаралық түркі академиясының ұйытқы болуымен «Ұлы дала» ІІІ гуманитарлық ғылымдар форумы өтті. Айтулы шараға ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, Түркия президентінің кеңесшісі Айгүн Аттар, Қырғыз Республикасы президентінің кеңесшісі Султанбай Раев және ЮНЕСКО, Түркі кеңесі секілді халықаралық ұйымдардың басшылары мен өкілдері, қоғам қайраткерлері және көрнекті ғалымдар қатысты.

Биылғы форум Астананың 20 жылдық мерекесі мен мұсылман әлеміндегі тұңғыш зайырлы мемлекет – Әзербайжан демократиялық республикасы құрылуының жүз жылдығы мен түркі жұртының тұғырлы тұлғалары Мағжан Жұмабайұлының – 125, заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына арналды.

Бірегей жиынның салтанатты ашылуында Гүлшара Әбдіқалықова Елбасының: «Біздің қасиетті жерімізді ықылым замандардан Ұлы дала деп, ал бабаларымызды Ұлы даланың ұрпақтары деп атаған. Біз – солардың жалғасымыз, Ұлы даланың мұрагерлеріміз» деген сөзіне тоқталды. – «Ұлы дала» – бүкіл түркі әлемінің басын біріктіретін мазмұны терең, аясы кең киелі ұғым. Осы қасиетті атау Еуразияның кең-байтақ кеңістігін мекендеген күллі халықтардың тағдырын қамтиды. Бүгінгі форумның мақсаты түркі дүниесі және Еуразия ғылыми қоғамдастықтары бірлесе отырып, бауырлас халықтардың ортақ мұрасын келешек ұрпақтың игілігіне ұсыну деп санаймын. Қазір Қазақстанда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Соның аясында қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру жұмысы басталды, – деді Мемлекеттік хатшы.

Түркия президентінің кеңесшісі Айгүн Аттар өз сөзінде «атажұртыма келгеніме өзімді бақытты сезінемін» дей келіп, бұл басқосудың түркі әлемінің мәдени мұрасын айшықтауда маңызы зор екендігін бағамдаса, Қырғыз Республикасы президентінің кеңесшісі Султанбай Раев та жиналғандарға жылы тілектестігін жеткізді.

Маңызды шараға Германия, Түркия, Әзербайжан, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Молдова, Өзбекстан, Ресей, Польша, Тәжікстан секілді елдерден 250-ге тарта ғалым-зерттеушілер келіп, олар алты секциялы жиында Ұлы дала құндылықтарының адамзат өркениеті дамуындағы орны мен маңызы жайында мазмұнды баяндамалар жасап, пайымды пікірлерін ортаға салды. Форум аясында Мемлекеттік хатшы ресейлік түрколог-ғалым Фирдаус Хисамитдиноваға түркітануға қосқан үлесі үшін Халықаралық түркі академиясының алтын медалін тапсырды. Осындай құрметке Чуваш мемлекеттік университетінің жетекші ғылыми қызметкері, танымал ғалым Николай Егоров, профессор Олег Мудрак және Моңғолиядан келген тарихшығалым Сампилдондов Чулуун ие болды. Сондай-ақ, жаһандық моңғолтану, Ресей түркологтар комитеті, Түрік тіл құрылымы және Халықаралық түркі академиясының ортақ бастамасымен академия жанынан «Түркология, Алтаистика, Монголистика» қауымдастығы құрылды. Бұл қауымдастық арғы тегі Алтайдан тарайтын тамырлас елдің мұрасын зерделеу жұмысын үйлестіреді.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды