Түркі әлемін қайта түлеткен

0 120

Астана қаласындағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Л.Н.Гумилев мұралары және қазіргі Еуразиялық ынтымақтастық» деген тақырыпта ІХ Халықаралық ғылыми форум болып өтті. Бұл форум белгілі ғалым, тарихшы–этнолог, тарих және география ғылымдарының докторы, ақын, аудармашы Лев Гумилевтің 100 жылдық мерейтойына арналды.

Халықаралық форумға алыс- жақын 15 елден әлемге танымал ғалымдар – тарихшылар, этнологтар, филологтар, экономистер, географтар, саясаттанушылар, сонымен қатар Болгария, Венгрия, Голландия, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Украина,Франция мемлекеттерінің саяси және қоғамдық ұйымдары, білім беру, ғылыми-зерттеу және мәдени орталықтарының көрнекті өкілдері белсенді түрде қатысты. Олар Еуразия халықтарының мәдениеті мен тарихын қайта қарастыруда Л.Н.Гумилев мұрасының маңыздылығына, олардың жалпы мәдени-өркениеттік кеңістіктегі орнына, сондай-ақ қазіргі заманғы тарихи, әлеуметтік-мәдени, экономикалық және геосаяси факторларды сараптауына көп көңіл бөлді.

Форумның негізгі мақсаты: Л.Н.Гумилев мұраларына жаңашылдық көзқараспен қарап, интеллектуалды тұрғыдан баға беру және әртүрлі пікір туғызып жүрген мәселелерді атақты ғалымдардың талқысына салып, пікірталас арқылы «Еуразиялық идея» – Еуразия халқының ықпалдастық баспалдақтарының негізі екенін бүкіл әлемге паш ету. Халықаралық форум жұмысына қатысушы ғалымдар 5 секцияға бөлініп, «Еуразиядағы көшпенділердің дамуы: тарихы мен мәдениеті», «Еуразия халқының шығу тегі мен тарихының проблемалары және ғалым мұраларының ғылыми зерттелуі», «Лев Гумилев мұралары: психологиялық – педагогикалық, әлеуметтік – философиялық аспектілер; Еуразиялық ықпалдастықтың болашағы мен қазіргі деңгейі» деген тақырыптарда жұмыс жүргізді.

Сондай-ақ, белгілі ғалымдардың қатысуымен семинар–кеңестер, «дөңгелек үстел», шеберлік шыңдау сабақтары ұйымдастырылып, «Л.Н.Гумилев мұралары: аңыз бен ақиқат», «Еуразиялық идея және жаһандану жаңғырығы» деген тақырыптар кеңінен сөз болды.

Форум аясында Елбасының ұсынысымен атақты ғалымның аты берілген Еуразия ұлттық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы Ерлан Сыдықовтың жетекшілігімен жарық көрген «Лев Гумилев» энциклопедиясының, «Нұрсұлтан Назарбаев және Еуразияшылдық», «Л.Н.Гумилев және Түркі әлемінің қайта түлеуі», «Еуразиялық Лев», «Л.Н.Гумилевтің ғылыми мұралары», «Еуроазияшылдықтың бастауы», «Л.Н.Гумилев шәкірттері», «Еуразияшылдық идея: Ежелгі Қытай және Түркі әлемі» атты жаңа кітаптардың тұсауы кесілді.

Орайы келгенде айта кеткен жөн, мерейтой қарсаңында университет ұжымы «Гумилев әлемі» және «Еуразия мәселелері» сериясы негізінде 20 кітап және «Гумилев» энциклопедиясы мен студенттерге арналған бірнеше оқу құралдарын шығарды. «Еуразия диалогы» журналы мен «Еуразия университеті» газетінің арнайы сандары жарық көріп, Қазақстанның ұлттық мұрағатында ұлы ғалымның жеке қоры ашылды. Сондай-ақ, «Президент Н.Ә.Назарбаевтың Еуразиялық бастамалары» сайты құрылды (www.eurasianism.enu.kz), Л.Н.Гумилевтің ғылыми еңбектерін тану турасынан ғалымның мұраларын насихаттайтын қоғамдық қор оқушылар мен студенттер арасында республикалық олимпиада өткізсе, ағымдағы жылдың шілде айында Еуразия университеті Лев Гумилев шыңы орналасқан Таулы Алтайға (ШҚО, Риддер қаласы) ғылыми экспедиция ұйымдастырды.Сонымен қатар, мерейтой иегерінің атымен пошта маркалары және төсбелгілер дайындалды. Мұның бәрі айтуға оңай болғанымен, ұлы ғалымның есімін ұлықтауға арналған іс екенін мойындауымыз керек.

Әлем ғалымдары жиылған басқосуда ғалымның еңбектеріндегі еуразиялық халықтардың өзара достық, ықпалдастық, сыйластық, игі жақындастық идеяларының тарихи талдаулары атап өтілді. Белгілі еуразияшының идеялары мемлекеттердің ұлттық қызығушылықтары мен егемендігін сақтап қалу жолында қазіргі замандағы әлемдік ықпалдастық процесін терең түсінуге мүмкіндік жасайтыны кеңінен сөз болды.

Л.Н.Гумилевтің еңбектері Қазақстан мен шетелдердің өзінде де азаматтық бірлік пен этникааралық келісімді бекіту үшін маңызды болып табылатын толеранттық рухын сақтайды. Әлем елдерінің көбінде оның еңбектеріне деген ғылыми және қоғамдық-саяси қызығушылық артып отыр. Бұл оның интеллектуалдық мұрасының кеңінен, жан-жақты және объективті зерттелуінен көрінеді.

Форумға қатысушылар ғалымның шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау мен зерттеу мемлекетаралық қызметтестік жасауға, халықтар арасында өзара түсіністіктің тереңдеуіне, сонымен қатар еуразиялық континент елдерінің ықпалдастығын арттыруға мүмкіндік тудыратынын бірауыздан мойындады.

Л.Н.Гумилевтің ғылыми мұрасының зерттеу бағыттарына динамикалық және шығармашылық талдау жасай отырып, еуразиялық кеңістік мемлекеттерінің этномәдени, геосаяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени дамуына болжау жасау мақсатында, еуразияшылдардың маңызды стратегиялық принциптерін қарастыра отырып, төмендегідей шешім қабылдады.

«Еуразия ұлттық университетінде Л.Н.Гумилев атындағы толеранттылық кафедрасын ашу туралы ЮНЕСКО-ға ұсыныс жасау»; «Еуразиялық проблематикаға негізделген Лев Гумилев атындағы арнайы сыйлық пен конкурс ұйымдастыру туралы ТМД мемлекеттері МПА басшыларына ұсыныс жасау»; Бұқаралық ақпарат құралдарына «Мир» мемлекетаралық ТРК және басқа да БАҚ құралдарын пайдалана отырып, «Л.Н.Гумилевтің ғылыми мұрасы мен еуразияшылдық идеясын насихаттау мақсатында жобалар құруға мүмкіндіктер туғызу», «Л.Н.Гумилевтің ғылыми зерттеулері мен шығармашылығын насихаттауға кеңінен мүмкіңдіктер туғыза отырып, қазіргі еуразияшылдықтың идеялық-теориялық негізі мен қайнар көздерін қалыптастыру мақсатында халықаралық ғылыми қоғамдастыққа ұсыныс және жоғары оқу орны студенттері үшін «Гумилевтану» оқу курсын дайындау; барлық 61 мамандықтарда «Еуразияшылдық: теория және тәжірибе» курсын жүргізіп отырған Л.Н.Гумилев атындаы ЕҰУ-де құрылған «Еуразияшылдық: теория және практика» кафедрасының тәжірибесіне сүйене отырып, әлемнің түрлі жоғарғы оқу орындарында осы аттас кафедралар құруға ұсыныс жасау және Еуразия халықтарының тарихы мен мәдениетіне арналған мультимедиялық оқу кешенін жасап шығару; «Л.Н.Гумилевтің мұрасын зерттеу мақсатында біріккен пәнаралық жобалар жасап, оларды жүзеге асыру»; «Л.Н.Гумилевтің қолжазбалары мен тиісті түсініктемелердің негізінде оның Еуразия халықтарының тілдеріне аударылған еңбектерін баспаға беру жоспарын жасау»; «Л.Н.Гумилевке арналған халықаралық еуразиялық ғылыми академиялық мобильді «Eurasica» бағдарламасын жасауға мүмкіндік туғызу (ғылыми тәжірибелерден өту, оқытушылармен, зерттеушілермен, студенттермен, аспиранттармен, магистранттармен, докторанттармен өзара алмасу және т.б.).

Сондай-ақ, әлем ғалымдары қабылдаған қарарда тұрақты түрде жұмыс жасайтын ғылыми Еуразиялық алаң ұйымдастыру үшін «Үш жылда бір рет өткізілетін Л.Н.Гумилевтің ғылыми мұрасын зерттеуді дамыту мен қазіргі әлемдік ықпалдастық процестерді зерттеуге арналған халықаралық ғылыми конгресстер шақыру мүмкіндігін айқындау»; «Л.Н.Гумилевтің есімін мәңгілікке қалдыруға тұрақты түрде қолдау көрсету, оның өмірі мен шығармашылығына қатысты есте қаларлық орындар мен ескерткіштерді сақтау» секілді мәселелер бар.

Жиын соңында форумға қатысушылар ІХ Халықаралық Форумның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айрықша атай келіп, оның жоғары дәрежеде өтуіне күш салған Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ басшылығы мен қосалқы ұйымдардың жұмыстарына алғыс сезімдерін жеткізді.

Базарбек ТҮКІБАЙ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen + 19 =